Жануарға жәбір көрсетіп өлтірген жексұрын қамауға алынды
ҚОНАЕВ. 21 шілде. Жылқы жануарды көлікпен қасақана басып өлтірген ер кісі 10 күнге қамаға алынды. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған turkystan.kz хабарлады.
Алматы облысы Іле ауданындағы Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ақыры жазадан құтыла алмады. Өйткені, бұл жайтқа ауылдың басқа тұрғындары өре түрегелген. Тіпті, жүргізушінің үйінің алдына жиналып, ашық наразылық білдірді.
Оқиға бұдан 4 күн бұрын Алматы облысында болған. 38 жастағы кәсіпкер жол талғамайтын көлігімен буаз жылқыны қасақана басып кетеді. Ол өзінің бұл қасақы әрекетін ауыл жылқыларының ауласына жиі кіріп, бау-бақшаны таптап кете беруімен түсіндірген. Оның осыдан жүйкесі жұқарған көрінеді.
Осыдан кейін қаскөй мал иесімен өзара мәмілеге келіпті. Алайда, ауыл тұрғындары жазықсыз малды өлтірген азамат бостандықта жүр деп шу шығарған. Әлеуметтік желіде де қаныпезер адамның бұл қастандығы мен бұзақы тірлігі өте қатты сынға алынды.
Осыдан кейін мәселені қараған Іле аудандық соты бүгін жылқыны әдейі басқан азаматты 10 күнге қамау туралы шешім шығарды.