Топ басындағы «Тобыл» тосқауылға тап болды
Шілденің 20-21-і күндері футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасы 19-турының ойындары ойналды. Бұл турда топ басындағы «Тобыл» өз алаңында «Қайраттан» оңбай ұтылды, «Қайсар» көш соңындағы «Ақтөбеге» жол беріп қойды, ал «Ордабасы» Атырауда ұтылыс тапты.
Әңгімені 20 шілде күнгі ойындардан бастайық.
Қарағандыда «Шахтер» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады. Олардың бірінші таймдағы ойындары оншалықты тартысты бола қойған жоқ. Екі жақ та шын мәнінде бір-бірлерінің қақпасына пәлендей қауіп туғыза алмады. Ал екінші таймда екі жақ та түлеп сала берді. Кеншілер бірінші болып алға ұмтылды. Алдымен Сергей Зенёвтің ұрған добы маңдайшадан қайтты, сосын Евгений Ткачёв бұрыштамадан берілген допты дарбазаға дәл бағыттай білді. Арада жеті минут өткеннен кейін, 64-минутта қонақтардың шабуылшысы Санат Жұмаханов алаңнан қуылды. Осыдан кейін қонақтардың шыдас бермейтіні байқалып қалды. Ал «Шахтер» есепті талқандау деңгейіне дейін жеткізе алатын еді, бірақ оған бара алмады. Сөйтіп, 1:0 деген есепті қанағат тұтты.
Осындай есеп Қызылордада да қайталанды. Бірақ онда «Қайсар» топ соңындағы «Ақтөбеге» есе жіберіп алды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды Ардақ Сәулет 41-минутта түсірді. Айта кету керек, соңғы кездері ақтөбеліктер ойынында тұрақтылық пайда бола бастады. Бұған керісінше, қайсарлықтар ұпай жоғалтуды жиілетті. Осының алдында Алматыда «Қайраттан» 1:5 есебімен ұтылып қайтқан команда өз алаңындағы кездесуде де аса жинақылық таныта алмады. Матч қонақтардың қауырт та қауіпті шабуылдарымен өрбіді. Олар бұдан кейін де ойын тізгінін көбіне өз қолдарында ұстады. Қазақстан Кубогының финалына шыққан команда үшін жинақылық енді ауадай керек. Әйтпесе, тамызда өтетін финалдық матчта «Атыраудан» да аса алмауы әбден мүмкін.
Шілденің 21-інде өткен ойындар арасында ерекше тоқталып өтетін матч Қостанайда ойналды. Мұнда «Тобылдың» әрекеті таң қалдырмай қоймайды. Ол бас жаттықтырушы Владимир Газзаев кеткеннен кейінгі бірінші кездесуін жақсы-ақ бастады. Осылайша алғашқы жарты сағатта «Қайратты» 2:0 етіп ұтып тұрды. Голдарды 14-минутта Артурас Жулпа, 31-минутта Максим Федин салды. Содан кейін түсініксіз нәрселер басталып кетті. Енді қонақтар алға ұмтылды. Олар сол пәтімен бес доп түсіріп үлгерді. Сөйтіп, алматылықтар 5:3 есебімен ұтып кетті. Олардың сапынан бірінші қарымта голды салған жақында «Уфадан» елге оралған Еркебұлан Сейдахмет болды. Ол 45+1-минутта қостанайлықтар қақпасынан саңылау тапты. Ал екінші таймда әуелі Мартон Эппель 73, 79-минуттарда дубль жасап, ойында бірінші рет өз командасын алға шығарды. 82-минутта Адеринсола Эсеола есепті 4:2-ге жеткізсе, араға бір минут салып қостанайлық Сенин Себаи ара-қашықтықты бір голға қысқартты. Алайда, 87-минутта Бауыржан Исламхан пенальтиден гол соғып, меймандардың жеңісін нығыздай түсті. Матчтың 85-минутында алаң иелері сапынан Витаутас Андрюшкявичюс «қызыл қағаз» алып қалды.
Таразда жергілікті команда Талдықорғанның «Жетісуын» 2:0 етіп тізе бүктірді. Соңғы кездері тұрақтылықтан айырылып қалған қонақтар бұл кездесуде де жүйелілік көрсете алмады. Алаң иелері алғашқы голдарын 51-минутта пенальтиден түсірді. Оны Рибейро Эливельто өз есебіне жазды. Осы ойыншы 92+2-минутта екінші рет алған «сары қағазы» арқылы алаңнан да қуылды. Бұдан кейін 90+4-минутта Абзал Таубай есепті еселеп үлгерді. Атыраудағы кездесуде де бір гол ғана соғылды. Оны 74-минутта Исламнур Абдулавов салып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Келесі 20-турдың ойындары 27-шілде күні ойналады. Онда «Оқжетпес» – «Ақтөбе», «Жетісу» – «Шахтер», «Астана» – «Тараз», «Ордабасы» – «Ертіс», «Тобыл» – «Қайсар» өзара күш сынасады.
Турнир кестесі
(22 шілдедегі жағдай) |
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
Ескертпе. «Ақтөбеге» қарыздары үшін 12 ұпай айып салынған. |
Мергендер көші
12 – Адеринсола Эсеола («Қайрат»);
10 (1) – Мартон Эппель («Қайрат»);
9 – Жоао Пауло («Ордабасы»);
9 (1) – Марин Томасов («Астана»)
8 – Тоқтар Жанғылышбай («Ордабасы»);
7 – Тигран Барсегян («Қайсар»);
7 (1) – Серж Ньюадзи («Тараз»);
7 (2) – Азат Нұрғалиев («Тобыл»);
6 – Сергей Зенёв («Шахтер»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»);
6 (1) – Иван Пешич («Шахтер»).