«Баткен – ешқашан тәжік жері болған емес»
БІШКЕК. 15 ақпан. Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қырғыздың Баткен облысына қатысты жанжал туып кете жаздаған сияқты. Бұл туралы АКИpress хабарлады.
Талас Тәжікстанның Соғды облысы ішкі істер басқармасының бастығы, генерал-майор Абдулло Навджувоновтың кеше Қырғызстанның Баткен облысы туралы айтқан сөзінен шығып кетті. Бұған іле жауап қайтарған Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі төрағасының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы полковник Абдикарим Алимбаев: «Баткен ешқашан тәжіктікі болған жоқ, болмайды да. Бұл – атам заманнан қырғыздар тұратын ежелгі қырғыз жері», деді.
Осыған байланысты Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның елшісін шақырып алып, милиция генерал-майоры Навджувоновтың айтқандарының алаңдаушылық білдірді. Ал ол баспасөз мәслихатында «егер тарихты қопарар болсқ, бұрын Баткен ешқашан қырғыз жері болған емес. Менің ата-бабам қырғыздарды осы жерге әкеліп, оларға жер телімін берген, ал бүгінде бұл біз үшін проблемаға айналып отыр» деген екен.
Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі төрағасының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы полковник Абдикарим Алимбаев осыған байланысты өз ойларын АКИpress тілшісіне айтты. «Мен генерал-майор Абдулло Навджувоновпен таныспын. Біз шекаралық мәселелерді шешу үшін кездесіп жүргенбіз, соңғы рет 2019 жылдың 17 қыркүйегінде кездестік. Мен өз халқының тарихын, әлем тарихын білмейтін біреулер А.Навджувоновты адастырып отыр деп ойлаймын. Бірақ мемлекеттік органды басқарып отырған генералға жұртты арандату мен жанжалға шақыратын мұндай мәлімдеме жасау кешірімсіз. Мен де Ворух және Чорку территориялары толық Қырғызстанға жатады деп айта аламын. Бірақ біздің бәріміз территорияның кімге жататыны жайында мәселе көтерудің өте шетін және сезімге ойнайтын нәрсе екенін түсінуге тиіспіз», деді ол.