Қытайдың қатаң ескертуінен кейін Путин мен Медведев үнсіз қалды
МӘСКЕУ. 30 қараша. Қытай басшылығының ядролық қару қолдану жөнінде қоқан-лоққы жасаған Ресейге қатаң ескертпесі бірден Путин мен Медведевтің арпылдап тұрған ауыздарын айқара жапты. The Moskow News хабарлады.
«Ресей жоғары басшылығының Хиросимадан кейінгі ядролық соққы беруге дайын екендерін мәлімдеп, әлемді бір мезетте қорқытпақ болған агрессиялық риторикасы кенеттен басыла қалды», – делінген хабарламада.
Алдымен Қытай премьері Ли Кэцян, содан кейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ядролық соққыға жол беруге болмайтынын қатаң түрде мәлімдеген соң КСРО-ның мұрасы ретінде атом бомбасының арсеналын алып қалған Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің де, оның қауіпсіздік кеңесіндегі орынбасары Дмитрий Медведевтің де жер шұқығандай болып, үндері бірден өшті.
Бұған дейін Путин 21 қыркүйекте «ішінара мобилизация» жариялай отырып, Ресей армиясының Украина территориясында басып алған жерлерін сақтап қалу үшін «қолда бар құралдың бәрін» пайдалануға дайын екенін айтып, жарты әлемге алая бір қарап еді. Ол өз тараптарына қарай «бұрыла қарайтын» батыс елдерінің барлығы «желдің ығында» қалатынын айтып, қорқытқан да болатын. «Бұл сандырақ емес», – деп айбат шеккен-діі сонда Путин. Ал арада бір ай өткен соң «Найзағай-2022» стратегиялық күштер жаттығуын жинап, ядролық соғыстың басталып кеткеніне өзінге ишара білдірген-тін.
Медведев 27 қыркүйекте Ресейдің «ядролық қару қолдануға құқы бар» екенін мәлімдеп, егер мұны «украин режиміне қарсы жасайтын болса», НАТО-ның «араласа алмайтынын» алға тартқан. «Өйткені, Солтүстік альянс үшін Вашингтонның, Лондонның, Брюссельдің қауіпсіздігі анағұрлым маңызды», – деп білгіштік танытты сонда Медведев.
Медведев тағы Херсон берілгенге дейінгі тоғыз күн алдын осы тақырыпты өзінен-өзі қозғай салып, «Ресей территорияларын «тартып алу» доктринаның жауға сооқы ретінде ядролық қаруды қолдану тармағына жүгінуге негіз болатынын атап өткен еді.
Бірақ Кремль шығыстағы қуатты көршісі – Қытай ядролық қоқан-лоқыға ашу-ыза білдіргеннен кейін бірден ауыздарына су құйып алғандай тым-тырыс бола қалды.
Қытай премьері өзінің қаһарлы сөзін 10-13 қарашада АСЕАН саммитінде айтса, Си Цзиньпин G20 саммиті шеңберінде АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуі кезінде жеткізді.
Егер КСРО кезінде Мәскеу Бейжіңді өзінің «кедей бауыры» санаса, қазір әлемнен оқшау қалған және әбден әлсіреген Кремль ҚХР-дың «інісі» рөліне қарай сырғып кетті.