Рыбакина ресейліктердің өзіне қатысты сөздеріне жауап берді
АСТАНА. 12 шілде. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ресейлік журналистер мен мамандардың өзі жөніндегі пікірлеріне жауап қайтарды. Бұл туралы informburo.kz хабарлады.
«Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина ресейлік теннисші Евгений Кафельниковтің өзіне байланысты «Қазақстан дайын өнімді сатып алды» деген сөзіне келіспейтінін білдірді», – делінген хабарламада.
Теннисші Қазақстан командасына ауысқан кезінде әлі жасөспірімдер сапында жүргенін алға тартты.
«Мені ол кезде дайын өнімге санау мүмкін емес еді. Жасөспірім шақтан ересек кәсіпқойлар мансабына қарай өту өте күрделі процесс. Бұдан бөлек, сенің айналаңда жақсы команда болуға тиіс, ақиқатында теннисті жалпы кәсіпқойлар деңгейінде жалғастырып әкету әркімнің қолынан келе бермейді, ондай шыңға ілеуде біреу ғана шығады. Бұл тарапта менің жолым болды. Сондықтан мен, әрине, мұндай пікірлермен келіспеймін», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский өз кезегінде Рыбакинаның Ресейде кәсіпқойлар деңгейінде ойнап кете алмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Үлкен дулыға турниріндегі жеңіс – теннисшінің өзінің осы жолдағы бірінші үлкен табысы.
«Егер бұл олардың (Ресейдің – автор) нәтижесі болса, онда неге өздерінен жіберген?», – деген сұрақ қойды Юрий Польский.
Елена Рыбакина неге өзінің тап Қазақстанда ойнауға шешім қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, бұдан бес жыл бұрын өзінің алдында оқу мен кәсіпқойлық мансаптың бірін таңдау деген дилемма тұрған.
«Маған Америкада өте жақсы университеттердің бірінді білім алу ұсынылды. Мұндайда көптеген жасөспірімдер осы жолды таңдайды. Мен сол кезде өзімнің бірінші турнирімде тәп-тәуір ойнадым. Оны көрген Қазақстан федерациясынан ұсыныс түсті. Мен сол кезде ұсынысты бірден қабыл алып, жолым болып кетті деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді таптық, қорытындыда мен өзімнің жолымды Қазақстанда жалғастырғаным үшін өте қуаныштымын. Осының бәрі Қазақстанның күш жұмылдыруы арқасында болып жатыр», – дегенді қосты ол.
Осы ретте соның алдында ғана Еленаның жеңісі мен оның табысына талаушыларға байланысты белгілі тележүргізуші Ксения Собчак білдірген пікір де жұртты елең еткізген еді.
«Құдай-ау, Уимблдон мен жұмыс істемейтін орыстарды шеттету тарихы қандай керемет еді. Өз кезінде Ресей азаматтығын Қазақстан азаматтығына ауыстырып алған Мәскеу тумасы Елена Рыбакина турнирдің чемпионы атанды. Әлдеқандай бір себептермен өз елінің ұлттық құрамасы сапына кіре алмаған көптеген спортшылар осылай жасайды. Бұл жолы ол паспорты Қазақстандыкі болғасын, ресейліктер мен белорустар үшін салынған тыйымды айналып өтіп, Уимблдонға қатысты. Міне, кеше ол әйелдердің жеке сайысында жеңіске жетті. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жеңісі, Ресейдің бұған масаттануының реті де жоқ. Кезінде Ресейде оған ешкім де жол бермеді, оның әлеуеті ашылмай қалды. Мұндай мүмкіндікті оған тап осы Қазақстан ғана берді», – деп атап өтті Собчак өзінің Telegram-каналында.
Осыған ұқсас ойды белгілі спорт журналисі Бен Ротенберг те айтты.
«Әрине, ресейліктер банға жіберілгеннен кейін мәскеулік теннисшінің Уимблдон жеңімпазы атағын алып кетіп жатуы өте ыңғайсыз болып көрінеді. Бірақ мен мұны Ресейдің құлдырауының бір көрсеткіші деп санаймын. Елена Рыбакина Ресей теннисінен кетіп қалған, себебі, оны онда қолдаған ешкім болған жоқ, талантын тани алмады. Нәтижесінде бүгін Ресей ұтылды, Қазақстан ұтты», – деді ол.