Украина жауға қарсы ауыр қарулар қолдана бастады
КИЕВ. 7 мамыр. Украина Қарулы күштері Ресей басқыншыларымен соғыста ауыр қаруларды қолдануға кірісті. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, украин жауынгерлері қазірдің өзінде Батыстан алған ауыр қару-жарақтарды қолдануды бастап кеткен. Атап айтқанда, бұл алдымен Харьков облысындағы Изюм бағытында жүзеге асырылды.
«Әңгіме Британияның Brimstone ракетасы жайында болып отыр. Ол – кемеге қарсы атылатын зымыран, сонымен бірге жер бетіндегі нысандар үшін де қолдануға болады. Біздің әскеріміз оны белсенді түрде пайдаланып жатыр», – деді Арестович.
Кеңесшінің сөзіне қарағанда, Украина қарулы күштері америкалық гаубицаларды да қолдануды бастаған.
Алайда, Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб әзірге Батыс ауыр қару-жарақтарының майданға шығарылғаны хақында ресми мәлімдеме бере қойған жоқ.