Басты баған

Әлихан мен Мұстафаны салыстырғанды қашан қоямыз?

Ержан, Әлиханды «тереңірек зерттеу керек» деген пікіріңе қосыламын. Оны Бауыржан да жазған, мен де айтқанмын. Бірақ Әлиханның қазақ қоғамына сіңірген еңбегі «дейді екен де, дейді екеннің» о жақ, бұ жағы, болмаса «анаған қол ұшын берді», «мынау оны хатында мадақтады», «екі қайраткерді табыстырды», «өзгелерді комитетке ұсынды» деген сияқты қосалқы мәліметтерге емес, Ә.Бөкейханның қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарына, одан да жоғары – теориялық дәрежесіне негізделуі шарт. Ғылыми танымның талаптары бойынша өзгелердің пікірі қосалқы мәліметтер болып саналады. Тұлғатану саласындағы мұндай күрделі іске эмпиризм өлшем бола алмайды. Ал біз болсақ күнілгері «көсем» жасаумен әлек болып, одан әріге бармадық. Өмірбаянын толықтыру, мақалаларын бастыру, архив құжаттарын ақтару – зерттеудің бастапқы кезеңі, эмпиризм. Ол ғылыми танымның өзі емес, шикізат, материал ғана. Содан келістіріп әсем үй тұрғызу – ғылыми таным.

Шоқайды Думаға Әлихан ғана ұсынды деу – артық әңгіме. Ашығын айтайын, бұл баяғы Әлиханды Мұстафадан жоғары қоюдың әлегі. Дұрысында бұл іске бүкіл Түркістан қазақтары атсалысқан. «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 203, 210, 211-сандарында «Бюроға екінші кісі қою туралы» деген хабар жарияланған. Оған Қалжан Қоңыратбаев бас болып ондаған түркістандықтар қол қойып, М.Шоқайдың СПб-тегі Мұсылман фракциясында қызмет етуін сұраған. Тіпті қаржысын тауып беруді де мойындарына алған. Себебі Әлихан Түркістан қазақтарының өкілі болудан бас тартқан.

Ал Түркістан өлкесінің комитетіне келер болсақ оған кез келген адамның ұсынылмайтыны белгілі. Ташкентте ескіше хат танып шығыс мәдениетіне, СПб-те университет бітіріп батыс мәдениетіне жетілген Мұстафаның бұл тізімге кіруі заңды. Осындай абырой әпермейтін, қосалқы, жанама мәліметтерді Әлиханға апарып жапсыра бермей, Шоқайдың беделі, саяси салмағы деп неге ұғынбасқа? Әлде мұндай жағдайда Әлиханның «көсемдігіне» нұқсан келмек пе? Әлихан араласқан күннің өзінде ол «бармақ басты, көз қыстымен» емес, Мұстафаның ел алдындағы саяси беделіне негізделген ұсыныс болғанын неге ескермейміз! Әлде бұл Шоқайдай беделді адамды тізімге қосқан Бөкейханды одан да «беделді» етіп көрсетудің жалғасы ма? Әлиханға ылғи ғана «қыстырма» рөл бермей, дүниетанымын, саяси платформасын, теориялық дәрежесін неге сөз етпейсіздер?

90-жылдары Алаш қайраткерлерін ақтау барысында Әлиханның масондар құрамында болғанын сыбырлап айтушы едік, бүгінде мақтанышпен сайрайтын болдық. Дүниетанымының бір саласы – осы. «Масонское ложе – тайное сообщество», «поклонение дъяволу», «коварное братство» деген жолдардан оның бағыт-бағдарын шамалауға болады. Соломон заманынан тамыр тартатын бұл ұйымға мүше болу үшін, ең алдымен, Құдайға сену керек. Одан соң бірнеше масон мүшелері оған кепілдік беріп, ұйымның құрамына ұсынады. Кандидатты масон ұйымына қабылдау туралы шешім құпия түрде шығарылатын болған.

Сонда бұл не? Оны қалай ұғынып, қандай баға береміз? Ұлт қамын жеген Әлихан осындай ұйымнан не іздеген? Осыған анықтық енгізбей «жауырды жаба тоқи бергенмен» таным тереңдемейді. Содан барып салмақты ой мен ғылыми танымды қалай да «көсем» жасаудың ұшқалақ эмоциясы алмастырады.

Әлихан Бөкейханның болмысына тереңдеп, оны диалектикалық арнада – кемшілігін де, жетістігін де – танудың орнына ұлт «көсемін» жасауға біржолата бет қойған «солтүстіктегілер» трайболизммен бұрындау ауырған сияқты. Сол себепті оларға Шоқайдың әлемдік деңгейдегі азаттық идеясына араласқан ой-өрісі, биік әлеуеті жақпай отыр. Себебі біреу ғана: олай болғанда Әлиханның беделі төмендеп кетпек.

Бүгінде Шоқай бүкіл түркі әлеміне, одан қалды Еуропа елдеріне танылып болды. Сүйегі Берлиннің қақ ортасында жатса, Париждің маңайындағы көгілдір паркте бюст-бейнесі тұр. Түркия жұрты да оның саяси-әлеуметтік іс-әрекеттерін жоғары бағалайды. Оның рухани мұрасына байланысты еларалық деңгейде бірнеше докторлық диссертациялар қорғалды. 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бес елдің тілін меңгерген Мұстафа Шоқай тарих мінбесінен өз орнын алып болды.

Ал, Әлихан Бөкейханнан «көсем» жасағысы келіп жүргендердің бітіргені не? Ауыз толтырып айтары қайсы? Мақсат «қатынкеріспен» қалай болғанда да одан «ұлт көсемін» жасауда емес, оның тарихи орнын дәлелдеуде, қоғамдық қызметіне, дүниетанымына, саяси істеріне төрт құбыласы тең ғылыми баға беруде. Мұны жүзеге асыра алмаған жерде сөз-эмоция көбейіп, таным бір орнында тұрақтап қалмақ…

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button