«Өмірде жақсы адамдардың көп екеніне көзім жетті»
Табысқа жеткізетін нәрсеге ұмтылма,
сенің өміріңнің мәні болатын нәрсеге ұмтыл.
Альберт Эйнштейн
АЛҒАШҚЫ АДЫМ, МЕРЕЙЛІ МАҚСАТ
– Ибадулла Дүйсенбайұлы, сұхбатымызды сіздің Қызылорда агротехникалық колледжінің директоры болып тағайындалуыңызбен құттықтаудан бастағым келіп отыр. Содан бері оншалықты көп уақыт өте қойған жоқ, сондықтан өзімнің қазіргі екеуара әңгімені жүргізушілік мәртебемді пайдалана отырып, сізге жаңа қызметіңізде сәттілік серік болуын тілеймін.
– Рахмет! Алла жарылқасын. Бұйрық осылай болып, келіп қалдық. Мен мұны өзіме көрсетілген үлкен сенім деп бағалаймын. Сондықтан сол сенімнің үдесінен шығуға ұмтыламын. Өзіңіз секілді тілектес болып жатқан жанашыр дос-жарандарым да көп. Олар да зор сенім артып отыр. Осының бәрі мені қайрай түседі ғой деп ойлаймын.
Шынымды айтсам, бұл оқу орнына екінші рет ұсыныс айтылғаннан кейін келдім. Облыстың сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев «бұл оқу орны Одақ кезінде жоғары еді, енді сол деңгейге көтеру керек» дегенді айтты. Аймақ басшысының сондай сенім көрсеткеніне ризамын. Ол кісі кезінде маған бұдан да басқа үлкен қызметтер ұсынды. Өзім білім саласынан шыққаннан кейін болар, агротехникалық жоғарғы колледжді жөн деп таптым. Енді сенімді ақтау мен үшін – үлкен сын. Аз ғана уақытта ұжыммен тіл табыстық, оның тарапынан қолдау көріп отырмыз.
– Сіздің негізгі мамандығыңыз мұғалімдік, педагог, оның үстіне ғалым адамсыз, философия ғылымдарының кандидатысыз. Олай болса, шынында білім ордасына өзінің орнымен, ретімен келіп отырсыз. Мұндағы жаңа жұмыстарды неден бастадыңыз? Агроколледждің қазіргі ахуалы мен келешегі, ондағы оқытушылар құрамы жөнінде не айтасыз? Оқу орнын бітірген түлектердің өмірде орындарын тауып кету жағдайы қалай?
– Агроколледждегі қызметімді осы оқу орнының базасы болып табылатын политехникалық техникумды ұзақ жылдар үлкен абыроймен басқарған Арғын Садықов ағамызға сәлем бере барып, батасын алып қайтудан бастадым десем де болады. Енді сөз ретінде айта кетейін, бұл оқу орны 1947 жылы «Қызылорда мелиоративтік техникумы» деген атпен ірге көтерген екен. Сол кездерден бері оны Пірәлі Қадырәлиев, Болат Ниязов, Мәжит Бекмұхаммедеов, Алексей Цой деген кісілер басқарған. Содан кейін тізгінді Арғын ағамыз алған. Сосын ғылым докторы, профессор, бүгінде Астанада абыройлы қызмет атқарып жүрген Нұрлан Құдайбергенов басшылыққа келді. Нұрлан Баязитұлының кезінде, 1997 жылы политехникум өзінің құрамына Қызылорда ауылшаруашылық техникумы мен Қызылорда теміржол техникумын қосып алып, оның материалдық-техникалық базасы біршама нығайды, сол уақыттан бастап ол «Қызылорда агротехникалық колледжі» статусы берілді. Ал 2003 жылы колледжге мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Исатай Әбдікәрімовтің есімімен атала бастаді. Содан бергі аралықта колледжге Мәжит Өтемұратов, Сұлтанбек Тәуіпбаев жетекшілік етті. Оқу орнына 2017 жылы «жоғары колледж» статусын алды.
Кешегі Кеңес Одағы кезінде базасы жасалған оқу орнының өзіндік дәстүрі мен тарихы бар. Типтік негізде салынған бұл оқу орнының 1800 студентке арналған 2 оқу ғимараты, 200 орындық жатақханасы, 200 орындық акт залы, үлкен мәжіліс залы, 99 оқу кабинеті, бірнеше зертханасы, 2 спорт залы, 1 тренажер атлетикалық залы, электронды оқу залы, жақсы жабдықталған кітапханасы, 150 орындық асханасы бар. Осындай айтарлықтай үлкен материалдық-техникалық базасы, 443 оқытушы, инженер-педагогтардан құралған құраммен жасақталған ұжымды басқарудың өзі бізден зор жауапкершілікті талап етеді.
Бүгінде ескірген материалдық-техникалық базаны жаңарту шаралары қолға алынып жатыр. Қазір бұл бағытта орасан зор жұмыстар қолға алынды. Осыған орай облыстық және республикалық бюджеттен тиісті қаржы көздерін қарастырып жатырмыз. Келер жылы бізде электр энергиясын жеткізуге, жылу-электр қондырғыларына және геологиялық лабораториялық кабинеттерді жабдықтауға республикалық бюджеттен 323 миллион бөлінді. Облыстық бюджеттен қаржы қарауға ұсыныс берілді. Бұл мәселе алда шешімін табатын шығар деген үміттемін. Енді базаны нығайтумен бірге, колледжде потенциалы жоғары, өндірістен хабары бар, заман талабына сай оқытушыларды іріктеу, тарту жұмыстарын атқару қажет. Қазір колледжді бітірген түлектердің облыс көлемінде өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішін «жақсы» деп бағалауға болады. Әсіресе, электрик, құрылысшы, теміржол мамандары, агрономдар, ветеринарлар, мұнай-газ мамандары сұранысқа ие болып тұр. Бұл мәселе жөнінде де замана сай, нарық сұранысына ие мамандықтар түрін жетілдіреміз.
– Бір кездері еңбек жолын мектептен, ұстаздықтан бастаған жас педагог қалай шенеунікке, мемлекеттік қызметкерге айналып кетті? Бұған не әсер етті? Бәрі неден басталды?
– Әңгімені әріден бастайын. Мектепте оқып жүрген кезімде менің күйттеген, ұлық тұтқан, қалаған мамандығым инженер-құрылысшы болатын. Бала кезімнен өзім соған бейім едім. Үйде қабырғаларға, шкафтың ішіне қала, аудан суреттерін салушы едім. Қағазды да ұдайы шимайлап отыратынмын. Байқап тұрсам, сонда салатынларым – кілең көп қабатты, жасыл желек шамылған үйлер екен. Негізі, құрылысқа қызыққанмын ғой. Сөйтіп жүріп, өзімнің үлкейгенде міндетті түрде құрылыс маманы болатынымды анықтап алдым. Осылайша 1974 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға барып, политехникалық институттың азаматтық құрылыс факультетіне құжат тапсырдым. Мұнда конкурс өте жоғары екен, бір орынға 25 талапкер таластық. Сол кездері маған бір бейтаныс кісілер кездесіп, ешқандай конкурсы жоқ, түсіп кетуге болатын мұнай-газ факультетіне баруға кеңес берді. Бірақ ол уақытта біз мұнайшы дегенді онша біле бермейміз, дәл бұл мамандыққа ықыласым ауа қоймады, айдалада май-май болып жүретін сияқты болып көрінді, сосын бұдан бірден бас тарттым. Арада он бес жылдай өткеннен кейін мұнайшыдан бай халық болмайтынын ол заманда мен қайдан білейін.
Бірақ құрылыс факультетінде жолым болмады, алғашқы сынақтарды жақсы тапсырғаныммен, үшінші емтиханда сүріндім. Амалсыз ауылға қайттым. Келсем, сыныптастарымның біразы теміржол жұмысшыларын жабдықтайтын «ОРС НОД-12» деген мекемеге жұмысқа тұрып жатыр екен, мен де көп кідірмей, солардың қатарына қосылдым. Сол жылы ДОСААФ деген мекеме ашылыпты, жұмыстан кейін, түн мезгілінде соған барып, бір жағы жүргізушілікті оқи бастадым. Теміржол жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде бір жылдай жұмыс істегесін, келесі жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетінің физика бөліміне құжат тапсырдым. Бұл жолы бірден жолым болып кетіп, оқуға түстім. Бұл мамандықты таңдау себебім, ол маған құрылысшы мамандығына ұқсас болып көрінді. Мұнда да сондағыдай есеп бар, сызу бар. Оның үстіне, осы оқу орнында декан болып қызмет атқаратын нағашымыз Нұрлыбек Жүнісов елден алысқа кетпей, ауылда, әке-шешемнің жанында, оларға қолғанат, соңымнан ерген бауырларыма қамқор бола жүріп, осында оқуыма кеңес берді. Сосын мен де қабырғаммен кеңесе, әке-шешеммен ақылдаса келіп, бұл ұйғарымды дұрыс деп таптым. Бұған кейін әсте ешуақытта өкінген емеспін.
1979 жылы институтты бітіріп, жоғары білім алып шықтық. Жолдама берілер кезде маған: «Сен қаланың баласы екенсің, сондықтан сені мұнда қалдыра алмаймыз, бірер жыл болса да, аудандардың біріне барып жұмыс істеп қайтуың керек» деді. Ал қай ауданға бару мәселесін өзім таңдауға тиіс болдым. Содан өзімнің тобымда оқитын курстастарымнан қай ауданға бару керек екенін сұрастырдым. Сонда олар маған Шиелі ауданына баруға кеңес берді. Олар мұны аудандағы елді мекендердің бәрінің орталыққа жақын орналасқанымен, Қызылордаға да оншалықты қашық еместігімен түсіндірді. Сол кеңестер ықпалымен тамыздың аяғында таңертең автобуспен Шиелі кентіне жол тарттым. Жолда бара жатқанда «Бәйгеқұм» деген ауылдың үстінен өттім. Сосын «Осы «Бәйгеқұмға» сұрануым керек шығар, себебі, маған үйге қайтып тұру үшін ыңғайлы екен» деп ойладым. Бірақ әдепкі күні аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жағыппар Зермұхамедовтің алдына кіру мүмкін болмады. Себебі, мен сияқты оқу бітіріп келіп жатқан түлектер де, аудан мұғалімдері арасында мектептен мектепке ауысып жатқандар да көп болып шықты. Меңгерушінің алды солардан босамады. Кешке амалсыз автобусқа отырып, Қызылордаға қайттым. Өйткені, Шиелінің өзін бірінші рет көріп отырған менің мұнда барып қонатын танысым да жоқ еді. Ертеңіне тағы да азанғы 6-40-та автобусқа отырып, ауданға келдім. Бұл күні де кешегідей ығы-жығы кезек күтушілердің қарасы қалың көрінді. Түс әлетінде оқу бөлімінің меңгерушісі кабинетінен шығып кетіп бара жатып, қабылдау бөлмесінде отырғандарға өзінің бүгін жұмысқа қайтып келмейтінін, бір шаруалармен кетіп бара жатқанын айтты.
Мұны естігеннен кейін мен Жағыппар Сматұлының соңынан жүгіре шықтым. Ол кісі көшеге шыға бергенде жетіп алып, өз жайымнан хабардар еттім. Соны жеткізіп болып: «Егер физика пәнінің мұғалімі сіздерге керек болмаса, маған онда открепление жазып беріңіз, мен қалаға біржола қайтайын», дедім. Жақаң күнде келіп, әуре болмай, кадр бөліміне құжаттарымды тапсырып кетуге кеңес берді. «Сосын өзіміз хабарласып, шақырып аламыз», деді ол. Мына сөзден кейін көңілім жайланып, кері бұрылып, оқу бөлімінің кадр жөніндегі инспекторына керекті қағаздарымның бәрін тапсырып шықтым. Содан кейін жақын маңдағы автовокзалға келіп, автобустар қозғалысы кестесін қарап тұр едім, ұзын бойлы, қапсағай денелі, аққұба келген, жүзі жылы, көзінен нұр төгілген, өңі сұлу үлкендеу кісі жаныма келіп жөн сұрасты. Ол менің ауданға жұмысқа тұруға келіп жүрген түлек екенімді біліп тұр екен. Фамилиямды сұрады. Мен айттым. Сол кезде тегіме мән берген ол кісі: «Қожасың ба?» деп сұрады. – «Иә». – «Мен де қожамын, – деді ағай. – Атым – Ханзада, фамилиям – Құнанқараев. «Алмалы» ауылындағы №181 орта мектептің директорымын. Сен «Бәйгеқұмды» неғыласың? Одан да бізге кел. Бізге де физик керек». Сөйтсем, ағам менің Бәйгеқұмға сұранғанымды да, мамандығымның физик екенін де біліп тұр екен. Мен келісе кеттім. «Онда сен алаңдамай, үйіңе қайта бер. Мына жақтағы құжаттарыңның бәрін өзім реттеп қоямын. Біздің үйде жатып, жұмыс істейсің. Қазір менімен бірге үйге жүр. Мектепті, үйді көріп, шай-су ішіп шық. Ауыл қашық емес. Автобусыңа дейін әлі 4-5 сағат уақыт бар. Кешке қарай жол бойынан өзім мінгізіп жіберем». Аяқ астынан мынадай жанашыр ағамның табылғанына қуанып мен тұрмын. Айтқанының бәрін қош көріп, соңына еріп жүре бердім. Сөйтіп, «Алмалы» ауылына келіп, мектепті көріп, ағайдың үйіне келдік. Ағамның жұбайы Тұраш апай да сол мектепте мұғалім екен. Маған бұл кісілердің ықыласы да, ауыл да ұнады.
Кешке қалаға қайтып кеттім. Ауылға оқу жылы басталар алдында бір-ақ келдім. Келсем, Ханзада ағай шынында менің барлық құжаттарымды реттестіріп қойыпты. Бірден жұмысқа кірісіп, сабақ беріп жүре бердім. Ұстаздық еңбек жолым осылай басталды. Келген кезде бірден байқағаным, балалардың көбі физика пәніне оншалықты қызыға қоймайды екен. Маған енді сол сеңді бұзу керек болды. Бұл үшін физика пәнінің үйірмесін аштым. Бірінші күні оған бір кластан 5-6 оқушы ғана жазылды. Содан «барына – береке» деп, жұмысты бастап кеттім. Үйірмеде бірнеше зертханалық жаттығулар көрсетіп, балалар қызығатын әрекеттер жасадым. Соңғы жағына қарай бірер күлкілі анекдот та айтып бердім. Оқушыларым мәз. Солардың әсері шығар, үйірменің келесі сабағына жазылушы балалар күрт көбейіп, класқа сыймай кетті.
Класс жетекшілік жұмысым да оңай болған жоқ. Маған бекіткен класта қатарынан 2 жыл қалған, сабаққа мүлде келмей жүрген бір бала бар екен. Бір себеппен мектептен кетіп қалып, қайта оралмай қойған ғой. Мен сол баланы қалайда мектепке әкелудің өзімнің бір мақсатым етіп алдыма қойдым. Сол оймен баланың үйіне күнде түнде барамын. Ол менің келе жатқанымды әлдеқалай бір себеппен біліп қояды да, қашып кетеді. Солай бірнеше күн бойы барып жүрдім. Бір күні түнде баланың кетіп бара жатқан жерінде соңына түсудің реті келді. Ол қашып барып, каналдың арғы бетіне тоқтады. Екеуміз екі жақта тұрып сөз сайыстық. Ақырында бала бергі бетке өтіп, қатар отырып, біраз әңгімелестік. Ол мектептен неге кеткенін, неге енді қайтып барғысы келмейтінін айтып берді. Мен де білгенімді жеткізіп, оны бері қайтарудың амалдарын жасап бақтым. Соңында бала менің уәждерім мен уәделеріме мойын бұрып, мектепке қайта баруға келісті. Мен мұны өзімнің мұғалімдік өмірімдегі ең үлкен жеңістерімнің басы деп есептеймін. Кейін мемлекеттік қызметте жүргенде де сол кездегі алған алғашқы тәжірибем, сынағым менің қалған өміріме айтарлықтай жүк болды, түрткі болды.
