Бүлік кезінде көк туды көтеріп жүрген жігіт табылды
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. Оңтүстік мегаполисте жаппай қарсылық қозғалысы қызу жүріп жатқанда Қазақстанның туын көтеріп жүрген жігіт табылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Алматыдағы дүрбелең күндердің бірінде бейбіт жағдайда еліміздің туын көтеріп көшеге шыққан жігіт бірден жұртшылықтың назарын өзіне аударып еді. Осы мезет түсірілген суреттер мен видеожазба сол бойда әлеуметтік желіге кеңінен тарап кетті.
Жұрттың пайымдауынша, Қазақстанның туын көтеріп, елге тыныштық тілеп жүрген жігіт, шамасы, өзіне екі жақтың да адамдары тиісе қоймайды деп есептесе керек. Бірақ, олай болмапты, оны артынша әлдеқайдан бір атылған мергеннің оғы баудай түсіреді.
Кейін желіде бұл жігіттің амандығы туралы бір-бірінен сұрасқан, оған жанашырлық танытқан ағайын өте көп болды.
Міне, көптің тілегі қабыл болып, «снайпердің» мүлтіксіз тиген оғынан кейін де ол аман қалыпты. Ал қаһарман, патриот, қазақшыл жігіттің аты-жөні Берік Әбішев (суреттерде) болып шықты.
Оның тірі екенін Жәнібек Иманмәзір есімді блогер хабарлады. Ол өзінің Facebook-тағы парақшасына бұл туралы былай деп жазды:
«Табылды.
Әлеуметтік желіде ту ұстап танылған жігіт жаңарықта көзін ашты.
Басына снайпердің оғы тиген екен.
Жұрт сол жігітті кім деп іздеп таппай амандық тілеп еді, ес түссіз жатқан Берик көп болмай көзін ашты.
Бұл жігіт алматылық белсенді Берик Абишев..
Осында оқып отырған барша қазақ бірің қалмай деніне саулық ұзақ өмір шипа тілеп және лайк басып қойыңдар .
Осындай азаматтар аман болсын!
Таратып қойыңыздар».
Лайым, батыр жігіт аман болсын! Емі өзіне шипа болсын.