Тоқаев шетелге кеткен ақшаларды қайтаруға тапсырма берді
АСТАНА. 8 ақпан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған ақшаларды елге қайтару үшін екі ай мерзім берді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаржылар мен онда алынған активтерді екі ай мерзім ішінде елге қайтару тапсырылады», – деді Мемлекет басшысы бүгін сейсенбі күні өткен Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында.
Бұған дейін «Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары көлемінде ақша шығарылғаны белгілі болған. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең мөлшердегі қаражат екен.
Аталмыш операцияның қаншалықты табысты аяқталғанын қоғам елдегі Бірінші әулеттің еншісіндегі қаржылар мен активтердің сырт жақтардан қайтарылу деңгейіне қарап бағалайтынын да ұмытпасақ керек. Ол жүзеге асырылмаса, мына қаһарлы мәлімдеменің өзі бос сөз болып шығады.