– Сіз айтып отырған Ханзада Құнанқараев өте жақсы адам болатын. Ол кісі көп жылдар бойы аталып отырған мектепті басқарды. Сол шамада менің әкем Қожамқұл Пірназаров аудандағы №150 «Ортақшыл» орта мектебінде директор еді. Олар ұзақ уақыт бір-бірімен әріптес болып, ағалы-інідей араласып тұрды. Мен де сол кезден бері бұл кісіні танушы едім.
– Менің бұл ағамнан алған тәлімім мен тәрбием көп еді. Мектеп директорының үйінде інісі есебінде тұруым, біріншіден, менің олардан үлгі алуыма мүмкіндік берді, екіншіден, педагогикалық ұжым соның арқасында мені өте жақсы қабылдады. Бұл менің өзіме өзімнің сенімім артып, ойдағыдай жұмыс жасауыма тікелей әсер етті. Бұл ұжымда оқушылардың алдында, ұжымның алдында, көпшіліктің алдында өзімді қалай ұстауды, қалай сөйлеу керек екенін үйрендім. Шын мәнінде бұл менің кейінгі өмір жолдарыма үлкен із қалдырған, жол бастап берген мектеп болды. Сол үшін мен өзімді Ханзада ағам мен Тұраш жеңгемнің алдында мәңгілік қарыздармын деп есептеймін. Расында мен азамат ретінде осы ұжымда қалыптаса бастадым. Ең бастысы, мен өзімнің шын ұстаз, педагог, мұғалім екенімді осы мектепте сезіндім, өзімнің жұмысыма деген құрметім мен қызығушылығым осы ұжымда қалыптасты. Бұл маған шабыт та, жігер де, ынта да берді.
Айтары жоқ, өзім де әрбір сабаққа барынша беріліп дайындалатын едім. Әлі есімде, сағаттың тілі таңғы 4-ті, кейде 5-ті соққанша қадалып отырып, келесі күннің тақырыптарын пысықтап отырушы едім. Ол кезде бүгінгідей интернет жоқ, керекті әдебиеттер де аз, соған қарамастан, өзімізге керекті материалдарды әр жерден қарастырып тауып алушы едік. Сол кездегі шабытым мен энтузиазмыма осы күні кейде өзім де таң қаламын. Бұл мектепте мен мұғалім ғана емес, азамат ретінде де қалыптасу жолына түскен едім.
– Онда неге сол мектепте қала бермедіңіз? Арада аздаған жылдар өткенде сол білім ордасының басшылығы да өзіңіздің қолыңызға тиетін еді ғой.
– Ханзада ағам аудандағы ең беделді деген оншақты директордың бірі болды. Бұл кісі «Алмалыдан» шыққан аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жағыппар Зермұхамедов ағамен өте бір жақсы адами қарым-қатынаста, сыйластықта еді. Кейін құдандалығы болды. Бұл кісілердің ықпалымен өсуге де болатын еді. Бірақ мен солардың бәрін біле тұрып, үйге қайтуға апсықтым. Себебі, үйдегі он баланың үлкені өзіммін. ЦКЗ-да жұмыс атқаратын әкем мен шешеме болысуым, қиындықтарын бөлісуім өте керек болды. Сыртта жүргенде менен отбасына оншалықты қайран болмайтынына көзім анық жетті. Сол себепті үйге ертерек қайтқанды жөн көрдім.
Қалаға қайту да оңай болған жоқ. Оқу жылы аяқталып, жазғы каникулға шыққан оқушыларды аудандық «Сыр ұланы» деген жаздық далалық пионер лагеріне апару керек болды. Ол тура біз тұрған «Алмалы» ауылының іргесінде, қарағаш пен жиде тоғайының арасынан шатыр-палата құрып жіберіп, ашқан лагерь екен. Су да жоқ, жатын орындар да дұрыс емес. Бұл мені қатты таңғалдырды. Соны арнайы мәселе етіп көтеріп, біраз дүрлігіс жасадым. Бұл білім бөліміне дейін жетті. «Не керек, №181-ден келген бір жас мұғалім шу көтеріп жатыр» деген әңгіме гулей жөнеліпті. Соңында бәрібір менің айтқаным жөн болып, бәрі қалпына келтірілді. Мен сонда дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушы әрі аға тәрбиеші болып, мұндағы тәртіптің жолға қойылуына, балаларға барынша қызықты болуына жұмыс жасадым. Тіпті тамаққа отырған балалардың қасық, шанышқылары бар-жоғына дейін тексеріп, қарап жүрдім. Бұдан бөлек, балалардың түнде саразбан сияқты жәндіктерден қалай қорғанатынына дейін үйрететін болдым. Сөйтіп жүргенде, қаладан анамның ауырып жүргені жайында хабар жетті. Осыдан кейін шұғыл жиналып, қайтатын болдым. Сол кезде менің біржола кеткелі жатқанымды естіген өз мектебімнің балалары көздеріне жас алып, жібергілері келмей жыламсырады. Бұл, әрине, мені қатты толқытты, бірақ қайтпасыма шарам жоқ еді. «Ағай, біз сізге бола осы лагерьге келген едік, мұныңыз қалай?» деген кезде өзімнің де көзім жасаурап кетті. Сол балалар қазірге дейін кездескен жерде сәлем беріп, иіліп тақ тұра қалады. Ұстаз үшін бұдан артық не керек?!
– Иә, сонымен Қызылордаға қайтып оралдыңыз…
– Қалаға келгенімде теміржол техникумы ашылып жатқаны туралы хабар жеткен, сонда қызметке тұратын да келісім болған. Бірақ физика пәнінен сабақ беретін оқытушы алынып қойылыпты. Мен сосын сол жердегі №144 мектепке орналасуға әрекет еттім. Мектеп қаланың іргесінде болғанымен, Сырдария ауданының білім бөліміне қарайтын еді. Онда Кәрім Досхожин деген кісі директор екен. Ол да қожа болып шықты. Бірақ ол мені бірден «бауырым» деп, қанатының астына ала салған жоқ, алдымен біраз сынаққа салды. «Қолыңнан не келеді? Не істей аласың?» деген сияқты сауалдардың астына алып, мені сыннан өткізуге әрекет етті. Сөйтіп, менің қабілетімді байқап көру үшін біраз сынап бақты. Әлі жазғы каникулдың кезі еді. Оқу басталуына дейін біраз бар. Маған ол кісінің әдепкі тапсырғаны мектептің паспортын көркемдеп жазу болды. Бұдан бөлек, түрлі суреттер салуды, кәсіптік бағдар беру кабинетін безендіруді жүктеді. Мен қаңылтырдан ойып, ортасын көк түспен бояп салып, айтылған паспортты тамаша етіп жасап апарып бердім. Ал кәсіптік бағдар беру кабинетінде плакаттық қаламұшпен жазулар жазып, оны да іліп қойдым. Бұл менің кішкентай күнімнен бар қасиеттерім еді. Мектепте жүргенімде «Құрылысшы боламын» деп, қалай суреттер салып, сызбалар жасап жүргенімде бағана айтып өткенмін. Мен осындай өнерімнің және тәлімгер-ұстаз Әбділда Қуанышова апайымыздың арқасында кабинетті жарқыратып жасап шықтым. Содан кейін мені директор жұмысқа қабылдады. Маған ол мектептегі физика кабинетін берді. Мен өзімнің қолымнан сурет салу, жазу келеді, кабинетті көрдім де, бәрін жаңартуға кірісіп кеттім. Сосын техникаға жақындығым бар, кабинетті 100 пайыз өзгертіп жібердім. Бір жерден басқарылатын эпидоскоп, кадеоскоп, роектор сияқты жабдықтарды орнаттым. Перденің жабылуы, кино сеансының жүруі бір жерден басқарылып тұрды. Бұдан басқа, белгілі физик ғалымдардың суреттері мен өміршең қанатты сөздерін жазып, жоғарыға іліп қойдым. Осының бәрі бір-екі айдың ішінде жүзеге асырылды.
Жаңа оқу жылында, алты айдан кейін Сырдария ауданы мектептері арасында физика кабинеттерінің байқауы болды. Сол байқауда менің кабинетім «ең үздік физика кабинеті» деген аталымды жеңіп алды. Сөйтіп, атым жан-жаққа танылып кетті. Сол кезде мені өздерінің мектептеріне шақыратын директорлар көбейді. Солардың бірі – Мәді Маханов ағамыз «Сұлутөбе» ауылындағы мектеп басшысы екен, өзіне алуға қатты құштарлық танытты. Бірақ мен әке-шешемнің қасынан ұзап кете алмайтын едім, сондықтан мұндай ұсыныстардың бәрінен бас тарттым. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлшара Рахметова апамыз да өзінің ризашылығын білдірді. Кейіннен аудандағы жұмысым жолға қойылып, мен халықтық педагогикадан озат тәжірибе мекмтебін басқардым. Содан соң менің тәжірибем облысқа таратылды. Оқушыларым олимпиадаларға қатыса бастады. Өзім сабақты өткізуде жаңашылдыққа бет бұрдым. Ол оқушыларды түрліше тәсілдермен қызықтыруға арналды. Осы бағытта мен облыс аудандарын аралап, әртүрлі мектептердегі сабақ беру тәсілдерімен таныстырдым, қасымда мұғалімдердің білім жетілдіру институтанын Махмуд Байжанов ағамыз болды. Бұл сапарлар маған оңайға түскен жоқ. Себебі, мен өзімнен жастары үлкен, тәжірибелі ұстаздардан асып түсіп, өзімнің жаңалықтарымның артықшылықтарын іс жүзінде көрсетуге тиіс болдым. Соның бәрі мені шыңдап, шынықтырды ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, жасым жиырмадан жаңа асқан мен үшін мұның бәрі өмірдің үлкен сабақтары еді.
– Сондай ұстаздық жолы табысты басталған жас педагог қалай шенеунікке, мемлекеттік қызметшіге айналып кетті?
– Әр нәрсеге бір нәрсе себеп болып жатады ғой. Біздің «Қызылжарма» елді мекені осы аралықта қалаға қосылды. Содан кейін «Жыл директоры», «Жыл мұғалімі», «Жыл тәрбиешісі» деген сияқты номинациялар бойынша конкурстар өте бастады. Мен сол конкурстардың сценариін жазып, өзім жүргізуші болып, біраз тер төктім. Осының арқасында әкімшілік қызметкерлерімен қарым-қатынас орнатып, ондағы жұмыстармен таныса бастадым, олар да мені тани бастады. Бір күні мен Наурыз мерекесінде мектептің бағдарламасын Нартай Бекежанов атындағы театрдың алдында көрсеттім. Ол көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны көрген қала әкімшілігі басшысының орынбасары Дариха Ақмағамбетова, бөлім меңгерушісі Мира Құрманбекова арнайы келіп, өздерінің ризашылықтарын білдіріп кетті.
Содан кейін көп ұзамай қалалық әкімшілік қызметкеріне конкурс жарияланды. Оған бес адам үміткер болып тіркелді. Солардың бірі өзім болдым. Мен ешкімді танымаймын. Бірақ маған да «қатыс» деген ұсыныс айтылды. Нәтижесінде конкурста мен жеңіп шықтым. Сөйтіп, қала әкімшілігіне қызметке келдім. Мұның алдында мектепте де баламалы сайлау деген болды. Сол кезде мектептің директорлығына ұсынылғанмын. бірақ сол кездері өзімді қолдаушылар көп болса да, одан бас тартқанмын. Себебі, маған «әзір жассың ғой, бізге қазір мына кісінің өткені керек еді» деген сияқты өтініштер болып жатты. Ең бастысы, ұжымның мен жөніндегі пікірі оңды болды, коллектив мені қолдады. Бұған сол әріптестеріме әрдайым жанашыр болып жүрдім. Оның үстіне, білімің жеткілікті болса, сені кім болса да қолдайды ғой.
Қала әкімшілігіне келгенде, мұнда негізінен орыс тілі қолданылады екен. Мен қазақ тіліндегі жазуларды, баяндамаларды жазып, көзге түсе бастадым. Басында мен мұнда консультант болып келген болсам, кейін біртіндеп сатылап өсе бастадым. Бірқатар уақыттан кейін маман-консультант, бас маман болдым, содан кейін қалалық спорт және туризм басқармасын басқардым. Жастар арасында полицияға қызмет көрсететін топ ұйымдастырдым. Оларға арнайы форма кигізіп, қолдарына куәлік беріп, түнгі рейдтерге шығарып жүрдік. Жастардың көп жиналатын жерлеріне барып, қылмыстың алдын алуды жүзеге асырдық. Кейін солардың арасындағы мықтылары ішкі істер органдарына қызметке алынды. Облыстық ішкі істер департаментінің басшыларымен сондай келісім болған. Біз бұл жастарға қоғамдық ақылы еңбектің есебінен айлық төлеп тұрдық. Жыл ішінде үздік танылған спорт ұжымдарын, вокальды-аспапты ансамбльдерді, жеке мамандарды, жас кәсіпкерлерді насихаттауда, басқаға үлгі етуде көп жұмыс атқарылды.
Осындай жанды жұмыстарымның нәтижесінде мен қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөліміне меңгеруші болып тағайындалдым. Сол уақытта қала әкімінің орынбасары қызметіне Бауыржан Омаров келді. Ол менің тәжірибеме қарап қолдау білдірді. Сөйтіп, біз бір-бірімізді толықтырып, бірлесе жұмыс атқардық. Түрлі ұлттық мерекелер бар, соларды өткізерде бір-бірін қайталамайтындай, халықты қызықтыратындай болуына қатты мән бердік. Қаланың безендіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Көшелерге бильбордтар мен флагштоктар ілу сол кезде басталды. Көптеген жағдайларда біз көпшілікке арналған шараларға театрдың режиссерлері мен әртістерін тартуды қолға алдық. Біз сол кезде ішкі саясат пен әлеуметтік мәселе бөлімі, онда 3 қызметкер ғана болғанымызбен, осындай әртүрлі шаралардан бөлек, тіл мәселесіне, спорт мәселесіне, өнерге – бәріне жауап беріп жүрдік. Сол кездерде түрлі саяси партиялардың бой көрсетіп жүргенінде де жақсы білесіз. Бізге олармен де жұмыс істеуге тура келді. Кейде түрлі митингтер өткізуге арыз-шағымдар түсіп жатады. Біз бұл мәселелерді шиеленістірмей, ақыл мен заң аясында шешіп отыруға тарыстық. Осылай мемлекеттік қызметшіге айналып кеттік.
– Ибеке, мен сізді өте көптен бері, 30 жылға жуық уақыттың мұғдарында білемін. Қазір қарап тұрсам, сіздің қызметтік жолдарыңыз кілең бір табандылықтан, төзімділіктен, жұмысқа берілгендіктен тұрады екен. Бұл жағынан сіз мемлекеттік қызметкердің өзіндік бір үлгісі, эталоны сияқтысыз. Мұндай ыждағаттылық бойыңызда қалай қалыптасқан?
