Қазақстанның жаңа Бас прокуроры тағайындалды
АСТАНА. 8 наурыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Берік Асылов 3 наурыз күні Қазақстанның Бас прокуроры болып тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Алдымен Парламент Сенаты Президентке Қазақстанның Бас прокуроры лауазымына Берік Асыловты тағайындауға келісім берді. Депутаттар оның кандидатураны бір ауыздан қолдады.
Берік Ноғайұлы Асылов 1964 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы «Бірлік» ауылында туған. Білімі жоғары. Заңгер. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әділет аға кеңесшісі.
1991 жылдан бері прокуратура саласында қызмет істеп келеді. Әр жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, Бас прокуратураның ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары, Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары, Ақтөбе облысының прокуроры қызметтерін атқарған.
2006-2008 жж. – Батыс өңірлік көлік прокуроры,
2008-2010 жж. – Ақтөбе облысының прокуроры,
2010-2011 жж. – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары,
2011-2017 жж. – Алматы қаласының прокуроры,
2017-2019 жж. – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры,
2019 жылдың 28 наурызынан Бас прокурордың бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
«Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен марапатталған.