Мәскеудің бұрынғы раввині еврейлерді Ресейден қашуға шақырды
МӘСКЕУ. 31 желтоқсан. Мәскеудің бұрынғы раввині Пинхас Гольдшмидт еврейлерді Ресейден мүмкіндігінше тезірек кетіп қалуға үндеді. Бұл туралы The Moscow Mews хабарлады.
«Еврейлер кейін өздерін Ресей билігі Украинамен соғыстағы проблемалардың «бәріне өздерін кінәлі» етіп шығарғанша отыра бермей, елден мүмкіндігінше тезірек кетіп қалулары тиіс», – деді раввин Guardian газетіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «Ресей бұрынғы Кеңес Одағының жаңа тұрқына қайта оралып жатыр», онда «енді антисемитизм қайта өрши түседі». «Бірте-бірте темір шымылдық түсіріле береді. Мен осыған байланысты ресейлік еврейлерге қазір ең дұрысы бұл елден кетіп қалу деп есептеймін», – деп атап өтті Гольдшмидт.
Ол өзінің сөзінде Ресей тарихына көз жүгірткенде, «саяси жүйеге қауіп төнген кезде үкіметтің ылғи ашу мен ызасын еврейлер қауымдастығына қарай аудара салып келгенін» байқауға болатынын айтты. Бұл «патша заманында да, ақырында Сталин режимі кезінде де орын алған».
Гольдшмидт Украинадағы соғыс басталғасын екі аптадан кейін Ресейден кетіп қалған екен. Оның келінінің айтуына қарағанда, бұрынғы раввин өзіне билік тарапынан қысым күшейе бастағасын солай етуге мәжбүр болған.
Пинхас Гольдшмидт Цюрихте туған. Чикагода талмуд заңы саласында білім алған. 1989 жылы Ресейге келіп, 2022 жылы соғыс басталып кеткенше тұрған.