– Мен егер «осы қасиеттердің бәрі бойымда болды» десем, артықтау шығар. Мен қарапайым жұмысшының отбасында он баланың үлкені болып дүниеге келдім. Біздің де балалық шағымыз көшеде асыр салып ойнаумен өтті. Бала кезімізде біз де алып-ұшпа, қызба болдық. «Сол кездері мінезім сабырлы еді, бәрін ойланып барып істейтін едім» деп әсте айта алмаймын. Біздің ұлы ұстазымыз – өмір. Қоғам өміріне араласып, қызмет ету барысында толысып қалыптаса бастадық. Менің өзіммен қызметтес болып жүрген әріптесімнің бір жақсы қасиетін, жақсы үрдісін байқасам, соны өз бойыма сіңіруге тырысып тұрушы едім. Шамасы, осылай біртіндеп қалыптассам керек. Дегенмен, біздің бойымызда да қызба мінез кездесіп қалатынын жасыра алмаймын. Мен күйгелек шығармын, кейде күйіп-пісетін шығармын. Бірақ жұртпен араласқан кезде бұларды білдіріп, сыр беріп қойып жатудың не керегі бар? Демек, әр адам қандай жағдайда да өзіне өзі барлық жағынан ие бола алуы керек.
Мінездің жақсы қалыптасуына мектепте жүргенімде №181 және №144 орта мектептер ұжымдарының үлкен ықпалы болды. Олар мені жас мұғалім ретінде жақсы көріп, бауырларына тартты. Осы кісілерден жақсы сабақ алып, әкімшілікке барғаннан кейін қала әкімінің орынбасары Дариха Ақмағамбетова, бөлім меңгерушісі Мира Құрманбекова, қасымдағы Қантай апамыз мені біраз тәрбиеледі. Осы кісілерден адамдармен, басшылармен сөйлесе білуді үйрендім. Осы кісілерден алған тәлімімнің нәтижесінде мен қызмет жолымен қалай өссем де, адамдарға деген қарым-қатынасымды ешқашан өзгерткен емеспін.
Қалалық білім бөлімінде жүргенімде Сейтқасым Жүнісов ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Кейін қалалық әкімдікке барғаннан кейін бір күні Сейтқасым Баяхметұлын бір жиналысқа шақыру керек болды. Бірақ мен кеше ғана қарамағында жүріп, енді әкімдікке барғасын телефонмен шақырып жатуды жөн көрмей, гороноға арнайы бардым. Мен барсам, онда жиналыс болып жатыр екен. Соның бітуін күтіп тұрып, соңынан Сейтқасым ағаға кірдім. Сонда ол кісі: «Сен енді қалалық әкімшіліктің қызметкерісің. Бұлайша арнайы келудің қажеті жоқ. Телефонмен-ақ айта бер», – деп өзі маған рұқсат берді. Ол кісінің орны ерекше еді. Кез келген жердің гүлі болатын.
Біреуді сыйлай жүріп, сыйлы болу. Осы қағидатты өмір бойы ұстанып келе жатырмын. Негізі, мұның жақсы жақтары көп. Сен өзің сыйлап, мерейіңді төгіп тұрсаң, кез келген мұзартты еріте аласың, өзің де сыйлы боласың. Бұл өзіңнің ықыласыңа бөленген адамдар үшін керек. Мен осындай тұжырымдардың аясында өзімді өзім ұзақ жылдар бойы тәрбиеледім ғой деп ойлаймын.
Қазіргі сыйласып, араласып жүрген достарымның арасында үлгі алатындай жақсы жігіттер жетерлік. Егер олардың бойларынан әлдеқандай жағымсыз нәрсе көре қалсам, оны өзіне оңашада айтам. Кейбіреуі мұны дұрыс қабылдап, одан қорытынды шығарып жатады. Ал кейбірі оншалықты қабылдай қоймайды. Бұл жағдайда мен оны еш қайталап айтпаймын. Бойында керемет мінез, ақыл болса, ол сенен кіші болса да, адамға үлгі бола алады.
– Сіз бұған дейін қала әкімінің орынбасары, мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет еттіңіз. Бұл кезең сізге не берді, неден ұттыңыз?
– Аталып отырған қызметтердің қай-қайсысы болса да, мені өмірде біраз шыңдады деп ойлаймын. Әр қызметтің өз орны бар. Менің әдепкі ұзақтау атқарғаным қалалық мәслихаттың хатшылығы болды. Сол кездері бір күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шақырып алып, өзіне «Нұр Отан» партиясы төрағсының бірінші орынбасар болуды ұсынды. Менің өмір жолымдағы ең бір есте қалатындай кезең осы партия басшылығында өтті. Олай болатыны, қалалық мәслихатта не істесең де, өзің атқара беретін едің, жоғарыдан қарап, бақылап, басшылық жасап тұрған ешкім жоқ. Ал «Нұр Отанда» бәрі басқаша. Сен мұнда барлық жұрттың назарындасың. Сосын партия республикалық болғаннан кейін ұдайы жоғарыда бақылау болып тұрады. Облыс әкімі төраға ретінде үнемі ісіңе араласып, тапсырма беріп отырады. Демек, сен мұнда өзіңмен өзің қала алмайсың. Сен жай жұмыс жасап қоя салмай, өзіңді, өзіңнің деңгейіңді, филиалдың деңгейін республика деңгейінде көрсете білуің керек. Бұл жерде бір жағынан жұмысыңның ауқымы кең болады, өйткені, партияның араласпайтын саласы кемде-кем. Екінші жағынан жауапкершілігің жоғары. Үшіншіден, бұл салада өмірлік тәжірибе жинауға зор мүмкіндіктер беріледі. Себебі, партияның облыстағы барлық бірінші хатшы орынбасарларының телефондары бар. төрағаларының бәрі кезінде абыройлы қызмет істеген, қазір облыс басқарып отырған кісілерден құралады. Міне, олармен тең дәрежеде сөйлесе білу үшін осы кезге дейін алған біліміңді, жинаған тәжірибеңді көрсетуіңе, пайдалануыңа тура келеді. Менің жан-жақты өсуіме осы кезеңнің көп көмегі болды ғой деп ойлаймын. Демек, менің бұл қызметтерден ұтқаным өте көп.
– Шамамен сол тұста «Нұр Отан» партиясы республикалық ұйымын төрағаның бірінші орынбасары ретінде Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарды.
– Рас айтасыз. Мұхаңның өзі бір мектеп қой. Ол кісі біздің Қызылорда облысын басқарған жылдары мен қала әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. Ол бүкіл Сыр елінің мақтанышына айналған әкім болды. Тікелей қарауында істемесек те, біз Мұхтар Абрарұлының қамқорлығын сезініп жүрдік. Ол қай жағынан келгенде де, өте іскер, білікті, білімді адам ғой, одан үйренген нәрсеміз өте көп болды. Ал партияны басқарған кезеңінде көп реттерде тікелей тапсырмаларын орындап тұруды орайы келді.
Бір жолы Мұхаң селекторлық мәжіліс өткізіп, облыс аудандарының бірнеше әкімі ол кісінің алдында сөйлейтін болды. Бәрінен бұрын мен тізгінді алып, «Сізге өте жоғары ыстық ықыласпен қарайтын Сыр елі атынан сөйлеп тұрмын» деп сөз бастағанымда, Мұхтар Абрарұлы сөзімді іліп әкетіп, өзім туралы да біраз жақсы лебіз білдіріп өтті. Бұл менің көңіл күйімді де, абыройымды біраз көтеріп тастады. Мұхаң, негізі, бұлайша адамға қолдау көрсетіп тұруға жақын еді. Ол өз сөзінде: «Мен де Сыр еліне үлкен құрметпен қараймын. Бұрын қала әкімінің орынбасары болған Ибадулла Дүйсенбайұлы үлкен жұмыстар істеді» деп мәртебемді көтеріп тастады. Әрине, жұмысқа жаңа келіп жатқанда басшымыздың бұлайша баға беруі мені қатты толқытып жіберді. Бұл менің өзіме деген сенімнің артып, жігерлене жұмыс істеуіме кәдімгідей дүмпу берді.
Бұдан кейін Мәулен Әшімбаевпен бірге жұмыс істестік. Жұмыс барысында Мәулен Сағатханұлының да өзіндік мектеп екеніне көз жеткіздік.
БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАЛҒАН ЖОЛ
– Сіздің Қызылорда қаласының түбінде туып-өстіңіз. Былайынша айтқанда, түпкілікті қызылордалықсыз. Демек, бұл қаланың сонау өзіңіздің бала кезіңізден бергі өсу жолдарын өте жақсы білесіз. Оның өсу кезеңінің қай жылдары сіз үшін ыстық көрінеді?
– Біздің бала кезімізде «Бір өзі комбинаттың жарты қала» деп келетін ән айтылушы еді. Ол – бұрынғы ЦКЗ. Ал ән «Қызылорда вальсі» еді. Мұны айтып отырғаным, біз сол целлюлоза-картон комбинатының түбінде, сол комбинат жұмысшылары үшін салынған «Гагарин» поселкесінде туып-өстік. Кенттің бұрынғы аты «Пенский» еді. Олай болатын себебі, картон шығаратын ағаштарды жаңқалап, суға бұқтырғанда, көбіктеніп тұратын. Кейін Юрий Гагарин космосқа ұшқаннан кейін бұл поселке «Гагарин» атана бастады. Әке-шешеміз осы комбинатта жұмыс істеді. Комбинат жанында №6 жылу-электр орталығы тұратын. Ол әлі де бар. Біздің бала күнімізде сол орталықтың алдында үлкен көл болатын. Біз сол көлдің айдынын тізеге дейін кешіп барып, қармақ саламыз. Сонда небір ақ бауып, қызыл сазандарды ұстайтынбыз.
Неге «Бір өзі комбинаттың жарты қала» болатыны да бізге белгілі. Ол кезде қазіргі «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандары жоқ. Бұл маңай қыста, көктемде су тасығанда айдын болып жататын аумақ еді. Біздің «Гагариннен» кейіне ары қарай «Шымбай» мен жақ қазіргі «Халық банк» орналасқан жерге дейін келесің. Ал қаланың келесі шеті «ДЭУ» аталатын ауданмен аяқталады. Бүгінгі Диагностика орталығы тұрған жердің арғы жағында үй жоқ. Сондықтан шынында комбинаттың бір өзі жарты қала сияқты болып көрінетін.
Біз үшін, әрине, Қызылорда кәдімгідей қала еді. Бірақ Алматы сияқты шаһарлармен салыстырғанда, ол кішкентай ғана елді мекен сияқты болып көрінетін. Балалық шағымда біз Алматыда тұратын анамның сіңлісінің үйіне жиі қыдырып барып тұратынбыз. Сонда республика астанасын әр көріп қайтқан сайын өзімнің Қызылордамның сондай болуын армандап қайтушы едім. Неге сондағыдай үлкен үйлер болмайтынын ойлап, қапа болушы едім. Әлі есімде, қалада екі қабатты «Рахат» атты гастроном салынғанда, қатты қуанып едім. Ол – бүгінгі «Каир» мейрамханасы.
Әрине, ол кездегімен салыстырғанда, қаламыз көп өзгеріп кетті, көлемі де ұлғайды. Бұрын қаланың бір мүйісінде жақсы бір нәрсе істелсе, ертеңіне соны қирату, бүлдіру орын алып жатушы еді. Қазір ол жоқ. Мұның өзі қала халқының, жастардың сана-сезімдерінің өскенін білдіреді. Біздің жас буынның санасы қаланың дамуымен бірге өсіп келеді. Бүгінде қала жұртшылығы тазалыққа да айрықша мән береді. Бұрынғыдай қоқыстарын көшеге төге салу, бір нәрсені ластап кету, сындыру көшеге әрдеңенің қалдығын қалдыру деген мүлде жоқ. Скверлер мен орындықтарға шекілдеуік шағып, оның қабығын шашып кете салатын адамды көрмейсің. Демек, бұл біздің мәдениетіміздің де өсіп келе жатқанын да білдіреді. Бұл – қуанышты жағдай.
– Сіз қалалық құрылымдарда ұзақ жылдар қызмет еттіңіз, көптеген әкімдердің қарауында жұмыс істедіңіз. Сізге қай әкіммен жұмыс жасасу оңай немесе жақсырақ болды?
– Мен қала әкімшілігіндегі жұмысымды Әбдіржан Қалыбаевтың кезінде бастадым. Ол кезде әкімнің лауазымы «глава» деп аталатын. Кейін «әкім» деп атала бастады ғой. Сол уақыттары Әбдіржан ағаның қарапайымдылығы, кеңдігі, анау-мынауды елей бермейтін марғасқалығы оның қарауында істейтін барлық қызметкерлерге ұнайтын. Ол кісі жалпы тапсырма беріп, соның орындалуын мұқият қадағалап отыратын. Ұсақтық, тырнақ астынан кір іздеушілік онда жоқ-тын. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Дариха Ақмағамбетованың да тәрбиесін көрдім. Ол бір уақыттың қиын кезі еді. Не нәрсені қолға алсақ та, ол бірінші рет жасалып тұрған болып шығады. Соған қарамастан, бәрін ойдағыдай, көптің көңілінен шығатындай етіп жасауға ұмтыламыз. Халықтың да жағдай онша жақсы емес еді. Күнде әкімнің қабылдау бөлмесінде кезекшілікте отырамыз. Қала тұрғындары атынан келіп түсіп жататын шағымдарда есеп жоқ. Бір үйге су бармай қалады, бір үй жылудан қағылады, тағы үйлердің жарықтары өшіп қалып жатады. «Жедел жәрдем» келмей жатыр» деп қоңырау шалатындар шексіз. Бұдан да басқа проблемалар шығып тұрады. Жұрт наразы. Бірақ солардың бәрінің көңілдерінен шығып, алға қойып отырған жайттарын тез шешіп беруге әкімшілік үлгілі жұмыстар жасады.
Сол уақыттан бері, қазіргі Нұрлыбек Нәлібаевқа дейін қалада 11 адам әкім болған екен. Мен солардың ішінде тек Қожахмет Баймахановпен ғана істес болмаппын. Себебі, ол кезде облыс әкімдігінде ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімін басқарып жүрдім. Ал қалған әкімдердің бәрімен қызметтес болдым, қарауларында жұмыс істедім. Қай әкім болса да, өз тұсында қаланың өсіп-өркендеуіне өзінше үлес қосты. Себебі, мұнда кім көрінген келе салмайды, сыннан өткен азаматтар келеді. Мысалы, Қалыбаевтан кейін келген Жарылқасын Шәріпов соңында біраз із қалдырды. Адал еңбектің үлгісін көрсетті. Қаланы қиындықтан алып шықты. Содан кейінгі Бақберген Досманбетовтің де еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі қала көшелерінің атымын түзетіп, кеңейтуді бастап беріп кетті. Айта берсек, мұндай оң ықпалдарды барлық әкімнің тарапына да айта алар едік. Айталық, Қожахмет Баймаханов қала көшелеріндегі ағаштарды алып тастап, оны кеңейтіп жатқан кезде наразылық білдірген жұрт аз болған жоқ. Бірақ айналып келгенде, содан кейін бәріміз де ұттық. Егер сол көшелер сол уақытта кеңейтілмегенде, бүгінде олардың бойларымен машина тасқыны жүруі мүмкін болмай қалар еді. Бұдан кейінгі Мұрат Үдербаевтың, Айтбай Көшербайдың, Имамадин Оңғарбаевтың, Серік Қожаниязовтың, Мархабат Жайымбетовтің, Мұрат Ергешбаевтың, қай-қайсысын алсаң да, қаланың өркендеуіне, жағдайын жақсартуға өзіндік үлестерін қосып кетті. Ал қазіргі Нұрлыбек Нәлібаевты алатын болсақ, ол шын мәнінде қаланы түбегейлі өзгертуге қатысты көптеген жұмыстар атқарды.
