Путин енді Ресей билігінің басында қала алмайды – Байден
ВАРШАВА. 27 наурыз. Кеше АҚШ президенті Джо Байден Польшаға жасаған сапары барысында енді Владимир Путиннің Ресей билігі басында қала алмайтынын айтты. Бұл туралы поляктың «24 канал» телеарнасы хабарлады.
Ақ үйдің басшысы сөйлер алдында оған Ресей армиясының Львовты атқылап жатқаны жайлы мәлімет берілді. Ол сондай-ақ осы жерде украин босқындарымен кездесті. Соның алдында Польшадағы АҚШ солдаттарымен жолығып, солар ішіп отырған түстік асқа ортақтасқан еді.
Саясаткер КСРО-ның, атап айтқанда, нақты Ресейдің әлемдегі демократияның екпінін басу жолында ондаған жылдар бойы күресіп келе жатқанын сөз етті. «Бұл жағдай қазір де жүріп жатыр. Кремль «этникалық ынтымақтастық» деген желеумен өзге елдерге басып кіріп жүр. Владимир Путин осыған байланысты өзінің алдына нақты мақсат қойған, алайда, агрессор бұған қол жеткізе алмайды», – деді Байден сеніммен.
АҚШ президенті Польшада екінші мәрте Путинді «әскери қылмыскер» деп атады. Бұдан бұрын АҚШ Конгресі де осындай шешім қабылдаған еді.
«Менің украиндарға айтқым келетіні – біз сіздермен біргеміз. Нүкте», – деді ол.
Қазіргі күндері Украина армиясы Джо Байден уәде еткен қарулардың алғашқы партиясын алып үлгерді.