Үлкен істің үйлесімді іргесі
«Үш халифтің ұрпағы» атты кітап жарыққа шықты
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Дидарғайып» журналының баспаға дайындауымен Алматыдағы «Атамұра» корпорациясының полиграфиялық комбинатынан белгілі қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев пен журналист Серік Пірназардың «Үш халифтің ұрпағы» атты кітабы жарыққа шыққан болатын. Фолиантта ислам дінінің бастау алар тұсы мен оның жер бетінде берік орнығуына зор еңбек сіңірген Мұхаммед ғалай-с-салам Пайғамбар мен оның ең жақын жақтас серіктестері болған алғашқы тура жолды төрт халиф қатарындағы Әбу Бәкір Сыддық, Омар ибн-Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Тәліб туралы және бұлардың үшеуінен өніп, қазақ жерінде ислам дінінің кең тарауына үлес қосқан тікелей ұрпақтары – Шәмші Бүзірік, Қырық Садақ, Шаһ Бүзірік тайпаларының жұрағаттары жайлы әңгімеленеді.
Кітап оқырман көпшілікке арналған. Ол 448 беттен, 32 түрлі-түсті жапсырма беттен, яғни 28 баспа табақтан тұрады. Таралымы – 1000 дана. Кітап екі түрлі мұқабамен басылған.
Біз бүгін осы жұмыстардың әу басынан ұйытқысы болған шаруашылық командирі Әсет Шомановтың кітапқа екінші алғысөз ретінде берілген «Үлкен істің үйлесімді іргесі» атты мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жарияланғаннан кейін арада ай өтпей жатып, 1992 жылдың қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» тұңғыш заң қабылданды. Осыдан бастап республикамызда ислам дінінің шын мәнінде қоғамдағы орны өзгерді, оған оң көзқарас қалыптасты. Сөйтіп, есімдері тіліміздің ұшында, жүрегіміздің түкпірінде тұрғанымен, айта алмай жүрген, тарихтың шаң басқан қойнауында елеусіз қалып бара жатқан біртуар әулие бабаларымызды іздеуге, тануға жол ашылды.
Сол жылы еліміздің барлық аймағында, сонымен бірге біздің ауданда да жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған бабалар басында ерте заманда тұрғызылған мазараттарды қайта қалпына келтіру, жаңадан кесене салу науқаны қызу басталып кетті. Жаңақорған ауданының сол кездегі әкімі Ибрагим Әбибуллаевтың тікелей басшылығымен 1992 жылы 31 қазанда Хиссамиддин (Сунақ Ата) әулиенің кесенесі бірінші болып ашылып, үлкен ас берілді. Осы тектес шаралар жалғасын тауып, 1993 жылы Айқожа ишанның туғанына 220 жыл толуы, 1995 жылы Хорасан атаның 1100 жылдығы, Қылауыз атаның 810 жылдығы атап өтілді. Үш ата туралы мәселе бірінші рет 1995 жылы 18 қыркүйекте көтерілді. Үш ата – бұлар: Әл Әмин баб, Шаһ Бүзірік, Шәмші Бүзірік. Кесене осы үш бабаға арнап салынған болатын. Олар ХІV-ХV ғасырларда Өзгент жерінде өмір сүрген еді.