Мен еш уақытта да өзімнің өміріме қатысы болған, өзімді шыңдау мен тәрбиелеуге қатысы болған адамдарды ұмытқан емеспін. Ол менің характерімде, болмыс-бітімімде жоқ нәрсе. Сол жылдары қала құрылысы керемет зор қарқынмен дами бастады. Бұл үрдіс Одақ тарқап кеткенше үзілген жоқ.
– Жаңа ғана сіздің балалық шағыңыз туралы кішкене сөз етіп өттік. Енді сол кезеңге қайта оралайықшы. Оның жарқын жаңғырықтары қай кезден бастап есіңізде сақталып қалды?
– Менің есімде қалғаны, ертелі-кеш көше бойында ойнап жүретініміз. Ол кезде көшеде асфальт жоқ, ылғи шаңы бұрқырап жатады. Ойнайтын ойындарымыздың түрі де көп. Соның ішінде футболды көбірек ойнайтын сияқтымыз. Әр мезгілдің өз ойындары бар. Көктемде «Красное знамя» деген ойынды қолға аламыз, қыстыгүні доптаяқ, яғни хоккей ойнаймыз. Жалпы, оншақты түрлі ойынымыз болды. Оларды ауа райының жағдайына қарай ауыстырып отырушы едік. Асық ойнаймыз. Жер батпақ болып кеткенде, тақыр әрі ық жерді тауып алып, ләңгі тебетінбіз. Біздің балалық кезімізді еске түсіретін мұндай нәрселер өте көп. Біз ойын да ойнап үлгеретінбіз, үйдің жұмысын жасап та жүретінбіз, сабақты да шет қалдырған жоқпыз. Жан-жақты шынығып өстік.
Ойынның бәрінен шаршап-жалыққанда, достарымыздың бірінің үйіне барып, жатып алып, ертегі не әңгіме айтысып кететінбіз. Көрген киномызды айтамыз. Бір бала әңгімесін бітіре бергенде, екінші бала сөз алады. Соларды тыңдап жатып, керемет рух алатынбыз. Тағы бір айта кететін жайт, қай үйге барсақ та, ондағылар бізді бір қонақ келгендей күтіп алатын. Бізді баласынбай, алдымызға дастархан жайып, тамақтарын беретін. Жалпы, ол кезде адамдардың бір-бірлеріне деген ықыластары керемет еді. Қонақ болып емес, бір-біріне айтпай бара салу, бұйырған асты ішіп, әңгіме-дүкен құру күнделікті шаруа еді.
– Осы күні әке-шешеңіз туралы ойлағанда, сіздің жадыңызға ең бірінші болып не оралар еді? Олар қандай адамдар еді?
– Менің анам Әсия Қожаназарқызы он екі баланы дүниеге келтірген. Менің алдымда бір қыз, менен кейін бір қыз кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті. Анам денелі кісі еді. Он алты жасында тұрмыс құрыпты. Әкеміз Дүйсенбай Құттықожаев жас кезінде жетімдікті көріп өсіпті. Өмір бойы қарапайым жұмысшы болды. Ағасы соғыста із-түзсіз жоғалып кетіпті. Бұл кісі мына «Амангелді» ауылында туған. Шешеміз «Талсуаттан» шыққан. Әкем – қожжан қожа болса, анамыз – пірзада қожа. Екеуі де – диуана ұрпағы. Менің ес білгелі білетінім – бұл кісілер өте еңбекқор еді. Шешеміз, мысалы, кезекті баласын туғаннан кейін бір-екі айдан кейін жұмысқа шығып кете беретін. Біз өзімізден кейінгі іні-қарындастарымызды бағып қала береміз. Әке-шешеміз жұмыстан келер алдында самауырға шоқ салып, шай қайнатып қоямыз. Сонда олардың сонша жерден келгендегі ішетіндері бірер кесе шай ғана, бұйырса нанға май жағып, жеп алады. Сосын қайтадан жұмысқа кетеді. Жұмыстан қайтып келе жатқандарында арқаларына отын іліп қайтады.
Анамыз балаларды тарықтырмай жетілдіру үшін кейде екі-үш жерде жұмыс істеп жүруші еді. Әкеміз мамамызға қарағанда, денесі шағындау кісі болды. Бірақ ол да бейнетке жақын адам-тын. Бір үйдің кесегін бір өзі құйып тастай беретін. Құдықты да жалғыз өзі қазып тастайтын. Үйдің есігін де жиі ауыстырып, бөлменің әр жағынан шығарып тұрушы еді. Құрдас-қатарлары сондайда: «Сен есіктің орнын ауыстыра бергенді қашан қоясың? Кейде келгенде үйге қайдан кірерімізді білмей тұрып қаламыз» деуші еді әзілдеп. Ол кісінің тағы бір әрекеті: азанымен тұрып, үйдің маңына су сеуіп қою болатын.
Анам да, әкем де пейілдерін кеңге салған кісілер еді. Институтта оқып жүргенде, ауылдан келген, басқа жақтардан келген курстастарым біздің үйден шықпайтын. Кейбірі тіпті үйде айлап жататын. Сондайда анам еш уақытта оларға қабағын шытқан емес. Қайта аузына тамағын тосып, өбектеп отыратын. Мұны бірге оқыған жігіттердің бәрі біледі.
– Ата-анаңыздан алған басты өнегеңіз бен өсиетіңіз қандай?
– Ата-анамыз бізді ең алдымен тәубәшілдікке үйретті. Не болса да шүкіршіл болуға баулыды. Соның нәтижесі болар, бәріміз де қанағатшыл болып өстік. Бар болса – тасымадық, жоқ болса – жасымадық. Не нәрсені де заңды нәрсе ретінде қабылдайтын болдық. Әкеміз бен шешеміз өздері ешқашан біреудің ала жібін аттап көрмеген кісілер еді. Олар бізден де соны талап етті. Адал болуға, таза болуға, әділ болуға, өтірік айтпауға үндеп отырды. Мұның бәрін олар ең алдымен өз өнегелері арқылы көрсетті. Балалардың бір-бірлеріне бауырмал, жанашыр болуларына қатты мән берді. Әке-шешелеріне қарамай кеткен біреулерді айта отырып, біздің ондай болмауымызды көздеді. Осының бәрі бізге сабақ болды. Әке-шешемнің осы тәрбиесі үшін мен олардың алдында мәңгі қарыздармыз деп есептеймін.
– Ибеке, біз қазақ болғасын, өзіміздің жетпіс жеті атамызға дейін түгендеп жүреміз ғой. Біз үшін бұл оншалықты ерсі емес. Ал сіздің қожа екеніңізді білеміз. Бірақ тегіңіздің тура пайғамбарымыздың өзінен бермен қарай жол тартатынын білмеген екенбіз…
– Иә, біз шынында Мұхаммед пайғамбар әулетінің тікелей ұрпағы болып саналамыз. Өзіңізге де белгілі, қазақ жеріне ислам діні мен ілімін тарату үшін VIII-IX ғасырларда Араб түбегінен бері қарай қаншама миссионерлер ағылған. Сол дүрмекпен бірге менің арғы бабаларым да Сырдың бойына келіп, ат басын тіреген. Бұл туралы біз бала күнімізден аталарымыз бен әкелерімізден көптеген аңыз әңгімелер мен қиссаларды тыңдап, қанығып өстік. Сол аңыздарға сүйенсек, біз ақиреттің ақырғы пайғамбарының інісі әрі күйеу баласы Әзірет Әлінің кейінгі әйелдерінің бірі, Рум патшасының қызы Ханафиядан туған Мұхаммед-Ханафия деген кісіден тарайды екенбіз. Бабамыздың Әбдіманап, Әбдіфаттах, Әбдіжаппар, Әбдіқаһар деген төрт ұлы болады. Кенжесі Әбдіқаһардан Әбдірахман мен Әбдірахим туады. Әбдірахимның ұрпақтары қазір «Қарахандықтар» деп аталады, олардың басым көпшілігі осы күндері Тараз түбінде тұрады. Ал үлкені – Әбдірахманнан әйгілі Ысқақ баб пен Әбдіжәлел баб шығады. Ұлдардың үлкені Ысқақ баб көп жылдар Шамда (Дамаск) патшалық құрады, ал кішісі Әбдіжәлел ауғанның Қорасан жеріне иелік етеді. Сондықтан ол кейін «Қорасан ата» атанды. Бұған қоса, кейін бетінде «қорасан дағы» да болған екен. Осы Қорасан атадан, яғни Әбдіжәлел бабтан біздің бабамыз Мәді қожа туады. Үлкен әулиелілігі мен көріпкелдігі арқасында ол бері келе «Диуана қожа» атанған екен. Сол Мәді қожадан Қожжан қожа, Қылыш қожа, Пірзада қожа, Бақмұхаммед қожа деген ұлдар өрбіген.
– Осы жерде ұлы бабаңыз Мәді қожа туралы тарқатыңқырап айтыңызшы.
– Көп жұрт оның қосымша атын «Дуана қожа» деп айтып, қатты қателесіп жүр. Шамасы, тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне байланысты солай шығып та кеткен шығар. Шынтуайтында, ол «Диуана қожа» атанған. Себебі, әулиешілдігі, көріпкелдігі өте күшті болған. Шығыс халықтарының тілінде «диуана» сөзінің «әулие» деген мағына беретінін бәріміз де білеміз. Ол кісі ақиқатында нағыз әулие, көріпкел, болжампаз, керек десеңіз, бір елдің тағдырын бір өзі шешіп кете беретіндей ықпалды адам болған. Бұған дәлел де, дерек те өте көп. Сондай көп қасиетінің бірі – ол баяғы Сүлеймен пайғамбар сияқты құстардың тілін білген. Сол себепті бабамыздың «Құсшы ата» деген де лақап есімі болған.
Тарихтан белгілі, 1723 жылы жоңғарлар жойқын күшпен қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, кейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген ат қалатын қанды қырғын орын алады. Қалмақ қонтайшысы Қалдан Церен содан 25 жыл бойы Түркістанды өзінің астанасы етіп отырады. Сол тұста ел ішінде мұсылман дінінің әсері әлсіреп, жұрт «боза» деген ішімдікке үйір болып, бұзылып бара жатады. Бұған қалмақ қонтайшысының тікелей себепкершілігі болады. Ол Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жер астындағы қылуетін өзінің қыз-келіншектермен көңіл көтеретін жын-ойнағына айналдырып жіберген екен. Мұның бәріне ашу-ызасы келіп жүрген Мәді қожа бабамыз содан бір күні қонтайшының күзетшілерінің көздеріне көрінбей, қылуеттен бір-ақ шыққан. Бабамыздың киік, бүркіт, жолбарыс тектес үш керемет бейнесі болыпты. Ол қонтайшы отырған жерге кіріп барғанда, қолындағы бүркіті шаңқылдап, жолбарысы айбат шегіп, Қалдан Церенге қарай ұмтылса, киігі дастархандағы мәзірлерінің бәрін тұяғымен шашып тастайды. Сол кезде сырттан қонтайшының қара мес деген дию тектес жыны келіп кіреді. Оған сол сәт бүркіт тап беріп, тысқа көтеріп алып кетеді. Содан кейін Мәді қожа бабамыз Қалдан Церенге қарап: «Неге дініме, тіліме зорлық қыласың? Оған сен тұрмақ, әлемді билеген Шыңғыс хан да қиянат жасамаған. Енді астыңдағы тағыңды алайын ба, жоқ басыңдағы бағыңды алайын ба, әлде қара жерге қазық қып қағайын ба?» деп ақырады. Сонда қонтайшы: «Дініңе де, тіліңе де еркіндік берлім. Менің бақытымның иесін босат, бүркітіңді шақырып алып кет», деп жалбарынады. Сол кезде бабамыз: «Жақсы. Онда өзіңді босатайын. Бірақ қара месің опат болды, оны бүркітім қақ айырып тастады. Енді есің барда еліңді тап. Сенің күнің өтті, бағың тайды» деген екен. Айтқанындай, Қалдан Церен бастаған жоңғарлар елден түре қуылып шығарылады.
Тағы бір мысал, Мәді қожа бабамыз бір сапарда жүргенінде Ауғанстанның Балх шаһарының әмірі Досмұхаммедтің қызына үйленеді. Одан Бақмұхаммед өмірге келеді. Мәді қожа осы жерде қалып қояды. Бақмұхаммед 14-ке келгенде, ол кенже ұлына: «Балам, мен Меккеге кетемін, сенің Сырдария өзені бойындағы Сығанақ деген қалада Қожжан, Қылыш, Пірзада деген ағаларың бар, анаң екеуің барып, соларды тауып алыңдар», деп тапсырады. Сөйтіп тұрып, сәлдесін, жүзігін, аса таяғын беріп, бұларды үш ағасына бөліп беруді аманаттайды. Ал өзіне шапан жауып қоштасады. Сонда Мәді қожа бабамыз алыстағы Сырдария өзені бойында қожалар әулетінің тағдыр талайы жақын уақыттарда шешілгелі жатқанын жақсы пайымдай білген.
Бабамыз Меккеге бара жатқан жолда үлкен бір жиынның үстінен шығады. Сөйтсе, сол төңіректің Бек деген еріккен биі той үстінде көңіл көтеретін түрлі шаралар ұйымдастырып, күлкіге қарық болып, біреулерді әжуалап, біреулерді сайқымазақ етіп жатыр екен. Олардың қатарына келіп қосылған Диуана қожаны байқап қалған Бек оны да кескесінге айналдырмақ болып одан: «Ей, бәлки, сен жауап берерсің, бұ дүнияның қызығы неде?» деп сұрайды. Сонда бабамыз ойланбастан: «Бұ дүниенің қызығы – ішпек, жемек, тышпақ» депті де жүре беріпті. Сонда Бек қарқылдап күліп: «Аузыңа осы кішкентай жерлерден басқа ештеңе түспеді ме?» депті. Көп ұзамай бидің ішкен-жегені бойына сіңбей, ас қорытылмай, іші желденіп, бірте-бірте үлкейіп, басынан асып, өзі шар секілді домаланып қалыпты. Сол кезде шеккен азабынан құлындағы даусы құраққа жетіпті. Бір кезде есін жиған ол: «Әлгі жиынға келген бейтаныс жолаушыны тауып әкеліңдер» депті. Сол-ақ екен, шабармандары шапқылап жүріп, Меккеге қарай бара жатқан жерінен бабамызды ұстап алып, кері қайтарып алып келеді. Диуана баба келген бойда домаланып жатқан Бектің ішін таяғымен түртіп тұрып: «Ей, бетбақ, осы кішкентай жерге бола шала бүлініп жатқаның не?» дегенде, бидің іші жүріп кетіп, жұртқа тағы масқара болыпты. Бірақ жаны азаптан құтылыпты.
