Ресейліктер Белгородты украиндар бомбылағанына сеніп жатқан жоқ
МӘСКЕУ. 1 сәуір. Ресейдің Украина шекарасына жақын жердегі Белгород қаласындағы мұнай базасын украин ұшқыштары бомбылағанына ресейліктердің де көбі сеніп отырған жоқ. Бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенген rast.kz хабарлады.
Мұның алдында да осы Белгород қаласына қатысты осындай қауесет тараған. Оның жанында орналасқан әскери қоймада өрт шығып, біраз снаряд жарылған. Ресей армиясы мұны бірден украиндар жасады деген вердикт шығарған.
Онда да облыстың губернаторы Вячеслав Гладков деген шәуілдеп шыққан.
Әлбетте, бұған еш қатысы жоқ Украина Қарулы күштері бас шайқай отырып, мұндай бетпақтыққа келісе қоймады. Бірақ орыстар аздан кейін өтіріктерінің өтпейтінін сезіп, «тәубелеріне келіп», жарылыстың қоймадағы сақтық шараларының сақталмауы салдарынан орын алғаны анықталғанын айтып, тайқып шыға келді.
Бұл жолы қаланың орталығындағы мұнай базасына екі украин тікұшағы өте төменгі биікте ұшып келіп, бомбылап кетті деп соқты. Әлгіндегі Гладков деген. Шамасы, тағы да жоғары жақтың тапсырмасын орындап отырса керек.
Ал Украина жағы тағы да бұған бас шайқап қарады. Себебі, онда тікұшақ жібермегендері өздеріне аян.
Бұған ресейлік азаматтардың көкірегі ояулары сене қоймады. Солардың бірі күні кеше ғана «арнайы операция» кезінде жұмыс істеуді қоя тұруға шешім қабылдаған, Нобель сыйлығының былтырғы жылғы лауреаты Дмитрий Муратовтың басылымы – «Новое время» газетінің қызметкері Геннадий Гудков бүгін Twitter-дегі парақшасына осыған қатысты ойларын жазып қалдырды.
«Путин режимінің РФ-ға қарсы қанды арандатушылығы басталып кеткенге ұқсайды. Мұны Белгородты Ка-52 тікұшақтарының бомбылағанын видеодан көргесін айтып отырмыз. Мұндай машиналар УҚК-терінде мүлде жоқ. Шамасы, бұл Путин режиміне жеккөрушілікті қоздырып, армияға жас толқын мен келісімшартпен келушілерді кең ауқымда мобилизация жасау үшін ғана керек болып тұр-ау», – деп жазды ол.
Белгілі музыкант Андрей Макаревич те бүгін Twitter-де осыған байланысты ой білдірді. «Тіпті Гитлердің өзінің басына рейхті бейбітшілік сүйгіш етіп көрсету үшін «совет армиясы өз қалаларын өзі бомбылап жатыр, Ленинградты қоршауға алған да өздері» деп жариялау келген жоқ», – деп қайран қалады ол. Түңіледі, керек десе!
1 сәуір күні тағы да Мариуполь атыстың қатты нөпірі астында қалды. Мұншалықты арсыздық болады екен-ау, Ресей «бұған біздің түк қатысымыз жоқ» деп мәлімдеді.
Әлі мұндай талай құқайды көретін сияқтымыз.