Бокстан Қазақстан құрамасы тізгінін Мырзағали Айтжанов қайта қолға алды
АЛМАТЫ. 6 қаңтар. Бүгін белгілі маман Мырғағали Айтжанов ресми түрде бокстан Қазақстан ерлер құрамасы командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Құланұлы Айтжанов бұл жолы команда басшылығы тізгінінен өз еркімен кеткен Қайрат Сәтжановты алмастырды.
Сәтжанов 2011-2019 жылдары Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болған еді. 2019 жылы ол еліміздің жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып бекітілді. Ал 2021 жылы оған ұлттық құрама тағдыры сеніп тапсырылды. Оның қарамағындағы Қазақстан боксшылары 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен Куба командасынан кейінгі (3 алтын, 2 қола медаль) екінші орын алды. 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында да екінші болды. Мұнда 3 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль алған қазақстандықтар 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға қол жеткізген өзбектерді алға жіберіп алды.
Мырзағали Айтжанов бұған дейін 2009-2018 жылдары құраманың бас жаттықтырушысы болып абыройлы қызмет атқарған. Оның жылдарында Қазақстаннан екі Олимпиялық ойындар чемпионы (2012 жылы – Серік Сәпиев, 2016 жылы – Данияр Елеусінов) шықты. Сол сияқты 2013 жылы әлемнің 4 чемпионын шығарса, 2017 жылы 1 боксшы алтын жүлде алды.
Мырзағали Айтжанов 1988 жылы Еуропаның жасөспірімдер арасындағы чемпионы атанды. Сол біріншілікте ол 4 шайқасын нокаутпен аяқтаса, 1 жекпе-жегін айқын жеңіспен бітірген болатын.