Ал жанына анасын ерткен Бақмұхаммед әке аманатынан кейін көп ұзамай ұзақ жолдар бойымен жүріп өтіп, күндердің күнінде Сығанаққа да келіп жетеді. Келсе, бір топалаңның үстінен шығады. Қаланың бұрынғы патшасы қожаларды қатты құрметтеген екен. Енді сол кісі қайтыс болып, орнына баласы келіп жатқан көрінеді. Сол жаңа патша таққа отырған бойда қожаларға тиісіп: «Сендер әулие болсаңдар, шырпысыз от тұтандырыңдар, ол қолдарыңнан келмесе, бәріңді қырамын» деп жатыр екен. Сол үшін ортаға сексеуілді үйіп қойып, оны күкіртсіз жандыруға пәрмен беріпті. Осыған қырық күндік мәулет берген. Сол шарттың бітуіне екі күн қалғанда, Бақмұхаммед бабамыз келіп жетеді. Ол келген бойда ағаларын тауып алып, оларға әкелерінің аманатын табыс етеді. Сонымен, патшаның уәделі 40 күн мерзімі де бітіп, жұрттың бәрін манағы үйілген сексеуілдің маңына жинайды. Ал сырттан мұздай қаруланған әскер қоршап тұрады. Патша тағы да: «Шын әулие болсаңдар, мына сексеуілді шырпысыз тұтатыңдар» дейді. Сол кезде Бақмұхаммед бабамыз қалың сексеуіл бұтағының жанына барып: «Я һу» деп, үрлеп қалады. Сол-ақ екен, бұталар бірден бұтарлап жанып, лаулай жөнеледі. Бұған қатты қайран болған патша атынан түсіп келіп, бабамыздың қолынан сүйеді. Сол жерде ол мақсаты қожаларды қыру емес, олардың ерекше қасиеттерін жамағатқа көрсету болғанын айтып ақталады. Бұдан кейін бұл маңайдағы қожа әулетінің беделі қаншалықты жоғары көтеріліп кеткенін пайымдау тым қиын емес. Патша сол бойда Бақмұхаммед бабамызды бірден өзіне ақылшы-кеңесші етіп алыпты. Сол бабамыздың асыл сүйегі Түркістанға қойылған. Ал Қожжан, Қылыш, Пірзада бабаларымыз Сырдария ауданына қарасты «Жетікөл» ауылының аумағындағы қорымда мәңгіге дамылдап жатыр.
– Ал Мәді қожа бабаңыздың қайда жерленгені туралы пікірталас әлі тоқтамай келеді…
– Оныңыз рас. Бұған дейін көп жылдар бойы «бабамыздың асыл сүйегі біресе Меккеде жатыр, сонда барғаннан оралмаған» деген пікір басым айтылып келген еді. Бұған қоса, оның бейітін Созақтан, Түлкібастан, Қызылқұм қойнауынан іздеушілік кездесіп тұрды. Ал 1997 жылдан бері Түркістан маңайынан қарастырушылық басымдық алды. Сол Түркістанның маңайындағы «Құсшы ата» деген ауылды сол бабамыздың мүрдесі жатқан аумақ деп санаушылар жеткілікті. Бұдан қалды, Түркістанның жанындағы әртүрлі төбешіктерді көрсетушілік те ұшырасады. Бірақ мұның қай-қайсысын да дәлелдеп шығу өте-мөте қиын. Тіпті сүйегін шығарып, зерттегенде де, қолға ілігетін ешқандай ілік болмайды. Сондықтан мен мұны басы ашық, мәселесі шешілмейтін жай деп есептеймін.
– Ел ішінде Ысқақ баб пен Әбдіжәлел баб туралы шындыққа бергісіз аңыз әңгімелер көп. Солардың біразын біз де естіп жүрміз. Сіз өзіңіз сол бабаларыңыз туралы қысқаша не айта алар едіңіз?
– Әбдірахман бабамыздың үлкен ұлы Ысқақ бабамыз кезінде әрі батыр, әрі дарынды қолбасшы болған. Ол ислам дінін тарату жолында «Әзіреті Әлінің зұлпыхар қылышын» оңды-солды сермеген адам. Сол сапарда барын салған. Жорықтарының басым көпшілігінде жеңіске жетіп отырған. Сосын өзіне қаратып алған елдің бәрінде бірден имам тағайындап, ислам дінінің сіңіп, орнығуына жол ашып беріп жүрген. Ұлы баба 120 жылдай өмір сүрді деген дерек бар. Соның 76 жылында патшалық құрып, 30 жылын ислам дінін насихаттауға арнаған. Аңыздардың айтуынша, баба Куф, Шам және Сайрам шаһарларына қалаған уақытында ұшып барып, жұма намаздарына қатысып тұрыпты. Оның кесенесі Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған кентіне жақын жерде орналасқан. Ал атақты Қожа Ахмет Яссауи бабамыз Әзірет Әлінің – он алтыншы, Ысқақ бабтың тоғызыншы ұрпағы болып саналады.
Әбдіжәлел баб немесе Қорасан ата жөнінде де аңыздар өте көп. Ол да ағасы сияқты ержүрек батыр адам болыпты. Ол да бір жағы ислам дінін тарату жолында барын сарп еткен уағызшы болса, екінші жағы ат арқасынан түспеген жауынгер қолбасшы болған. Соғыста ешқашан жеңілмеген. Соның арқасында бір елден екінші елге өтіп, ислам дінін еріксіз қабылдаттырып отырған. Бізге дейін жеткен аңыздарға қарағанда, Қорасан атаға атқан оқ тимейтін, қылыштың жүзі дарымайтын болған. Сондықтан қалмақ батыры Өтеміс оны ұстасып жеңе алмасын біліп, оның ордасына бір кемпірді жансыз етіп жібереді. Сөйтсе, батырды тек памдат намазын ұйып отырған кезінде ту сыртынан келіп, қылыш ұру жолымен ғана жан-тәсілім етуге болады екен. Мұны әлгі кемпір бабтың әйелінен біліп алып, Өтеміске жеткізеді. Сосын жаулары Қорасан атаны кезекті памдатқа жығылып отырған кезінде шауып өлтіреді. Осылайша елді түгел өздеріне қаратады. Мұны естіген Ысқақ баб қалың қолын жинап барып, басқыншылардың быт-шытын шығарады.
Қорасан ата ел таныған әулиелігі мен керемет қасиеттері бар кісі болған. Аңыздың айтуынша, ол жұма күні түйеге мініп, Тотықұс аралынан Меккеге жетіп, памдат намазын оқып қайтып тұрған сыңайлы. Сол жылдары ұлы Хұсайын көк жүзінен салбырап көрініп тұратын қағбаны көшіріп әкелуге әкесінен рұқсат сұрайды. Әкесі баласының кереметін байқамақ болып, келісімін береді. Ұзамай баласы: «Әке, қағбаны әкеліп тұрмын, енді қай жерге түсірейін» деп келіпті. Әбдіжәлел далаға шықса, ұлы шынында қағбаны көтеріп тұр екен. Сонда Қорасан ата оған: «Балам, сені сынап көріп едім, әулиелігіңе енді сендім. Қасиетті қағбаны жерге түсірмей, қайтадан өзінің орнына апарып қой, мұнда аяқ асты болар», депті.
Тегінде Ысқақ бабтың ұрпағы Қожа Ахмет Яссауидің:
«Бабам Қорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін, ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді қылғайсың
Рахым ете гөр, бабам Қорасан!
Сексен шайхыны көрдім,
Тоқсан машайықты артында көрдім,
Қаһба, махалланың алдында көрдім.
Келген пәлеге дәп қыларсың,
Құл Қожа Ахметке жар боларсың,
Рахым ете гөр, бабам Қорасан!» – деп жалбарынуы тектен тек емес.
– Қазақ тағы үш жұртының бірі ретінде нағашыларын да түгендеп отырады. Сіздің нағашыларыңыз жөніндегі естелігіңіз қалай өріледі?
– Мен нағашыларымды өте жақсы көріп өстім. Бұған сол нағашыларымның өзі себепкер болды. Анамнан бастап, оның ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары – түгел жақсы адамдар еді. Олар бізге тіпті «жиен» деп қарамады, туған бауырларымен бірдей көрді. Мен осы өмірде адам болып, азамат болып жақсы қалыптассам, өмірден өз ортамды тапсам, соның бәрінде нағашы ағаларымның өз орындары болды. Мен сондықтан оларды өз жұртымнан бір де кем көрмеймін.
Нағашы атам Қожаназар деген кісі мықты бағбан еді. Кішкентай кезімізде олар тұратын «Талсуат» ауылына барып тұратынбыз. Есігінің алды сыңсыған бау. Жеміс ағаштарының неше түрі бар. Біз барғанда, шиені иіп, жерге байлап береді. Біз қолымыздағы шелекке толтырып, күніне әрқайсымыз 2-3 шелек тереміз, ілінгенін алып, тойғанша жейміз. Атам шиелерін базарға апарып сатып келеді. Біз үйге қайтарда костю-шалбар, киім алып береді.
Нағашы атам дін жолындағы адам еді. Бес мезгіл намазын құр жібермеді. Үйге арақ-шарап дегенді жолатпайды. Ол өте бір тазайын, табиғатты жанымен түсінетін кісі болып еді. Бұдан басқа, нағашыларымның арасында Нұрлыбек Жүнісов, Алтынбек Ерназаров атты ағаларым ғалым ретінде елге танылды. Біздің үйде әлдеқандай шара болса, соның бір жағын көтеріп ылғи нағашыларым жүретін. Себебі, өзі жетім өскен әкемнің ет-жақын туыстары аз болды. Шәрбек, Асылбек нағашыларымның қамқорлығын көбірек көрдім.
– «Мектепке бардым, ұстазды көрдім» деп басталатын ән болушы еді. Сіз де бір кездері мектепке бардыңыз, ұстаздардың алдынан өттіңіз. Сол жылдардан қалған қандай жақсы әсер бар? Ұстаздарыңыздың арасынан кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?
– Мен өзімнің бірінші сыныпта сабақ берген апайым Хадиша Серікбаеваны өте бір ризашылықпен еске аламын. Бұл кісі – Мұрат Тілеуімбетовтің, Бейбіттің, Кенжалының анасы. Ұстаздар күні болған сайын құттықтап барып тұрам. Сосын Ысқақ Қарқынбаев деген ағамызды да өзімнің мықты ұстаздарымның бірі санаймын. Одан кейін Роза Ыдырысқызы деген апамыз сабақ берді. Ал Ысқақ ағамыздың жұбайы Қаншайым апайымыз бізді мектеп бітіртіп шығарды. Тәрбие завучы Мэлс деген апайымыз бар-тұғын, өте қатал болды. Бірақ әділ еді. Мен мектепте мәнерлеп оқудан үздік едім, талай конкурстарға қатыстым. Соған орай ұстаздарымыз дайындап отырды. Біздің сурет салуға ынтамыз оянуына да бұл кісілердің зор ықпалы болды. Осы мұғалімдеріміздің арқасында жан-жақты болып өсуге мүмкіндік алдық.
– Өмірдегі ең басты ұстаздарыңыз кім? Өмір жолында жолыққан, жол көрсеткен кісілерден кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Мен өз өмірімде жақсы адамдарды көп кездестірдім. Сол үшін тағдырыма бек ризамын. Алдымен менің өмірге келіп, адам болып қалыптасуымда әкем Дүйсенбай Құттықожаев пен анам Әсия Қожаназарованың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Екеуі де өте жақсы адамдар еді. Екеуі бірдей күндіз-түні тыным таппай, жұмыс жасап, бізді асырап өсірді. Менің достарымның бәріне төрден орын беріп, әрдайым абыройымды асырып жүрді. Ал институтқа түсіп оқуыма нағашы ағам Нұрлыбек Жүнісовтің ролі өте зор болды. Институттан соң алғаш еңбек жолымды бастаған шағымда қамқор қолын созған Шиелі ауданының «Алмалы» ауылындағы №181 орта мектептің директоры Ханзада Құнанқараев, содан кейін жолымды жалғастырғанда алдымнан шыққан Сырдария ауданына қарасты №144 орта мектептің директоры Кәрім Досхожин ағаларымды әрдайым ризашылықпен еске алып жүремін. Бұдан кейін қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Сейтқасым Жүнісовті, сосын қалалық әкімшілікке келгенде, қолтығымнан демеген әкім Әбдіржан Қалыбаевты, оның орынбасары Дариха Ақмағамбетованы, бөлім меңгерушісі Мира Құрманбекованы ерекше құрметпен атаймын. Бұдан кейін қала әкімі болған Жарылқасын Шәріпов, Бақберген Досманбетов, Мұрат Үдербаев, Айтбай Көшербай, Имамадин Оңғарбаев, Серік Қожаниязов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев секілді ағаларым мен інілеріме құрметім шексіз. Облыстық әкімдікке қызметке келуіме ықпал еткен Бердібек Сапарбаевтың, екі облыс әкімінің орынбасары болған Нұрлан Ерімбетовтің, сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Бауыржан Омаровтың өзіме жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпақ емеспін. Соның ішінде марқұм Нұрлан бауырымды ерекше атап өткім келеді. Біз шын мәнінде онымен жақсы тіл табысып, жұмыс істестік. Оның тек өмірден ерте өтіп кеткені ғана өте өкінішті. Қайтыс боларынан үш-төрт ай бұрын маған өзі хабарласып, кезінде менімен жұмыс істесу өзіне де қызықты болғанын, өзінің менен де біраз нәрсені үйренгенін айтты. Ол кезде мен, әрине, оның көп ұзамай бақилық болып кететінін білгенім жоқ. Нұрланның өзі де өте білімді, жақсы жігіт еді.
– Балалық шақты бірге өткізген достарыңыз турасында не айтасыз? Олардың арасында әлі күнге дейін достық қарым-қатынаста жүргендері көп пе?
– Біздің бала кезімізде бір көшеде тұратын балалар бір-бірлерімен қатарластарына қарай дос болушы еді. Бір үйден он бала шығатын болса, солардың өзі басқа үйдегі он баланың арасынан өзімен құрдас балаларды таңдап, дос болатын еді. Сонда қалыптасқан достардың дені мектепке барғанда да кластас болып шықты. Кезінде біз бір сыныпты 36 бала бітірсек, көпшілігі жан-жаққа тарап кетті. Олардың көбімен кездескен кезде шұрқырасып қаламыз. Ал қалада қалған жеті-сегізіміз бір-бірімізбен байланыстамыз. Олардың арасында Бақыт Қалиев, Серік Бекенов, Мұхтар Бекжанов, Нұрлан Бетембаев, Хамит Әбішев, Абдрасулла Ешмұратов, Райхан Сүгірова деген достарымыз бар, отбасы болып араласып тұрамыз.
– Институтта бірге оқыған курстас достарыңызды да ұмыта қоймаған шығарсыз?
– Институтта бірге оқыған группаластармен де ұдайы араласып келеміз. Биыл бітіргенімізге 40 жыл толды. Соған жан-жақтан курстастар жиналды. Соңынан бәрін үйге шақырып, қонақ еттім. Олар жайған дастарханыма, ықыласыма ризашылықтарын білдіріп қайтты. Оларға да сол шынайы пейілдері үшін рахмет айтамын. Әлеуметтік желіде группаның арнайы чады бар, бір-бірімізбен байланыста болып тұрамыз.
– Жалпы, сіздің өмірде достарыңыз көп пе? Қандай адамды шынайы, адал дос деп есептейсіз?
– Құдайға шүкір, достар баршылық. Олар мектепте, институтта бірге оқыған түлектерден басталып, кейін бірге қызмет істескен жігіттерге жалғасып кетеді. Қызметтес болған жігіттер ара-тұра кездесіп қалып тұрамыз. Одан бөлек, ұдайы отбасы болып қатысып тұратын өз шеңберіміз де бар. Бәріміз бір-бірімізге адалмыз. Шынайы дос деген сол, ол саған ешқашан жамандық жасамайды, жаманшылық тілемейді, қолынан келсе, жақсы ақылын айтып, өмірде қолдау көрсетіп жүреді. Бағана теміржол жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде бір жылдай жұмыс істегенімді айттым. Солардың арасында да кездескенде шұрқырасып қалатын достарым бар. Меніңше, өмір де осынысымен қызықты.