Сол бір 90-шы жылдардың соңына таман экономика құлдырады, совхоздар тарқап, жаппай жекешелендіру басталды. Үкімет тарапынан совхоздарды қаржыландыру тоқтады. «Әр шаруашылық өз күнін өзі көру керек» деген ұран тасталды. Біздің «Үш ата кесенесін» тұрғызу осы кезеңге тап болды. Сол тұста үлкендеріміз арасында үш бабаның басына салатын ғимараттарды біріктіріп салу идеясын көтерді. Жеке-жеке кесене тұрғызу қиынға соғатын болды. Ұсыныс мақұлданғаннан кейін, 1996 жылы жұмысты бастайтын болып келістік. Бұл ғимараттың басты ерекшелігі – үш күмбезді болу керек. Енді үш күмбезді ғимарат тұрғыза алатын сәулетші-ұста табу өзекті мәселе болды. Басшылар ақылдаса келе, түркістандық Арғынбек Оразбаевқа тоқтадық. 1996 жылы наурыз айында Арғынбекті Түркістаннан алдырып, менің «Қожакенттегі» директорлық кабинетімде әңгімелестік. Сол жерде Әнапия Әлжанов, Назарбек Шаухаманов, Насыр Усманов және мен ол кісімен кесененің құрылысын жүргізу жөнінде келіссөз жүргіздік. Ол: «Біз 7 адам болып істейміз, ғимаратқа 80 мың кірпіш кетеді, 800 000 теңге бересіңдер», – деді. Біз ол кісімен 2 сағаттай саудаласа жүріп, оны ақырында 500 000 теңгеге түсірдік. Өзіне «ат мінгіземіз», деп уәде бердік. Ұстамен осылайша мәмілеге келдік.
Келесі күрделі мәселе қаржы жинауға келіп тірелді. Сондықтан үш атадан тарайтын ұрпақтардан ақша жинауға жауапты кісілер белгіленді. Сөйтіп, Қырық Садақтардан Насыр Усманов, Сабұлттардан Әнапия Әлжанов пен Бектас Исмаилов, Шәмшілерден Назарбек Шаухаманов осы жұмысқа басшылық ететін болып белгіленді. Ол кезде қаражат жинау ең қиын шаруа еді. Бұған еліміздің Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларынан бөлек, іргелес Өзбекстан мен Қарақалпақстанда тұратын ағайындар да қамтылды. Баспаған жер, бармаған тау қалмады. Ақырында жиналған ақшаға материал алдық. Исекең, Исатай аға Әбдікәрімов Қызылордадағы cеликат зауытынан беделін салып жүріп, 80 мың ақ кірпіш алып, оны «Өзгент» совхозының орталығына жеткіздіріп берді. Машиналарды Аманкелді Әбдікәрімов басқаратын автотрестен жалдап, артып жатты. Кейде трестің шоферлары «Өзгентке» кірпіш әкеліп, түсіргеннен кейін: «Ақысын қолма-қол ақысын төлеңдер» деп қиғылық салатын. Сондай кезде мен оларды «Қожакентке» шақырып алып, ақ күрішпен есептесетінмін.
Кесене салатын орынды белгілеуге Исатай Әбдікәрімов, Ғафур Мұхамеджанов, Қуандық Сейітмұратов, Әнапия Әлжанов және мен қатыстық. Сонда тоқталғанымыз қазір жұмыс жасалып жатқан жер болды. Кейін осы аумақтың жерін бульдозермен тегістеген кезде оның астынан адам сүйектері, сынған қыштар мен түрлі тиындар шығып жатты.
Сол кезде жасы 103 жасқа келіп отырған Шалабай Мәлімов ақсақал бізге Әл Әмин-баб бабаның сүйегі жатқан жерді көрсеткен еді. Сосын оны қазып, алып келді. Шаһ Бүзірік бабаның топырағын – ескі мазардан, ал Шәмші Бүзірік бабаның топырағын сонау Самарқандтан Ғафекең мен Назекең арнайы барып әкелді. Сонда Шаһ Бүзірік баба жатқан жерді Омар Сейтмұратов пен оның інісі Қуандық тауып берді.
1996 жылы кесене салынатын жерге киіз үй тігілді. Аспазы Үміт – ауылдағы Баязов Елеудің әйелі. Содан көктем шыға құрылыс жұмысы басталып кетті. Сәулетші Арғынбек бастаған құрылысшылар іске кірісті. Әуелі эксковатор-малюткамен Жолжан Мақсұт деген Қылауыздың баласы 1 метр 20 см етіп траншея қазды. Жаңақорғаннан К-700 тракторымен 24 СП әкеліп, краншы Әбибулла Әбдрашитов іргетасын қойып шықты. Ертесіне асфальт зауыттан тағы 24 СП әкеліп, екінші қатарды жасады. Олардың арасы арса-арса болып ашық қалған соң іргетастың үстіне 6 метрлік тор сымды тастап жауып, бетон құйғыздық.
