Болат Өтемұратовтың Forte банкі қазақ тілін керек етпейтін болып шықты
АСТАНА. 17 мамыр. Өткен аптада «қызметкерге қазақ тілін білу маңызды емес» деген ескертпесі бар хабарландыру жариялаған Forte Bank-тің мемлекеттік тілді менсінбейтіні шындыққа айналды. Бұл туралы Arasha.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Банк мұны бос жұмыс орны туралы хабарландыруында атап көрсетті. Оның мұнысы тек қазақ халқына ғана емес, сол халық негізін құрап отырған қазақ мемлекетіне де, сол мемлекеттің мемлекеттік тіліне де байкот жариялап, ашықтан ашық «соғысқа шығумен» пара-пар жайт еді.
Мынадай жойдасыздық пен бетсіздік қазақ қоғамында көпшіліктің қатты наразылығын тудырды. Осы дүмпуден қорыққан Forte Bank іле-шала мұны жасанды интеллектке аудара салды. Қателіктің жасанды интеллекттен кеткенін айтып, ақталуға тырысып бақты.
Артынша Facebook блогерлердің көмегімен бірнеше жазба жариялады. Онда банктің мемлекеттік тілді қолдайтын бірнеше жобаны қолға алғаны туралы айтылған.
«Мысалы, «Mazmundama» қорының екі әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударуына толық демеушілік етеді. Есік қаласында биыл қазақ мектебінің құрылысын аяқтайды. Өз ішінде де банк мемлекеттік тілді бизнес процестерге сәтті енгізіп келеді. Қызметкерлер ана тілімізде сөйлейді», дегенді бірнеше блогер сөзбе-сөз қайталап шықты. Бізге атын атауды қалмаған PR маманы бұл өте сәтсіз кейс болды, дейді», – деп жазады Arasha.kz.
«Банктің кешірім сұрап, қателіктің реттелетіні туралы айтқаны дұрыс болғанымен, аудиторияға ақпаратты блогерлер арқылы ақылы посттармен жедел жеткізгісі келгені сәтсіз кейс болды. Жағдайды реттеуге асыққан банктің мәселені шешуді агенттікке немесе жекелеген адамдарға беріп, процесті соңына дейін қадағаламағаны, ақылы пост жазған блогерлерді білмейтіні, қазақ тілді БАҚ, медиамен байланысы жоғы байқалады. Қазіргі кезде қазақ аудиториясында ақылы посттарға қарсылық бар. Ақылы посттардың жарнама ретінде белгіленбеуі, ақпараттың бұрмалануы, манипулацияға жол беру көп адамның наразылығын тудырады. Бұл жерде банкті ақтап алуға емес, ақпарат таратуға көбірек сүйену керек еді. Мүмкін банктің жоспары солай болған шығар. Бірақ көрініс басқаша болды», дейді маман.
Ақылы посттар сериясынан кейін мәселе әсіре ушығып, кейбір кісілер банктегі шоттарын жаба бастады. Олардың қатарында QAZBILIM GROUP компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан да бар. Оның «Жас алаш» газетіне берген ақпаратына қарағанда, білім беру бағытындағы компаниялар тобының құрамына кіретін 8 компания Forte-дегі шотын жапқан. Мұндағы қызметкерлер ай сайын Forte-ден 250 млн теңге жалақы алып отырған.
Банк қанша ақталып, ақпарат таратып баққанымен, қазақ тіліне құрметі туралы экс-қызметкерлері де айтып үлгерді. Оның жай-жапсарын janabastau.kz сайты жазды.
«Forte Bank-тің мәселесіне барлығы жазып жатыр. Forte Bank-тің өзі де жазып жатыр. Роботтың жіберген қателігі емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын Forte Bank-те жұмыс жасаған кезде бұл система әлі де актуалды еді. Орыс тілін білетіндерге немесе орыс тілін міндетті түрде білетіндерге жұмыста көтерілуге жоғары мүмкіндік жасалатын да, қазақ тіліне айтарлықтай көңіл бөлінбейтін. Қатты көңіл бөлінбейтін, сол себепті айтылып жатқан соңғы посттарындағы қазақ тілін құрметтеуге байланысты, роботтың жіберген қателігіне байланысты оның бәрі өтірік әңгіме», – дейді банктің бұрынғы қызметкері Мағжан Ысқақов.
