Украина Қырымның жолын кесіп тастау үшін шабуыл дайындап жатыр
КИЕВ. 13 желтоқсан. Украина Қарулы күштері Қырымға апаратын жолды кесіп тастау үшін төртінші қарсы шабуылға дайындалып жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Бұған дейін Ресей армиясын Киевтің түбінен қуып шыққан, Харьков облысын басқыншылардан босатқан, Херсонды қайтарып алған Украина армиясы енді Қырымды қамтамасыз ету жауып тастап, майдан даласын Азау теңізінің жағалауына апарып қою үшін төртінші жойқын қарсы шабуылды жан-жақты дайындау үстінде», – делінген хабарламада.
Жұрттың бәрі «үсік» қатты болатынын күткен қыстың келгеніне қарамастан, Украина Қарулы күштері соғыс жанжалының жалғасып жатқан оныншы айында Гуляй поленің түбіне механикаландырылған бригадасын жеткізіп, Мелитопольден 100 шақырым жерден позициясын құрып алды. Forbes жазып отырғандай, мұның Украина армиясы тарапынан ұйымдастырылатын төртінші қауырт қарсы шабуыл болуы мүмкін. Ал оны мақсаты оңтүстіктегі жерлердің басым бөлігін жаудан тазартып, Қырымды материктен бөлік тұрған мойнаққа қарай жылжу болғалы тұрғаны да анық.
Осының алдында ғана Мелитополь түбіндегі Бердянск қаласымен араны жалғастырып тұрған трассаға шығатын көпірдің күлі көкке ұшты. «Ресей армиясының терең тылында орын алған бұл жарылыс диверсанттар жұмыстарының нәтижесі болса керек», – деп мәлімдеді Ресейдің Запорожье облысындағы оккупациялық әкімшілігінің өкілі Владимир Рогов.
Мәскеу әлемде бірде-бір ел мойындамаған жалған референдумының нәтижесінде өз территориясы деп жариялаған облыстың аумағында Ресей тарапында қағаз жүзінде екі мың жауынгері мен ондаған бронды техникалары бар 291-ші мотоатқыштар полкы соғысып жатыр. Украина тарапынан оған территориялық қорғаныс мақсатындағы 106-шы бригада, бірнеше мың жергілікті еріктілерден құралған жеңіл қарулы құрама мен 19-шы жеке атқыштар батальоны қарсы тұр. Екі жаққа да артиллериядан қолдау көрсетілуде.
Америкалық әскерилер бұдан ертеректе қыс түскеннен кейін соғыста ұзақ уақытқа, тіпті жарты жылға дейін созылатын пауза, яғни үзіліс орнайтынына болжам жасап еді. Себебі, жаңбыр мен жұмсақ топырақ армияларға ұрыс қимылдарын жылдам жүргізуге мүмкіндік бермейді, ал жердің қатуы танктер мен жүк көліктерінің жүрістерін жеңілдетсе де, қар тасқыны мен суық басқа проблемаларды туындатып жібереді.
«Бірақ бұл болжам оншалықты тура келе қоймады», – деп мәлімдеді Voice of Ameriса Пентагондағы мәнбелерге сүйеніп. «Біз украиндардың қыс жағдайында да жақсы соғыса алатындарын көріп отырмыз», – деді АҚШ Қарулы күштерінің өкілі.