Үш ата күмбезін өргенде, құрылысшыларға тағы да совхоздан кран жібердім. Кран жүргізуші Әбибулла кірпіш пен бетонды жоғары көтеріп, беріп тұрды. Краншы 8 күндей үйіне қайтпай, сонда жатты. Бұдан басқа, плиткаларды еденге төсеу, т.б. қол жұмыстарын атқару үшін совхоздан Әнапия, Жұмақожа бастаған 15-20 адам сонда жатып істеді.
1997 жылы қыркүйекте Жамбыл қаласынан әрқайсысының салмағы 1 тонна 200 кг болатын 3 құлпытас келді. Оларды Исекеңнің күйеу баласы, қазақтың мақтанышы, әлемге әйгілі боксшы Серік Қонақбаев жіберді. Ол кезде «Үш ата кесенесі» салынып біткен еді. Оларды есік, терезелерден ғимаратқа зиян тигізбей, кран арқылы 20 шақты адамның күшімен әрең кіргіздік. Құлпытастардың ілгектері жоқ екен, сондықтан комбайнның жылжымалы белбеулерімен шандып байлап, әрең орналастырдық. Мен өзім соның бәрінің басы-қасында жүрдім. Бұл құлпытастар – мәңгілік ескерткіш болатын айрықша дүниелер. Сонда краншы Әбдірәшитовтің шеберлігі ерекше еді, сонысымен бәрімізді тәнті етті. Қазір ол «Қожакентте» тұрып жатыр.
Сол кезеңнің бір қиыншылығы туралы тағы бір эпизод есіме түсіп отыр. Ақшаның тапшылығынан, жасыратыны жоқ, ұсталардың ақысын үзіп-үзіп беріп, әбден ығырын шығарып алдық. «Қожакентте» бір аста бас қосып отырғанымызда, үстімізге Түркістан қаласынан ұстамыз Арғынбек, – қасында бір көмекшісі бар, – кіріп келді. Біз қарадай терге түсіп, сасып қалдық. Біз Әнәпия ақсақал екеуміз «Бір ши шығарып қала ма?» деп, ас үстінде қыпылдап отырмыз. Ойлағанымыздай, Арғынбек бір реті келгенде, «өтірікші қожалар» деп салды. Бұл бізге көпшіліктің көзінше бетімізге басқандай болып қатты әсер етті. Бір кезде дастархан жиылып, далаға шыққан бойымызда Әнекең қасыма келіп: «Мына ұсталар жұрттың алдында бізді сөзбен өлтірді ғой, енді не істейміз?», – деді. Мен сол жерде шұғыл шешім қабылдадым. Бірден совхоздағы сенімді, әңгіме-сөз шығармайтын азамат, «ЗИЛ» жүргізушісі Смайыл дейтін шоферді шақырып алып, қолына тілімдей қағаз ұстаттым. Онда: «Қоймадан 10 қап ақ күріш, фермаға барып, бір жылқы тиеп ал, сосын мына екі ұстаны Түркістанға үйіне апарып сал», – деп жазылған еді. Сондағы ұсталардың қуанышында шек болмады. Осылайша 1996 жылы менің кабинетімде берілген уәдені 1997 жылы орындап шықтық.