– Өмірде сатқындықты, аярлықты, алдап кетушілікті кезіктірдіңіз бе?
– Өтірік айта алмаймын, ондай жағдай болған жоқ. Бәлкім, мектепте, институтта оқып жүрген кездерде мұндай бірлі-жарым фактілер орын алып қалған болуым мүмкін, бірақ олардың бәрі қазір ұмытылып кетті, ал кейінгі өмірде, қызмет етуім барысында кездескен емес. Бұған қызмет еткен ортамның өзінің ерекшелігі жол бермеген шығар. Ой өрістері жоғары болғандықтан, менің қызметтестерім арасында мұндай сатып келе салатын азаматтар болған жоқ.
– Кез келген ер кісінің өмірде ең бірінші сүйенері – оның жан жары, жұбайы. Сіз бұл жағынан бақытты сияқтысыз. Өмірлік серігіңізді қашан және қайда кезіктірдіңіз?
– Иә, ер жетіп, азамат атанғаннан кейін болашақ өмірлік серігіңнің кім болатыны туралы ойлай бастайсың. Тек өзіңе ғана емес, ата-анаңа қалай болып келетіні туралы да толғанасың. Институтта оқығанда, кіл қыздардың арасында жүрдік. Мектепке келгенде де қалың қыздың ортасына тап келдік. Солардың бәрін қарай жүріп, өзіңе лайықты болатын жарды іздейсің. Бірақ бірінің түр-келбеті келіскенімен, мінезі дұрыс болмай қалып жатады. Тағы бірінің тағы бір міні шығып қалады. Сосын тартынасың. Мен жұбайым Дәрікүлмен тіл табысқанға дейін бір қыздың жанынан табылып, онымен тағдырымды байланыстыруға әрекет етіп көргенім жоқ. Өзімді мұндай алып-ұшпа сезімнен, жылдам танысып, табысу синдромынан барынша аулақ ұстадым. Менің принципім де осы болды. Болашақ жарымды кездестіргенге дейін ешкімге етене жақын болмауды серт еттім. Өмірлік серігіме таза баруды мақсат тұттым.
Бұған қоса, өзім үйдегі он баланың үлкені болғасын, артымнан ерген бауырларыма – іні-қарындастарыма қамқор болатын, анама ұнайтын адамды іздедім. Бірақ, шыны керек, мектепте жүргенде, азаннан кешке дейін жұмыста болып, кешке тағы сабаққа дайындалу болып өтетін уақытымда менің қыз көріп, жар іздеп бағатын уақытым да бола қоймайды екен. Сөйтіп жүргенде, №144 мектепке ауысқасын жарты жылдан кейін мектеп директоры талай конкурстарға қатыстырып, біраз сынақтан өткізгесін, маған бітіруші бір 10-кластың жетекшілігін бердім. Себебі, ол сыныптың жетекшісі басқа мектепке ауысып кеткен еді. Жетекшілікті қолға алғаннан кейін класпен бірге көптеген жұмыстар атқарасың, кімнің кім екенін байқай бастайсың. Сол класта болашақ жұбайым Дәрікүл де оқушы еді. Сол кезде-ақ оның қақ-соқпен ісі жоқ, өзі салмақты, тиянақты, биязы, артық сөзге үйір емес қыз екенін бағамдап үлгерген едім. Бірақ қарауыңдағы оқушы болғаннан кейін оған пәлендей үміт артып, терең ойға бара бермейсің.
Арада бірер жыл өткеннен кейін Дәрікүлді көшеде кездейсоқ кездестіріп қалдым. Бұл кезде ол колледжде оқитын еді. Бұл кезде ол бойжеткен, ақыл тоқтатқан қыз. Екеуміз сөйлесіп тұрдық. Сонда барып мен оны ұнататынымды аңғардым. Бірақ сол сезімді жеткізу оңай болған жоқ. Кеше ғана оқушың, шәкіртің болған қызға сөз айтып, сезіміңді білдіру қиынға соғады екен. Дегенмен, қанша қиын болғанымен, сол сөзді қағазбен жеткізуге тура келді. Менің бұл пейіліме Дәрікүл де қарсы болған жоқ. Сөйтіп, екеуміз уақытты көп созбай, арада жарты жылдай өткенде, үйлендік. Дәрікүлдің сыпайы, ұяң болғаны сондай, үйленген соң да біразға дейін мені «ағай» деп атап жүрді. «Ағай, біреу келіп тұр» дейді, «Ағай, мынаны не істейін?» дейді. Ақырында мұны қайта-қайта айта жүріп қойдырдық. Осылайша өзінің оқушысына үйленген ұстаз болып шықтым.
– Ер жігіттің тағы бір жұрты – қайын жұрты. Осы «сыншыл жұртыңыз» сізге әлі сынай қарай ма?
– Мен қайын жұртым жағымнан да өте бай адаммын, бақытты адаммын. Қайын атам Өмірбек Қиясов деген кісі өте бір парасат-пайымы келіскен келімді адам еді. Жаны жайсаң, көңілі дархан деген анықтамаға келеді. Бұл кісі Керейт тайпасының белді руларының бірі – ойық аталығынан. Атамыздың әкесі Шолым деген кісі кешегі Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетіпті. Сол Шолымнан Темірбек, Өмірбек, Темірғали деген үш ағайынды жігіт өнеді. Өкінішке орай, атамыз қазір ортамызда жоқ. Ал енем Зейнеп Уәлиева сол кісіге сай қосылған нағыз жайсаң жан. Қазір Дәрікүл екеуміздің ата-аналарымыздан осы кісі ғана қалған. Бұл кісілер отбасында 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. Сол балалардың ең үлкені, «суының тұнығы» біздің Дәрікүл болып шықты. Енеміздің әкесі де соғысқа қатысқан. Бұл кісі қожа тұқымынан, соның ішінде сейіт қожа ұрпағы. Мен мұның бәрін өзімнің бір рушылдығымнан айтып отырған жоқпын. Менің ешқандай да рушыл емес екенімді қатар жүрген жора-жолдастарым мен әріптестерім жақсы білуге тиіс. Тек сөздің сыралғысында айтып жатырмын.
«Қайын жұрт» дегенде, ең алдымен осы кісілерді айтамын ғой. Менің тағы бір білгенім, атам да, енем де, қашанда жабыққанды жебеп, торыққанды елеп жүретін барынша қайырымды жандар еді. Олар ағайын-туысқа қамқор, пана, жетекші болуларымен әрдайым ерекшеленіп жүрді. Жұрттың бәріне қолдарынан келген көмектерін аямаушы еді. Асылы, өмір дегеннің өзі осындай кісілердің арқасында нұрланып, қызықты бола түседі ғой. Олар тұңғыш қыздарының өмірлік серігі ретінде мені де үнемі қастерлеп келе жатыр. Мен өзімнің осындай отбасына тап болғаныма шүкіршілік етемін.
Қайын жұртым маған «сыншыл» болған жоқ. Қайта үлкен қамқор болды. Біз Дәрікүл екеуміз үйленіп жатқанда, атамыз біздің кімдер екенімізді білгесін, «Олар жақсы адамдар» деп, қыздарының артынан қуғыншы жібермепті. Мен алғаш «Комсомол» елді мекенінде мектепте жүргенде олар сонда тұратын еді. Алғашқы баламыз дүниеге келгенде де, алғаш үй алғанда да, сол кісілердің қамқорлықтарын көп көрдік. Балаларымыз көбіне сол нағашыларының қолдарында өсті десек те болады.
– Өздеріңізден өсіп-өрбіген ұрпақ туралы да білгіміз келеді.
– Құдайдың бергені шығар, біз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Қазір бәрі де азамат атанып, үйлі-баранды болған. Суымның тұнығы – балаларымның үлкені Сәбира қызым 1984 жылы туған. Ол мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық академияны тәмамдады, қазір облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда бөлім меңгерушісі болып істейді. Төрт баласы бар. Екі қыз, екі ұл. Күйеу бала тама жұртынан, Тараз жақтың тумасы. Аты – Ерлан. Қыздарының алды Аружан, мектепте үздік оқиды. Қалған Елжан, Аяжан, Мейіржан деген балалары да жақсы тәрбие алып, өсіп келеді. Күйеу баламыз бесаспап, қолынан келмейтіні жоқ. Үйге келіп, бізге әрдайым қолғабысын беріп тұрады. Үлкен құдаларымыздың аты-жөндері – Сейдолла мен Сәнімкүл. Олар Алматының түбіндегі «Жетіген» ауылында тұрады. Одан кейін ұлым Сәбит, біз ол арқылы ошақты елімен құда болдық. Келінімнің аты – Ақбота. Кіші құдаларымыз осы қалада. Сәбит пен Ақботадан Жәнел, Аслан, Алина деген үш немереміз бар. Құдаларымыз – Әтімбек пен Айна. Кіші қызымыз Майра сарғасқа еліне келін болды. Күйеу баламыз Әлихан – облыстық прокуратура қызметкері. Құдаларымыз – Бақытжан мен Жамал. Майра мен Әлиханнан Абылай, Айбибі, Кәусар деген үш немереміз бар. Қызым Әл-Фараби атындағы университетті экономист мамандығы бойынша бітірді. Облыстық қазынашылық басқармасының бас маманы. Ал ұлым Қорқыт ата атындағы университетті бітірді, алдымен бакалавр, сосын магистр болды. Программист. Оқу орнын бітіргеннен кейін «КазТрнасГазда» сосын университетте істеді, кейін жолдамамен Мәскеуге барып, РУДН-ді тәмамдады. Сонда аспирантурада оқып, техника ғылымдарының кандидаты атағын алды. Елге келгенісн пейджи-доктор атағы берілді. «Айти» саласының маманы. Облыс әкімдігінде ақпараттық-технологиялар орталығының директоры.
– Сіз немерелеріңіздің болашағынан не күтесіз?
– Қазақта «Алдыңнан артың биік болсын» деген сөз бар. Қазіргі кезде немерелеріміздің жан-жақты өсулеріне бағыт-бағдар беріп, ертең солардың жеңісін көріп, жемісін жесек деген жақсы арман бар, құдай жеткізсе… Мен олардың ең алдымен халқына сүйікті, жақсы азамат болып өсулерін тілеймін.
ҒЫЛЫМНЫҢ ДА ТАРТЫЛЫС КҮШІ БАР
– Кандидаттық диссертацияңызды заманның қиын, талаптың күшті кезінде қорғадыңыз. Қандай тақырыпты зерттедіңіз?
– Әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік универститетте ізденуші болып, кандидаттық минимум тапсырдым. Тақырыбым «Мағжан Жұмабаевтың мәдениеттанушылық көзқарасы» болып аталды. Мектепте оқып жүргенде, мәнерлеп оқуды жақсы көретінімді айтып өткенмін. Ал Мағжанның өлеңдері маған алғаш көрген кезден қатты ұнады. Ол адамның ішкі жан дүниесіне үңілуі, жан дүниенінің ішкі сырын беруі арқылы мені қатты баурап алды. Мағжанның рухани мұрасы әрі бай, әрі жанрлық тұрғыдан сан алуан, әрі не сезімге, не ашуға тиетіндей образды, көркем болып келеді.
– Енді осы әңгімені тереңдетірңкіреп айтып беріңізші.
– Мен онда әңгімені қазақтың алғашқы романистерінің бірі, тұңғыш мағжантанушы Жүсіпбек Аймауытовтың сөзінен бастайын. Ол сол замандардың өзінде бұл ақынға: «Мағжан Жұмабаев талантымен де, табиғатымен де ешкімге ұқсамайтын дара тұлға. Ол сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл ұлт ақыны. Отырықшылыққа, зорлап-күштеушілікке, ұлттық артықшылыққа қарсы тайсалмай күрескен нағыз демократ, көпшіл, ұлтжанды халық перзенті» деген баға берген екен.
Мен де Мағжан шығармашылығына бекерден-бекер келе салған жоқпын. Оның поэзиясындағы психологиялық-философиялық иірімдер мені бірден баурап әкетті. Мағжан Жұмабаев – шын мәнінде поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның барынша пәрменді, қуатты, жігерлі қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.
Мағжан Жұмабаев – поэзия әлеміндегі нағыз жарқын да жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. Ол адамның сыртқы пішініне емес, ішкі иірімдері мен буырқаныстарына терең үңілген суреткер. Кезінде Мұхтар Әуезов ол туралы: «Мағжан – мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазған екен.
Расында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқи отырғанда өзі көп жырлайтын тылсым әлеміне еніп кетесің, таңғаларлық көңіл күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, ғажайып суреттер дүниесіне енесің, не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін мойындайсың.
Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестелеген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын сезбей қаласың.
Табиғатынан лирик Мағжанның шығармашылығында да махаббат тақырыбы ерекше орын алады. Негізі, оны ақын ретінде танытқан да осы махаббат туралы жырлары болатын. Бұл туралы кезінде Жүсіпбек Аймауытов «Ақын махаббатқа сенеді, жүрегі сезеді, махаббатсыз өмірде мағына бар деп білмейді. «Көңілді ашатын, жалынды басатын, жалғыздыққа, зарыққанда, талыққанда жүрекке ем болатын жалғыз ғана махаббат, адам шын сүйсе, махаббат жүректі жыралайтын тікенек! Жар сүйсе жүрек жазылады, сүймесе өледі, махаббат – бір тәтті у, дүниенің у-шуы махаббаттай күшті әсер бере алмайды» – міне, ақынның махаббатына көзқарасы. Бірақ махаббатты мәңгі деп ұқпайды. Кейде махаббат тез сөніп қалуға мүмкін деп қарайды» деген ойды түйдектетіп жеткізген.
Бұл рас. Енді қараңызшы:
«Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың – қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да».
Қандай эксперссивті екпін. Қандай буырқанған сезім. Ең бастысы, ақын бізді осыған сендіре, иландыра біледі. Оқып отырғанда, оған өзіңнің еріп кеткеніңді білмей қаласың.
«Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін, жан-денесін бергенше.
Жан денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем, құшағымда өлгенше», – деген жолдар да ақын үшін махаббаттан күшті нәрсенің жоқ екенін танытады. Өмірдегі ең қымбат, ең асыл нәрсе – махаббат. Ол оны тақ пен тәжге де, тіпті дүниенің бар байлығына да айырбастамайды. Өйткені шын ғашық болудан артық бақыт жоқ.
Мағжанның «Қазақ тілі» деген атақты өлеңін жатқа оқысам, әлі күнге дейін тұла-бойым шымырлап кетеді:
«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!»
Қандай керемет жолдар! Қандай нақты анықтама! Тасқа қашап жазып қоятын қасиетті сөздер! Бұларды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Мағжан ананы да өзінше жырлайды. Адам үшін өмірден қымбат еш нәрсе жоқ болса, сол өмірді сыйлаған – ана. Соны жақсы білетін ақын ананы жырға қосқан. «Сүйемін» деген өлеңінде ол асыл анасын, сүйген жарын, өскен елін, туған өлкесі – Арқаны сүйетінін жырға өзек етеді. Бұлардың бәрінен ананы бірінші кезекке қояды.
«Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар.
Көз дегенің сұп-сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол анамды сүйемін!»