«Банктегі тіл мәселесі, жіберілген ағаттықты ақтап алу операциясы сәтсіз болғанын байқаймыз. Даулы тақырыптан банкті 9 мамыр мерекесі, ертеңінде Бишімбаевқа шыққан үкім құтқарды. Аудиторияның назары қос тақырыпқа ауып кетті. Алайда тақырыптың басы ашық. (Жалпы қазақ тілі мәселесі тек Forte-де ғана емес, барлық банктерде барын айтуымыз керек). Сондықтан біз мәселеге тереңірек үңіліп, оқырманға шынайы жағдайды жеткізу үшін Forte-ге сауалхат жолдаған едік. Алайда банктің PR-директоры Әсел Тынышбекова, 6 сұраққа алты ауыз да жауап берместен бұған дейінгі мәлімдемесін қайта жолдап, «Больше комментариев нет» бір ауыз сөз жолдапты. Бұл жауапты да жасанды интеллект жолдаған шығар деп түйдік. Осылайша тілге қырын қараған банк, қазақ тілді БАҚ-қа да басқаша қарап отыр», – деп атап өтеді Arasha.kz.
Расында банк басшылары өздерінің қазақ халқының арқасында адам болып отырғандарын тарс естен шығарып алғандары сондай, тек қазақ тілін ғана емес, оның тарихын да көпе-көрнеу сыйламайтындарын әлдеқашан байқатып қойған.
Ал Forte bank-тің егесі Назарбаевтың қолдан жасап берген олигархы Болат Өтемұратов екені белгілі. Тағы бір нәрсе айдан айқын: Әкесінің, анасының, туған-туыстарының тілін керек қылмайтын, ата-баба әруағынан қорықпайтын Болат Жәмитұлының өзі де қазақ тілін білмейді, қазақша екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайды. Соған қарағанда, қазағы қалың Қызылорда жерінде туып-өскен Болат бала жасынан ана тілін жек көріп, оған қастасып қалыптасқанға ұқсайды. Мәселе туған жеріне барып, бір мешіт салып берумен ұлт алдындағы бар мәселенің шешіле салмайтынын, шамасы, Болат білмейтін сияқты…
Осыдан кейін портал Өтемұратовтың иелігіндегі тағы бір нысан – Narxoz University туралы да өзекті өртейтін сөз қозғап өтеді.
Ресурстың жазуынша, бүгін сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауал жолдап, Т.Рысқұловтың атын Нархоз университетіне қайтару туралы мәселе көтерген.
«2000 жылы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, кеңестік «Нархоз» атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ. Таяуда бір топ зиялы қауым өкілдері Тұрардың атын университетке қайтару керек деп хат жазған екен. Сондықтан Алаш арысы Тынышбаевтың есімі Логистика және көлік академиясына қайта берілгені сияқты, бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз», дейді депутат.
2016 жылы жеке меншікке өтіп, Үкімет қаулысымен берілгеніне қарамастан, Т.Рысқұловтың атынан бастап, бас ғимарат алдындағы ескерткіші де жасырын алынып тасталған. Университет сайтындағы тарихынан Т.Рысқұловқа қатысты деректің бәрін жойған. Сөйтіп, тарихтың тарауларына арнайы балта сілтеп отыр. Зиялы қауым бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. «Егемен Қазақстан» бастап, көлемді мақалалар жазды. Алайда Өтемұратов бастаған қожайындары әлі үнсіз. Сонда бұлар Forte-сі, Narxoz-ы бар, қазақ тілін ғана емес, қазақ медиасы мен тарихын да менсінбей ме?
Мұндай банктің қазаққа, жалпы Қазақстанға керегі бар ма? Қазақты қазақ жерінде қорлауды ашықтан ашық жүргізіп отырған банкке мемлекеттік органдар қалай қарайды?
Жалпы, еш уақытта бизнеспен дендеп айналысып көрмеген, «дайын асқа – тік қасықтың» өкілі Болат Өтемұратовтың қалай аяқ астынан олигарх болып шыға келгенін мұқият тексеретін уақыт әлі жеткен жоқ па?