1997 жылы «Үш ата кесенесінің» құрылысы бітті. Ендігі үлкен мәселе ас беруге тоқтады. Оның уақыты 11-13 қазан болып белгіленді. Асқа бір шеті Арал, Түркістан, Шымкент, Алматы қалалары мен Өзбекстаннан қонақтар келетін болды. Өз жағымыздың қатысатындар арасындағы ірі бастылары кезінде облыс, аудан басқарған Исатай Әбдікәрмов, Әлім Мұхамеджанов, Ғафур Мұхамеджанов, Сейілбек Шаухаманов секілді белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері еді. Оның үстіне, жиынға аймақтың бірінші басшысы Бердібек Сапарбаев та келетінін білдірді. Ақырында облыстың бұрынғы, соңғы ардагерлері түгел жиналды. Алдын ала жоспарымыз бойынша, ас берілетін кесене басына 50-60 киіз үй тігілуі, олардың ішін тиісті ас-сумен жоғары деңгейде қамтамасыз ету керек-тін. Ал қолымызда соңғы сәттерге дейін бір тиын ақша болған жоқ. Сосын Бекжан Мұхамеджанов екеуміз өткен жылы ас берген қылауыз ағайындардың басшыларына барып, қанша теңге жұмсағандарын қағазға түсірдік. Есептей келгенде, 700 мың теңгедей керек екені белгілі болды. Ал біз үш ата болғандықтан, 800 мыңнан көп қаражат керек. Осыған байланысты Исекеңнің «Қожакентте» тұратын інісі Сағындық деген кісінің үйіне жиналатын болдық. Бұл қыркүйек айы еді. Сол үйде 25-30 адам бас қостық. Сол мәслихатта Исекең, Ғафекең, Әнекең, Назекең, Насыр, Ибрагим Әбибуллаев төрімізде отырды. Мәселе біреу – асқа 800 мың теңге жинау. Оның жай-жапсары біраз сөз болды. Бірақ халық та ештеңе жоқ. Оның жайы өзімізге де аян. «Осы кезге дейін қайта-қайта жинап, ығырын шығардық, енді тағы қол жаюға бет жоқ», – деп уәж айтты көпшілік. Ақырында Әнапия, Назарбек, Насыр бір-біріне қарап, кімнің көп, кімнің аз жинағанын айтысып кетті.
Шаруашылықта егін орағы науқанының қызып жатқан кезі еді, мен арасында қырманға жиі барып-келіп жүрдім. Сағат түнгі 12-де қайта келсем, манағы айтыс-тартыс әлі басылмапты. Ал одан жиналып жатқан бір тиын жоқ. Мына созылып кеткен отырыста ақсақалдарымыз Исекең мен Ғафекең әрең шыдап отыр. Бұған қоса, үйдің іші ыстық, ауа жоқ, олар әбден шаршады. Сол кезде мен екі үлкен ағамызға қарата: «Біз де бір қауым елміз, бір шешімін табармын», – дегенім сол еді, Ибекең орнынан ұшып тұрып: «Исеке, Ғафеке, сөздің түйінін Әсекең айтты ғой, ол кісі айтса қалайда орындайды», – деді. Мына тұйықтан осылай шыққандарын сезген үлкендер сол бойда дереу дастарханға бата жасап, бәріміз тарқастық.
Содан кейін менен 4-5 күн ұйқы қашты. Ақыры бір күні іштей бір шешімге келдім де, байлаулы бір семіз қойымды сойып, әңгіме-сөз шықпайтын мамандарым мен бригадирлерімді кешке үйге шақырдым. Әнапия, Әсет, Алмат, Жолдас, Қалила, Тұрғанбек, Жұмақожа. Сөйтіп, осы азаматтардың арқасында манағы түйткіл мәселеден түбегейлі шықтым. Сондағы амалымыз – 800 мың теңге қанша тонна ақ күріш болады, соны есептеп, соны Түркістанға апарып сатпақшы болдық. Шынында бұл шаруа өзінің жемісін берді, көп ұзатпай асқа керекті ақшамызды шығарып алдық. Нәтижесінде Үш ата асы дүркіреп өтті. Оған жер-жерден мың-мыңдаған адам жиналды. Құрметті қонақтар көп болды. Өзі уәде бергеніндей, облыстың бірінші басшысы Бердібек Сапарбаев та келді. Бұрынғы облыс басшылары Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Сейілбек Шаухаманов онымен қатар төрге жайғасты.