Мағжан Жұмабаев – сонымен қатар қазақ поэзиясындағы тұңғыш символист ақын. Эстетикалық негіздері ХІХ ғасырдың 60–70-жылдарында француздың Поль Верлен, Артюр Рембо, Стефан Малларме, Лотреамон секілді ақындарының шығармаларына бой көрсеткен символизмнің негізгі талаптарының бірі жаратылыс тылсымдарына түйсік арқылы терең бойлауға, өз түсініктерін өзіндік мəн, идеяға құрылған поэтикалық символдар арқылы беруге жол ашатын ой азаттығы болды. Бұдан кейін Ренье, Метерлинк, Валери, Гофмансталь, Рильке секілді француз және неміс ақындарына ауысатын символистік ағымның ізденістері барысында жаңашылдық та, қателесулер де кездесті. Ал Еуропа əдебиетімен ертерек танысқан Мағжан бұл ағымға ілеспей тұра алмады. Ақынның мұндай түрен тартуына орыс ақындарының XIX ғасырдың соңында басталып, XX ғасырдың 20-шы жылдарының ортасында аяқталатын «Күміс ғасыр поэзиясы» да айтарлықтай әсер еткені белгілі болды. Ал бұл қатарда орыстың сол тұстағы мықты ақындарының бәрі дерлік бар еді. Мәселен, Валерий Брюсов, Александр Блок, Владимир Маяковский, Иван Бунин, Николай Гумилев, Эдуард Багрицкий, Сергей Есенин, Анна Ахматова, Зинаида Гиппиус, Николай Заболоцкий, Вячеслав Иванов тәрізді танымал ақындар бар.
Мағжан символист ақындардың бейнелеу құралдарының қатарында жиі кездесетін тәсіл – дыбысқа мән беруді құр жібермеген. Біз мұны оның «Шолпы» деген өлеңінен-ақ байқаймыз.
«Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр..
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпара талқан боп сынғыр!»
Бұл – бес шумақтан тұратын өлеңнің басы. Барлық шумақтар бір сөзбен басталады. Осы арқылы ақын бойжеткен қыздың бұрымындағы шолпының дыбысын жеткізе отырып, оның образын ашады. Әр шумақта шолпы сылдырының қозғалысы, дыбысы, лирикалық кейіпкердің әсері өзгеріп отырады. Оны шайыр əр шумақтың кейінгі үш жолында бейнелі түрде білдіріп тұрады.
Өлеңнің динамикасы, екпіні күшті. Оны туғызып тұрған – шумақ сайын қайталанып келетін шолпы сылдыры мен осы сылдырдан кейін сезімнің мың сан құбылуы. Алғашқы шумақта бейнеленген шолпы сылдыры алыстан естілсе, əр шумақ сайын жақындай түсіп, өлең түйінінде лирикалық кейіпкердің құшағынан табылады.
Қазақ поэзиясына Мағжан əкелген символизм бейнелеу тəсілдерін қолдану тұрғысынан еуропалық символизмге сырттай ұқсастық танытқанымен, ішкі мазмұн жағынан басқаша бағдар ұстанады. Еуропалық символизмде тағдырға бағыну, амалсыздық, шарасыздық, күйректік, дағдарыс, торығу басым шықса, Мағжанның өлеңдерінде рух асқақтығы, сенім айқындығы символизмнің негізгі қаруы болып табылады. Ол «Күннен туған, сондықтан тек Күнге ғана бағынады». Мұндай асқақтық, өршілдік ақынның айбынын асыра түседі.
– Философ ретінде мына өмірдің мәні неде деген баға бересіз?
– «Өмірдің мәні туралы» мәселе әрбір адамның жанын тереңнен қозғап, санасына саңылау сала кетеді. Бірақ, меніңше, оның біржақты түйінді жауабы жоқ сияқты. Жер бетінде қанша адам болса, бұл туралы, көпшілігі бір-бірлеріне ұқсас болғандарымен, сонша түрлі ой айтулары мүмкін. Себебі, адамдар өмірде алдарына сан алуан мақсат қойып жатады.
Ежелгі дүниенің Сократ, Платон, Декарт, Спиноза, Диоген сияқты көптеген ұлы философтары қандай өмірдің «бәрінен артық» екені жөнінде айқын ұғымға ие болды, олар мұны игіліктен, адамгершіліктен іздеді. Былайша айтқанда, олардың ұғымынша, адам басқа адамның игілігі үшін өмір сүріп, өзінен кейін жақсы із қалдыруға тиіс. Көне грек философ-ғалымы Аристотель, мәселен, адамзат баласының барлық іс-әрекеті бақытқа қол жеткізуге арналатынын айтады. Мен белгілі мөлшерде онымен келісемін. Шынында да біздің әрбіріміз өмірде бақыт іздеп, табу үшін күресіп, әрекет етеміз.
Немістің XIX ғасырдағы философы Артур Шопенгауэр адамның өмірі әлдеқандай бір әлемдік ерік-жігердің негізінде пайда болғанын алға тартады. Адамдар бұл көбіне-көп бұл фәни жалғанға өзінен өзі, яки өз еріктерімен, өз қалауларымен келе салғандай сезінеді, бірақ бұл шын мәнінде олай емес, мұны әлдеқандай бір құдыретті сыртқы күш жасайды. Санасыз күйдегі әлемдік ерік-жігерді өзі жаратылымы – адамдардың кездейсоқ жағдайда пайда болатын тағдыр талқысына түсіп кетулері түк те толғандырмайды. Шопенгауэрдің пайымдауынша, «өмір деген – ақымақ адам қызық қуу үшін жүгіріп, ақыр соңында түңіліп шығатын тозақ», сондықтан ақылды адам керісінше өзін өзі шектеп тастау арқылы апатқа ұрынудан сақтанып жүреді, ол пәленің болмай қоймайтынын жақсы сезінеді, сол себепті өзінің құмарлықтарын ауыздықтап ұстап, оны өз қалауының шегі етіп қояды. «Адамның өмірі, – дейді философ, – бұл – өліммен ұдайы күрес, тоқтаусыз азап шегу, бұған қоса, кезекті азаптан құтылудың соңы тағы бір кезекті азапқа ғана алып барады, сол кезде негізгі өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыру тек тоқмейілсу мен көңілсіз тірлік болып шығады». Мен бұл жерде Шопенгауэрмен толық келісемін деп айта алмаймын. Дегенмен, оның трактовкасында шындықтың ұшқыны бар екені де анық. Шынында да біздің өміріміз – ұдайы тіршілік үшін күресуден тұрады, бұған қарсылық білдіру қиын, ал қазіргі заманда бұл жағдай тіпті ушығып тұр, ол «күн астынан орын алу үшін ережесіз шайқасумен» тең. Егер сен ешқандай күресті қаламасаң, яғни тіршілік үшін күресуді қош көрмесең, сені өзгелер таптап өте шығады. Жоқ, мұны біз өмірдің мәні деп айта алмаймыз.
Француз жазушысы Жан-Поль Сартр адамның өмірі мен өлімі туралы жаза келіп: «Егер біз өлуге тиісті болсақ, онда біздің өміріміздің ешқандай мәні қалмайды, өйткені проблемаларымыз шешілмеген күйінде қалады және сол проблемалардың мәні де анықталмай қалады… Барлық жаратылыс иелері себепсіз дүниеге келеді, әлсіздіктерін жалғастыра береді және кездейсоқ өліп қалады… Біздің туғанымыз да – абсурд, өлетініміз де – абсурд», деп атап көрсетеді. Демек, Сартрды тыңдап отырсаң, өмірдің ешқандай мәні жоқ екен, себебі, біз ерте ме, кеш пе, бәрібір бақилыққа аттанып кетеміз. Мен, әлбетте, мүлдем келіспеймін, себебі, оның дүниетанымымен келетін болсақ, жалпы өмір сүрудің өзі керек болмай қалады, бұдан да ертерек өзіңді өзің өлтіре салғаның дұрыс, бірақ мәселе тіпті де бұлай емес қой.
Француздың тағы бір жазушысы Андре Моруа «Өмір сүру ілімі туралы жас жігітке ашық хатында»: «Сізді адам өлу үшін жаралған деп иландырды ма, енді сізді осы ой өмір бойы жегідей жейді. …Адамдар қай кезде де құрып кетудің аз-ақ алдында өмір сүрген, алайда, бұл олардың еңбектенуіне, сүюіне, әлденені жасауына кедергі келтірмеген. Неге солардың ізімен жүрмеске? …Жүрегіңізге сенім ұялатуға кім кедергі?» – депті.
Негізі, бұл фәниде тіршілік еткенді қаламайтын жандардың өзі өмірдегі бір нәзік жіпке байланып тұрады. Біздің бәріміз белгілі бір тұрақты орындары жоқ адамдар категориясы болатынын білеміз. Оларды былайынша жұрт «бомж» деп атайды. Солардың көпшілігі бір кездері ауқатты болған кісілер, бірақ осындай күйге дейін түсуіне себепшілік еткен әртүрлі жайттар бар: біреулері кедейленіп қалған, біреулері алдаудың құрбаны болып кеткен. Енді олар үшін әрбір күн проблемаға, сынаққа, азапқа толы, күн сайын қалай тірі қалудың амалын қарастыруға мәжбүр. Бұлардың кейбіреулері мұндай тозақы өмірге шыдамай, өзіне өзі қол жұмсайды, біреулері өзін бұдан әрі өмір сүруге ынталандыра алады. Мен өз басым адамдар өзі үшін бұл өмірдің ешқандай мәні қалмаған кезде ғана амалсыз онымен қоштасады, деп есептеймін. Австриялық философ Людвиг Витгенштейн жеке адамның өмірінде заттардың мәні (маңызы) бар, бірақ өмірдің бұл заттар үшін ешқандай мәні жоқ дегенді қозғайды. Осы контексте әлдекімдердің дербес өмірлерінің ұдайы болып жататын буырқанған оқиғалар формасында және осы өмірдегі жетістіктердің, мұралардың, отбасылардың термині ретінде мәні бар (өзі және басқалар үшін маңызды) екені айтылады. Осы тұжырымда бір рационалды дәнек бар. Расында біздің өміріміз біздің жақындарымыз үшін, бізді сүйетін адамдар үшін маңызды болмақ. Олар бірнеше адам ғана болуы мүмкін. Бірақ мынау аппақ дүниеде өзіңді әлдекімдерге керекті сезінуге осының өзі жетіп жатыр.
Маған осы ретте бұған діннің қалай қарайтынын да бағамдап көру керек деген ой келеді. Себебі, көп жағдайда дін адамның өлім алдындағы қорқынышы мен ахуалын сезінуіне берілетін жауап ретінде қарастырылады. Ислам көзқарасы тұрғысынан қарағанда, адам мен Құдайдың арасындағы айрықша қарым-қатынас адамның «өзін Аллаға тапсыруы», «Аллаға бағынуы» мазмұнында жүргізіледі. Негізінен, «мұсылман» деген сөз «ислам жолын ұстанушы» деген ұғымды білдіреді. Сол мұсылман өмірінің мәні «Мен жындар мен адамдарды Маған әлдеқандай бір пайда әкелу үшін жаратқан жоқпын, бар болғаны Маған табыну үшін жараттым. Сол табынушылықтары олардың өздеріне пайда әкеледі» дейтін Жаратқан иеге құлшылық етуден құралады. Дін дегеніміз – жазылып қойылған ережелер жинағы, егер Алланың құлы болу жолына түсіп, сол ережелермен өмір сүретін болсаң, сенің өміріңнің де өзіндік мәні бар болып шығады.
Қазіргі заманғы қоғам өзінің әрбір мүшесіне өмірдің мәнін тақпайды, оны әрбір жеке адам дербес таңдап алады. Сонымен бірге, бұл қоғам адамның өмірін мәнге толтырып, оған тың күш бере алатын тартымды мақсат та ұсына алады. Бүгінгі дәуір адамы өмірінің мәні өзін өзі ұдайы жетілдіріп отыру, заманға лайықты, ата-анасынан да асып түсетін ұрпақ өсіріп шығару, тұтастай алғанда, мына әлемді дамыту сияқты міндеттерден құралады. Мақсат – сыртқы күштердің әсерімен дамитын адамды жаратушыға, демиургке, әлемді құраушыға айналдыру. Қазіргі қоғамдағы кез келген адам – бұл келешекті жасаушы, біздің әлемімізді дамытуға қатысушы, ал болашақта – жаңа Кеңістіктің жасалуына үлес қосушы. Мұнда оның кім болып жұмыс істеуі де аса маңызды емес, ол жеке фирмада жұмыс істеп, экономиканы алға жылжыта ма, жоқ мектепте балаларды оқытып, қоғамның білімді ұландарын тәрбиелеп шығара ма, – бәрібір. Осыны сезіну өмірді мәнге толтыра түсіп, адамды өз ісін жақсы және абыройлы атқаруға мәжбүрлейді. Бұдан өзі де, басқа адамдар да, қоғам да тек пайда табады. Бұл адамның өзінің керектігі мен алға қойылған ортақ мақсатты сезінуіне жол ашып береді. Қазіргі заман адамдарды келе-келе өзінің адамзаттың аса жоғары жетістіктеріне қатысы барын сезіне бастайды. Осының арқасында әлем дамиды. Біздің философтар қазір осындай тұжырымға қазық байлайды.
Адам – өзінің өлетінін саналы түрде мойындайтын және оны талқылаудың пәніне айналдырып алатын бірден-бір тіршілік иесі. Әр адамның ынтасы, мақсаты мен міндеті өз қабілетін жан-жақты дамыта отырып, тарихқа, қоғамдағы прогреске, оның қоғам өмірінің мәні мәдениетіне өзінің жеке үлесін қосу болып табылады. Өмірдің мәні өмірдің өзінен, оның адамның өзін қалыптастырудағы мәңгі қозғалысынан құралады. Өлім өзін ешқашан өлмейтіндей көретін, жеке өзінің дербес қазасының әлем үшін мәнсіз деп ойламайтын адамдар үшін ғана қатты қорқынышты. Бірақ адам өлгенімен, оның дүниеге деген қарым-қатынасы тура тірі кезіндегідей адамдарға әсер ете беретін болады.
Өмірдің мәні – бұл мойындалған құндылық. Адам оған өзінің өмірін тәуелді етіп қояды, осы үшін алдына өмірлік мақсаттар таңдап, оны шама-шарқынша жүзеге асырып жатады. Өмірдің мәні туралы мәселе – адам өлімінің мәні және оның өлмейтіндігі туралы мәселе. Егер адам өз өмірінен кейін соңында көлеңке қалдырмей кетсе, оның мәңгілікке қатысты өмірі жай елес қана болғаны. Өмірдің мәнін түсіну – мәңгілік өзгерістер тасқынындағы өзіңнің орныңды анықтау.
Өмірдің мәні туралы мәселе кез келген саналы ойлы адамның алдынан шығып тұрады. Әдетте мұндай сұрақ адамға өзінің өмірдегі орнын алуы үшін ұмтыла бастаған жасөспірім балаң шағында алғаш рет келеді. Мұндай сауалдың адамның қартая бастағанда не өлім алдында жатқан кезінде оралатыны да бар. Жеке тұлғаның орасан зор, шексіз әлемнің өзімен өзі бұлайша бетпе-бет келуі барлық уақытта бірдей оған жеңіл тие бермейді. Өзіндегі өзінің шексіздігін сезіну де, оны байқамай кету де қорқынышты. Бірінші жағдайда бұл – адам айтқысыз жауапкершілік, шамадан тыс шаттанған мақтаныш, екінші жағдайда жеке өзінің өмір сүруінің қисынсыздығын сезіну, тіршілік етудің амалсыздығы, әлемнен және өзінен жиіркену көрінеді. Алайда, өмірдің мәні жайында кез келген адам ойлануы қажет, онсыз толыққанды адам да болмайды.
