Президент дұңғандардың қазақ тілін үйренуін тапсырды
АСТАНА. 12 ақпан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдау кезінде дұңған жұртының қазақ тілін білулері керек екенін алға тартты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Ассамблея басшысы президентке үкіметтік комиссияның Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты және басқа да ауылдардың тұрғындарымен өткізген кездесу қорытындысы жөнінде есеп берді.
Мемлекет басшысы кездесуде елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға бағытталған шаралар қабылдау бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кездесуде Жамбыл облысындағы дүнген қауымының жергілікті қазақ қауымдастығымен араласуына, қазақ тілін үйренуіне, мемлекеттік органдарға құрметпен қарауына қатысты мәселелерге баса мән берілді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алды.
9 ақпанда тағы екі адамның қайтыс болғаны хабарланып, жаппай тәртіпсіздіктен көз жұмғандар саны 10 адамға жетті.
Соңғы деректерге сәйкес, медициналық көмекке 178 қазақстандық жүгінген. 19 құқық қорғау органдарының қызметкерлері зардап шегіп, оның жартысы оқ жарақатын алған.
Аталған жағдайдан соң 25 қылмыстық іс қозғалған.
Аталмыш оқиғадан соң мемлекет басшысының бұйрығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметімен қош айтысқан.