Осы орайда «»Үш ата кесенесінің басқалардан бір ерекшелігін айта кетуіміз керек. Біріншіден, бұл қожалардың Қырық садақ, Молда Шәмші, Сабұлт аталары ұрпақтарының ауызбіршілігін, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдығын айқын көрсетті. Екіншіден, кесенеде айрықша айбынды болып үш күмбез қатар орнатылды. Бұлар біздің бірлігіміз бен татулығымыздың символындай болды. Осы игі бастаманың ұшар басында қарқарадай болып Исекең, Ғафекең, Назекең, Дәукең, Әнекең, Сейілбек, Насыр ағаларымыз жүрді. Олардың бәрі бүгінде дүниеден өтіп кеттіі. Мен қазір сол әзиз ағалармен бірге үш атаның басы-қасында болғанымды, бірге тірлік атқарғанымды үлкен мақтанышпен, терең сағынышпен еске аламын.
«Үш ата кесенесі» тұрған жер – ескі Өзгент шаһарының жаны. Өзгент – тарихи қала. Оның аумағы 4 шақырым, ұзындығы 1,5 шақырымды алады, сонымен бірге 62 қақпасы болған. Биік мұнаралары бар, әрқайсысы 40 басқыштан құралатын айналмалы сатысы тұрған. Сардобаның орны сақталған, қайтыс болғандарды уақытша қоятын «Оғыз» атауы «тайпалар бірлестігі» деген ұғымды білдірген, кейіннен ол этнос–атау мағынасына айналған. Өзгенттің аты басында «Оғызкент» аталыпты. Кейін айта-айта қысқарып, Өзгентке айналған. Осы жерде сөз ете кетуіміз керек, орта ғасырларда Ферғана жазығында да тап осындай Өзгент деген тағы бір шаһар болған. Ол мына Өзгенттен гөрі үлкендеу болған екен. Кейде тарихшылар осы екі Өзгентті шатастырып алып жатады.
Сыр бойында оғыздардың Жент және Жанкент деген де қалалары дәурен сүрген. Жент қазіргі Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында 20 шақырым жерде тұрған. Бірақ бұл маңайға егін егілуі себепті оның орны түгел жойылып кеткен. Сондықтан бұл көне қаланың қирандысы табылмай қалды. Ал X ғасырда Оғыз мемлекетінің орталығы болған Жанкеттің орны қазіргі Қазалы ауданы жерінде тұр. Ол Қазалыдан 20 шақырым жерде. Оғыздар тарихи деректерде бүгінгі түрік, түрікмен, әзербайжан, қашқай, афшар, халадж, қарадағ, терекеме, гагауз сияқты халықтардың түп атасы деп аталады. Оның ізі, жоралғысы өзбектер мен ұйғырларда, сондай-ақ қазақтар мен қарақалпақтарда да бар.
Сөз жоқ, біздің Өзгент шаһары келешекте зерттеледі, қазба жұмыстары жүргізіледі деп ойлаймын. Мұның айналасындағы «Хорасан ата», «Қылауыз ата», «Бақсайыс ата», «Қылышты ата», «Төлегатай ата», «Қырық Садақ», «Шаһ Бүзірік», «Шәмші Бүзірік» кесенелері бір шеңбердің бойында айнала жатыр. Келешекте осы аталарды бір-бірімен жалғайтын діни туризмнің «Алтын шеңберін» жасауға болады.
Сөйтіп, осы жылдарда Жаңақорған жерінде тұңғыш рет «Үш ата» деген есім-ат дүниеге келді. Үлкен істің үйлесімді іргесі осылай қаланды. Бұл жер болашақта айтулы туризм ошағына айналады деген үмітіміз бар. Себебі, «Үш ата» кешенінің дәл қасында тарихи Өзгент қалашығы тұр. Демек, біздің бастаған ісіміз аяқсыз қалмайды. Осы жылдың өзінде кешеннің айналасында үлкен құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл аяулы ағаларымыздың бір кездергі асыл армандары еді. Бүгінде соның бәрі біртіндеп орындалып жатыр. Соған тәуба дегіміз келеді.
Әсет ШОМАНОВ