Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Мәскеуде Владимир Жириновский қайтыс болды

МӘСКЕУ. 6 сәуір. ЛДПР серкесі Владимир Жириновский сәрсенбі күні ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Қазалы оқиғаны Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин палатаның пленарлық отырысын ашар алдында әріптестеріне жеткізді.

«Ауыр және ұзаққа созылған кеселден кейін ЛДПР лидері Владимир Вольфович Жириновский қайтыс болды», – деді Володин.

Депутаттар саясаткерді бір минут үнсіз еске алды да, отырысқа үзіліс жариялады.

Владимир Жириновский 1946 жылы 25 сәуірде Алматы қаласында туған. 1964 жылы осындағы Ф. Дзержинский атындағы №25 орта мектепті бітірген. 1970 жылы МГУ жанындағы Шығыстану институтын тәмамдаған.

Владимир Жириновскийдің ата-аналары: Вольф Исаакович Эйдельштейн, Александра Павловна Жириновская (қыз күнінде – Макарова). Әкесінің ұлты – еврей, анасының ұлты – орыс.

Атасы – Исаак Эйдельштейн қазіргі Украина жеріндегі (сол кезде Польшаға қараған) Волынь губерниясының Ровно уезіндегі Костополь селосында 200-ден астам жұмысшысы бар өнеркәсіптің егесі болған. Әкесі Вольф Эйдельштейн Костопол селасында туған. Ол Париждің Сарбонна университетін бітірген. Кейін совет өкіметі орнаған кезде ол әкесімен бірге сотталады. Волынь жері Украинаға қараған соң Алматыға жер аударылады.

Ал анасы Александра Макарова Мордваның Красная Слобода ауданындағы Лаушки деревнясында туған. Ол кейін НКВД қызметкері Андрей Васильевич Жириновскийге тұрмысқа шығып, бес баланы өмірге әкелген. Андрей Жириновский 1937 жылы қызметтік құжаттарын жоғалтып алуына байланысты органнан шығарылған. Ол сосын 40-шы жылдардың басында отбасын алып, Алматыға көшіп келіп, Түркістан-Сібір темір жолының орман шаруашылығы бөлімін басқарады. Бірақ 1944 жылы туберкулез ауруынан қайтыс болып кетеді.

Содан кейін Александра Жириновская күйеуінің қызметтесі Вольф Эйдельштейнге тұрмысқа шығып, 1946 жылы ұлы Владимир дүниеге келеді. Алайда, ол ұлын еш уақытта көре алмайды. Себебі, 1946 жылы сәуірдің басында байдың баласы ретінде шұғыл Польшаға депортация жасалады. Сол жақтан 1949 жылы Израильге өтіп кетіп, 1983 жылы ежелгі иудей елі жерінде қайтыс болады.

Ал Владимир 1964 жылға дейін Эйдельштейн атанып жүреді. Тек жоғары оқу орнына түсерде бірінші күйеуінің тегінде қалып қойған анасының фамилиясын алады. Оның бір анадан бірге туған 2 ағасы, 3 әпкесі болды.

Түбі қазақстандық Владимир Жириновскийдің қысқаша тарихы осындай.

Туған жері, туған қаласы туралы оның не айтып кеткені жайлы бұл жерде сөз қозғамай-ақ қояйық.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button