Израиль Иранның Сириядағы дрон шығаратын зауытын жойып жіберді
ТЕЛЬ-АВИВ. 23 шілде. Бүгін Израиль армиясы Сирия астанасы – Шам шаһары түбіндегі беспилотник шығаратын зауыттың тас-талқанын шығарды. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
Агенттіктің мәнбелері Иранның мұнда Ресейге сататын беспилотниктерін құрастыру жұмыстарының жүріп жатқанын айтады.
Израиль әскерлерінің авиамен бомбылауы салдарынан кемінде сегіз адам қаза тапқан. Олардың үшеуі «сириялық емес» азаматтар болса, тағы екеуі «Хизболла» қозғалысының мүшелері болып шықты. Ал қалған үшеуі Сирия тұрғындары көрінеді.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары авиасоққы нәтижесінде Иранның сол жерге жақын орналасқан әскери базасы да зардап шеккенін жазып жатыр.
АҚШ билігі бұдан біраз бұрын Ресейдің Украинадағы соғыста қолдану үшін шілде айында Ираннан бірнеше жүз беспилотник сатып алғалы жатқанын мәлімдеген болатын. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Тегеранның Мәскеуге қанша дрон жөнелтіп үлгергенін Вашингтонның әзір білмейтінін баяндады. Ол тек Иранның Ресей үшін осы зауытта арнайы дрондар дайындап жатқаны ғана аян екенін білдірді.
Салливан сондай-ақ Иранның осындай ұшқышсыз ұшатын аппараттарды Сауд Арабиясына шабуыл жасау үшін Йемен көтерілісшілері – хуситтерге бергенін атап өтті.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс Иранды, – егер Ресейге беспилотниктер сататын болса, – қайтадан санкцияның астында қалатынын айтып, қатаң ескерту жасады. Ал Иран сыртқы істер министрлігі кезекті мәрте бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтып ақталды.