Надежда Крупская кім? Оның Арал жұртына қандай қатысы бар?
Менің туған жерім – Қызылорда облысының Арал қаласында №14 Надежда Крупскаяның атында жалғыз ғана орыс орта мектебі бар. Мектептің тарихы тереңде, ол осы уақытқа дейін қаншама буын түлектерді аясынан ұшырған білікті білім ордасы. Олардың арасында аты әлемге танымал болған тұлғалар да аз емес. Бірақ бұған оның коммунист Надежда Крупская есімін алуының титтей де қатысы жоқ.
Білім қандай шексіз болса, мектептің жетістіктері де әлдеқандай бір өлшеммен есептеуге келмейтін шексіз дүние. Осы ұядан ұшқан шәкірттер мен ұстаздардың жадтарына жазылған қимас қуаныш пен сағыныш жарасып та, таласып та, қауышып та жатқан шын көңіл мен пейіл үндестілігі…
Біздің ендігі әңгіме еткіміз келетіні, осы білім ордасының заты емес атына қатысты болып отыр.
Мемлекетіміздің Ұлт ретінде даму мен ұстаным жолымыз мынандай.
Мемлекет басқарғанның «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан үзінді келтіре сөзді бастайық. «…Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.»
«…Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.», «…Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.»
Иә, менің бүгінгі қозғап отырған мәселем бойынша бұл айтылғандарды «қолға алайық, міндетті орындайық» дегеннен артық ешнәрсе жоқ.
Бұл ретте бұл мақала тек бір қайраткердің ағартушылық мақсаттағы ақылды сөзі емес, Ел басқарушы тұлғаның мемлекет дамуында қолға алуды орындауды ұсынған бағыт бағдарламасы.
Жанымызға жағатын бағыт болғандықтан, әрбір қазақ үшін маңызды құжат. Ұлтыңа жаның ашитын болса, «жатып ішер жамбас сипар» болмасаң қолдау бер, қоғамдық ынталығыңды көрсет. Ең болмаса алдыңда ашық жатқан дәлізде дауысыңды шағар! Ұсыныс бер! Қолдау сұра! Ынжықтыққа салынған басшың болса, түрт! Оят! Кінәні өзгеге арта салып жата беру ер адамға жарасымды іс бола қоймасы анық…
Осыдан бірнеше ай бұрын туған жерім – Аралға бардым. Сонда өзімнің досым, реті келгенде тоқталып өтсек, «Желтоқсан оқиғасының» толық қатысушысы, атасы, руы игілік Жұбаназар ишан НКВД қолымен Ақтөбеде атылған, бүгінде ауданға белгілі сәулетші, құрылысшы Ислам Жұбанов: «Надежда Крупская кім? Неге атын мектептен алып тастамаймыз?» деген болатын. Ойлана қарасам, қарсы айтар бір ауыз уәжім жоқ екен.
Мына әлемтордың игілігіне сүйене отырып, фейсбуктегі өз парақшама ой тастасам, ауданымыз тұрмақ, басқа өңір азаматтары да қолдау жасап, ой-пікірлерін жазып отыр. Ал Сәрсенбай інім: «Нұреке, Сіз Ерғали аға, екеуіңіз осы тақырыптың мәнін ашып, жұртқа түсіндіріп, берсеңіз?» деген өтініш міндеттемесін тапсырыпты.
Сосын оны орындауға кірістім.
Надежда Крупская 1869 жылы Петербургте дүниеге келген, орыс ұлтты жан. Революционер. Коммунист. Ең бірінші коммунист Владимир Ленин болса, бұл соның әйелі, үзеңгілес серігі. Коммунистік қоғам орнатуда басты рөлді орындағандардың бірі. Сол В. Ленин коммунизмнің атасы болса, Н.Крупская – анасы.