Өмірдің мәні жайындағы мәселе «Өмір сүрудің керегі не? Түбі өлімге барып тірелетін өмірдің не қажеті бар?» деген сұрақтарды туындатады. Адамдар баяғыдан бері өздерінің өмір сүрулерінің қаншалықты қисыны бар екені білуге талпынып, бұл сұрақты ұдайы қойып келеді. Осы ретте адамның алдынан мынадай екі сұрақ шығады. Біріншісі – өмірдің мәні әуелгіде оның тереңдегі негізіне тән. Ол өмір жөніндегі діни түсінікке көбірек ұқсайды. Жалғыз осы ғана өмірді мағыналы етіп көрсетеді. Себебі, құдайдың адам өміріне тікелей араластынына қатты сенеді. Екіншісі – өмірдің мәнін субъектінің өзі жасайды. Осыған сәйкес, біз мұны өзіміз алға қойып алған мақсатымызға саналы түрде, тұрмыстың кез келген тәсілімен ұмтылуымыз деп түсінуіміз керек. Біз өмірге мән беріп аламыз да, сонымен адамның мән-маңызын өзіміз жасап аламыз.
Өмірдің мәнін түсіну басты құндылық ретінде тарихи сипатқа ие. Әр дәуір адамның өмір мәнін анықтап алуына ықпал еткен. Сондықтан ол заманына қарай өзгеріп отырады.
– Философия деген қандай ғылым? Ол сіздін несімен баурайды, несімен қызықтырды?
– Қазіргі философия ғылымының алғашқы бастаулары біздің дәуірімізге дейінгі VІ-V ғасырлардағы құл иеленуші мемлекеттер – Қытайда, Үндістанда, Грекияда көрініс тапқан екен. Оны алғаш рет ауызға алған Пифагор көрінеді. Аңыздарға сүйенсек, бір күні ежелгі грек қалалары билеушілерінің бірі базарға келіп, анадай жерде оқшау тұрған ғалымнан «Сен кімсің?» деп сұрайды. Пифагор сонда: «Философпын» деп жауап береді. Бірақ әкім мұның не сөз екенін білмепті. Сондықтан Пифагор оған: «Өмір дегеніміз — Олимпиадалық ойындар сияқты: мұнда біреулер жарысқа түсуге, екіншілері сауда жасауға, ал ең бақыттылары жай көруге келеді. Кәдімгі өмірдегідей, біреулер – даңққұмар, енді біреулер – жемқор, ашкөз. Бұлардың арасында тек философтар ақиқат үшін өмір сүреді», деп түсіндірген екен.
Мынаны қараңыз: «философия» деген сөз ежелгі грек тілінен аударғанда, «даналықты сүю» деген ұғымды білдіреді. «Pһuео» – сүю, «sophia» – даналық. Ал «даналық» ұғымы білім мен ақиқатқа риясыз қызмет ете отырып, дүниені ерекше ақылмен тануға қол жеткізуге саяды. Ол дегеніміз – дүниені тұтастай және бірлікте тануға тырысу. Философия дүниеге жалпылама көзқарастар ретінде көрініс береді. Философия өзі пайда болғаннан бастап дүниені тұтастай және жеке бірлікте зерделеп келеді. Оның зерттеу нысаны – тұтас әлем. Жинақтай айтқанда, «философия» дегеніміз – ойлау, жалпыламаға жету жолы. Сондықтан ол жалпылама нәрселер туралы ой кешуге жатады. Ол қандай нәрселер? Мен деген не, болмыс деген не? Олар қандай формада өмір сүреді? «Мен» ретіндегі дүние түзілім, шынайылық, қайдан жәнге қалай пайда болған? Адам мәңгі өмір сүре ме? Өмір дегеннің өзі не? Адам өмірінің ерекшелігі неде? Дүниедегі адам кім? Оның дүниеге қатынасы қандай? Жеке ғылымдар (физика, химия, психология, социология және басқалар) сияқты философия дүниедегі түрлі заттар мен құбылыстарға тән оның жеке жақтары мен қасиеттерін ғана емес, сонымен қатар олардың жалпылама қасиеттерін, қатынастарын және байланыстарын зерттейді. Қорытындылай келгенде, философия – дүниенің мәні мен адам туралы ғылым. Философтар үшін бұларды жекелеп қарау емес, олардың тұрақты ара қатынастарын зерттеудің маңызы зор. «Дүние – адам» мәселесінде бәрі қамтылады, бәрі қарастырылады. Ол барлық өзге мәселелердің арқауы сияқты. Философиядағы «дүние» ұғымының кеңеюі адамның дүниедегі, табиғат әлеміндегі және қоғамдық өмірдегі орнын анықтаудан немесе адам мен дүние арасындағы қатынастардан көрініс табады. Философия мені осы қасиеттерімен қызықтырады.
– Абай мен Шәкәрімнің философияларын қалай қабылдайсыз?
– Мені Құнанбайдан тарайтын осы екі ғұлама ақынның философиясындағы адам мәселесін талқылап, қарайтын жақтары қатты ұнайды. Адам – философияның көне дәуірлерден бері зерттеп келе жатқан негізгі нысандарының бірі. Бірақ ол осы кезге дейін өзінің толық шешімін тапқан жоқ.
Ежелгі Грекияның философиясы кейінгі Батыс Еуропа философиясының негізі және антропологиялық философияның бастауы болып саналады. Сол уақыттың философиясы «адам өзімен өзі тіршілік етпейді, ол – абсолютті тәртіп пен космостан (ғарыштан) берілетін белгілі бір қарым-қатынас жүйесінің бір бөлігі» деген тұжырымға арқа сүйейді. Мұнда «адам – ғарыш пен уақыттан жоғары тәртіптің бір бөлшегі, ал оның жаны – ғарыш жанының бір бөлшегі», деген . Құдайлар – белсенді қозғалыстағы тұлғалар. Милет мектебі мен оның өкілдері антропологиялық проблематиканы жалпы ғаламдық таныммен бірге алып қарастырады. Олар өлі мен тірінің бір-бірінен еш айырмасыз екенін айта келіп, олардың арасында әлдеқандай бір шекара бар екенін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Софистер мен Сократ бастаған ежелгі философия танымның айрықша заты ретінде адамға басты назар аударды. Софистердің лидері Протагор философиясының негізгі қағидатын «Адам – тіршілік етіп жүргендерді тіршілік етіп жүрген, тіршілік етіп жүрмегендерді тіршілік етіп жүрмеген барлық заттардың өлшемі» дегенге ұйытты. Сократ бұдан әрі адамның жаны мен адамгершілігіне назар аударып, оның ішкі әлеміне үңілді. «Адамгершілік деген – білім» дегенді тап осы философ алғаш рет айтып, оны этикалық рационализмнің негізіне айналдырды. Ол «әділдік пен адамгершілікті мойындаған, таныған адам ешқашан әділетсіздік пен қатыгездік көрсетпейді» деп есептейді. Адамның басты мақсаты – әрқашан ақиқатты тануға сүйене отырып, өзінің адамгершілік деңгейін көтеріп отыру. Бұл міндет әрбір адамның өзінің адамгершілік кескін-келбеті мен өзін өзі жақынырақ тануына жол ашып береді. Осындай позиция мен түсінік ұстанған ұлы ойшыл өз философиясының адамгершілік пафосын жүзеге асырудағы мақсатын анық пайымдай білген.
Мен мұның бәрін неге айтып отырмын? Біздің хәкім Абайдың барлық философиясы осы адам төңірегінен шығып жатады. Ол ежелгі грек философтарының қағидаттарынан тым алшақ кетпейді. Адам мәселесі мен оның тарихи дамуы, философиялық тұжырымдар мен толғамдар оны да бейтарап қалдырған жоқ. Адамды философиялық тұрғыдан түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар образдар мен ұғымдар негізінде, философия мен мифология арасындағы сұхбат нәтижесінде қаланды. Абай өзінің азаматтық позициясын, көзқарасын, халқының өмірін, болмыс тіршілігін өлеңдері мен қара сөздері арқылы білдірді.
Ұлы ойшыл ақынның:
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», – деген жолдарынан біз жоғарыдағы Сократтың көзқарасын көргендей боламыз.
Хәкім Абай үшін қоғамдағы құбылыстар мен процестердің өзегі адам болмысы болып табылады. Біз жоғарыдағы «мен» деген не, «менікі» деген не, сауалдарға жауапты Абайдың өзінен табамыз. «Мен» дегеніміз – ақыл мен жан. Екеуі де адамның рухани түп негізі. Ал «менікі» дегенді тәнге қатысты айтқан. Міне, осы «менікі» жоғалғанымен, адамның өлмейтінін, оның Алланың қарауына баратынын білдіреді. Абай осылайша адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мән беріп, оларға философиялық тұрғыда баға беріп өтеді. Ол өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек дейді. Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшіншісі зұлымдық. Үш-ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», дейді.
Сосын адам бойындағы осы үш қасиеттің басын біріктіріп, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген тұжырымға қазық байлайды. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ-данқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса атап өтеді. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейді. Абайдың ойынша, адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан: «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…Бес нәрседен қашық бол», деп алып, олардың ішіндегі бес дұшпан ретінде «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты» атап өтеді, ал бес асыл іске «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді әрекеттерді жатқызады.
Ұлы ойшыл ақын адам бойындағы ұят пен иман мәселесіне көңіл аударады. Бұл екі ұғым арқылы адам мен хайуанның ара жігін ажыратылады. Ұяты бар адам – иманды. Абай адамдық танымдағы ұяттың басымдығын сөз етеді. Ол «Жиырма бесінші қара сөзінде»: «Қарыны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап – ішуге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге ұрлық зорлық, қулық сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатын нәрсе» деген тоқтамға келеді. Мұны біз де мақұлдаймыз. Өйткені, қай қырынан алсақ та, философия адам мәні, оның болмыстық мақсаты сынды мәселелерді айналып өте алмайтыны бұрыннан белгілі. Абайдың дүниетанымындағы негізгі тұжырым, басты құндылық – адам болмысы. Абайдың қара сөздерінен оның адамның өмір сүру философиясын бес бағытта қарастыратынын байқаймыз. Біріншісі – жеке адамдардың тұрмыс-тіршілігі. Екіншісі – әлеуметтік топтардың қоғамда алатын орны, мінез-құлқы, менталитеті, психологиясы. Үшіншісі – ұлттың ата-бабалардан жалғасып келе жатқан өмір салтын, дәстүрлі мәдениетіне бейімделген мұрат-мақсаттарын болмыстың жаңа сұраныстарына орай жаңартып, жаңғырту. Төртіншісі – адамзат тарихында қалыптасқан моральдық құндылыққа сай келетін үрдістердің өркениетпен сабақтасу. Бесіншісі – имандылық жолымен Алланың болмысын тану. Адамның өз іс-әрекетін, сөзін пайғамбар хадистеріне, өнегелеріне сай келтіруге ұмтылуды ұсынады.
Шәкәрімнің өлеңдеріндегі ойшылдық, философиялық пікір-танымдар оның «Үш анық» атты еңбегінен айқын көрінеді. Бұл оның адам мәселесі туралы философиялық пайымдауларын құрайды. Адам мәселесі Шәкәрім философиясының басты тақырыбы, яғни зерттеудің негізгі субъекті болып табылады. Адам феноменін ол табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, жаратылыс дүниенің сыры ретінде қарастырады. Сонымен қатар Шәкәрімнің дүниенің адами сипатына жасаған анализі оптимистік тұжырымдар мен соны да бірегей тұжырымдамаға әкелді. Оның лирикалық өлеңдерінің өзінен философиялық танымдар өріліп тұрады. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан алуан құбылыс-көріністерге, дінге көзқарастарында кейбір қайшылықтар кездескенімен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, барлығын жоққа шығаратын пессимист болған емес. Ол көбінесе рационализмге, деизмге бейімділік танытты. Бұл философиялық бағыт дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындайды. Мұның дәлелі табиғаттың жарасымдылығы, қозғалысы, өмірдегі ақиқат, шындық, білім-ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асатыны, адамның болмысты танып-білуі адамның өзін өзі жетілдіру арқылы жүзеге асатыны негізінде түсіндіріледі.
Шәкәрім қазақ поэзиясында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық ашты. Ойшыл ақын адамның ақыл-парасатына айрықша мән берді. Ол адамның сезу, сезіну, дүние-болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, әсерленгіштік қабілет пен не нәрсенің болсын ішкі сырын көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердің қасиет-сипаттарын, оймен, ақылмен, логиканың күшімен танып-білу қабілетінің арасын ажыратып, болмыстың, дүниетану мен моральдың негізгі ақылы деп санайды. Ақыл, парасатты ақыл қандай да нәрсені, құбылысты дұрыс түсініп бағалауға, ақ-қараны айыра білуге мүмкіндік береді. Сондықтан, ақылмен сыналмаған іс болдырмау деп білді.
Шәкәрімнің дүниенің, жаратылыстың қозғаушы күші, адам өмірінің, тіршіліктің мәні мен сыры, жан мен тән секілді мәселелерді ғылыми ұғым түсініктермен ұштастыра толғайтын философиялық өлеңдері өз алдына бір тақырыптық арна болып қалыптасты.
Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да, ол ақыл-ой талабын, ақыл-парасаттылықты қаңдай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп алды. Шәкәрім философиясының басты ерекшелігі – жалпы жаратылыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемдік сипатты жасауында болып отыр.
– Сіздің өмірлік мұратыңыз не?
– Менің өмірлік мұратым – адал, абыроймен өмір сүру. Қандай нәрсені де адал, абыроймен атқару. Мен мұны үйленер кезімнен бері берік ұстанып келемін. Енді ұрпағым ертең мен туралы бір ауыз жаман пікір естімегенін қалаймын. Мен де әкем мен шешем сияқты адалдықтың жолын ұстай бергім келеді.
– Адамдар бойындағы қандай қасиеттерді жақсы көресіз? Қандай нәрселерді ұнатпайсыз?
– Адалдықты, тазалықты, шыншылдықты жоғары бағалаймын. Өтірік айтқанды, құр мақтанды, даңғазалықты ұнатпаймын.
– Біз сіздің әдебиетті, өнерді құрметтейтініңізді жақсы білеміз. Сіз кезінде өзіңіз де өлең жазған жоқсыз ба?
– Болды. Әртүрлі жағдайларда жыр жазған кездерім кездесті. Біреуді туған күнімен құттықтау, жетістігіне риза болу сияқты тақырыптарда жыр жазғам. Бірақ ешбірін жинамаппын. Студент кезімізде бір жігіт қызға ғашық болып, оның сезімін мен өлеңдетіп жазып, екеуінің үйленгені есімде. Олар әлі сол сәтті еске алады.
– Ибеке, бізбен бірге жақсы сұхбат құрғаныңыз үшін рахмет. Сізге тағы да жақсы табыстар тілеймін. Аман болыңыз. Біздің журналымызға және оның оқырмандарына қатысты айтатын тілектеріңіз бар ма?
– Сізге де рахмет! Журнал жөніндегі пікір жақсы қалыптасып келеді. Бұл – керек басылым. Сәке, өзіңіз қолға алғаныңызға ризамын. Келешекте оның жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын журналына айналуын тілеймін. Ең бастысы, ол өзінің алдына қойған мақсаттары деңгейінен табыла білсін. Алғашқы екі нөмірі оның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетіп отыр. Сонымен бірге журналдың барша оқырмандарын Жаңа жылмен құттықтаймын. Келе жатқан жыл бәріміздің отбасымызға толағай табыс, зор қуаныш алып келе берсін. Елімізде тыныштық пен ынтымақ болсын!
Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР
Қызылорда
20 желтоқсан, 2019 жыл