Қазіргі жастар үшін күлкі болар, ал біз бастауыш сыныпта «Бұл – Ленин атамыз, Бұл – Ленин бабамыз» деп ән салатынбыз, соған өзіміз сеніп мәз болатынбыз. Санаға түскен «салқын» деген осы! Әлі күнге «албастының» атын жоюдан да қорқып жүр екенбіз!
Жоғарыда аталғандай, «Елес идеология коммунизм күйреді, келмеске кетті» деп саяси баға берілген коммунизм қазаққа не берді? Надежда Крупскаяның не жазығы бар, ол тек Лениннің әйелі ғана емес пе? Қате содан болды бұл тек әдемі әже болды емес пе?» дейді…
Әрбір қазақ ұмытпауға тиіс бір міндет, ол – жиырмасыншы ғасырдағы аштық! Ғасыр басындағы алты миллион шамалас қазақтан коммунистер келгеннен кейін екі миллионға шамалас адам қалған. Үш миллионға шамаласы қолдан жасау арқылы аштан қырылған. Қалғаны басы ауған жаққа қашқан.
Ал репрессия кезінде жиырма бес мың адам қазақстандық, – барлығы дерлік қазақтар, – атылып кетті. Барлығын қосқанда, қырық мыңға жуық қазақстандық сотталды. «Карлаг», «Алжир» лагерьлері осы қазақ жерінде азапқа арналды.
Басқа халықтарда мұндай қырғын болған жоқ. Репрессияда өзбек, тәжік, қырғыздар тап мұндай топалаңды бастан кешпеді.
Зерттелмеген тарихтың құпияларына тоқталып өтсек, аштық жылдан соғыс басталғанға дейін Арал өңірінде 411-ге тарта халықтық көтерілістер болған, барлығы да аяусыз жаншылды. Осы мәліметтердің өзінде қанша тағдыр жатыр…
Одан кейінгі соғыс. Соғыс жылдары ең көп мобилизацияға ұшыраған халық та осы қазақтар. Тыныш кезде «Шыңғысхан халқы, Алтын Орда халқы бағынбайды, қарсы шығады, жою керек» деген болса, соғыс келгенде «жауынгер халық» ретінде керек болдық. Қателеспеді. Бауыржан Момышұлы Мәскеуді қорғады. Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Соғыста еліне жау кірмеген елдер арасындағы Совет Одағының Батыры атағын ең көп алған біздің халық болып шықты. Бірақ шығынға да біз ұшырадық.
Осыдан кейінгі коммунизм берген «целина» орыстандыру, жерімізді көрші елдерге ұластыру деген талай қитұрқылықты қазаққа ашық қолданған осы коммунистер! Жеке тағдырларды әңгіме қылмай-ақ қояйық.
Семей полигоны, Арал трагедиясы, Байқоңыр бейнеті бәрі осы коммунистік ылаң!
Жеткілікті емес пе? Осыншама қиянат көрген халқымыз коммунизмнің Лениніне, басқасына «қарғыстан» басқа не айта алады? Бүкіл әлем коммунизмді фашизммен қатар қояды.
Міне, Надежда Крупская деген осындай ылаңшыл «террорлық» саясаттың анасы. Мүмкін Лениннен де қауіптірек жау осы кісі болған болар… Себебі, бастапқы құжаттар, қаулылар, терроршыл «пролетариат диктатурасын» іске асыру осы кісінің қолынан өткені даусыз. Әлемтордан сұрасаңыз айта қояды. Ең соңғы мәліметтерде Надежда Крупскаяның әлемдік қанқұйлы масондар ұйымына мүше болғанын, Иель университетінің профессоры, орден иесі болған деген деректер ғаламторда берілген. «Мыстан кемпір» деген аңыз кейіпкері осындай жандар десе артық емес. Осы кісі атын білім ордасында ұстап отырғандығымыз қаншалықты дұрыс екенін бағаласаңыздар.
Бас көтеріп, есті жию керек, ағайын!
Нұртуған ТҰРЖАНОВ,
Ақтау қаласы тұрғыны