РФ президенті Путин Қытайдан түк те ала алмай, дымнан дымсыз қайтты
БЕЙЖІҢ. 17 мамыр. Ресей президенті Владимир Путин Қытайға барған сапарынан екі бірдей ірі экономикалық сәтсіздікке ұшырап, құрқол қайтып келе жатыр. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің Путин бастаған делегациясының Қытайға сапары Мәскеу үшін өте-мөте нәтижесіз аяқталды, Кремль өзі діттеп отырған екі бірдей экономикалық ұсынысынан да тосқауыл алып, дымнан дымсыз қайтты.
Путин сапар барысында Қытай банктерінің соңғы уақытта АҚШ-тан қайталама санкция алып қалудан сескеніп, Ресей төлемдеріне жаппай бұғаттай бастауына байланысты туындап отырған жағдайды реттеу және екі ел арасында «Сібір күші – 2» газ құбырын салу жөнінде келісім жасасу деп аталатын екі ірі мәселені оңтайлы шеше алмады.
Путинің Қытайға сапарына, оның ҚХР лидері Щи Жиңпиңмен жеке кездесуіне көп үміт артқан Ресей бизнесінің жолы болмады. РФ диктаторы Қытайда жүрген кезінде «төлемге қатысты мәселені шешуге болады» деп күлтелеткенімен, оның қалай шешілетінін айтқан жоқ. Мұның орнына ол кезекті мәрте Батыстың үстінен шағым айтты, бар ашу-ызасын АҚШ мәнзіліне төгіп бақты.
Байқалып тұрғандай, екі елдің басшысы екі жақты ешқандай құжаттарға қол қойған жоқ.
Путиннің бұл сапары «сандалбай сапар» болып шықты.
Кремль қожайынының Қытайға өзімен бірге бизнесмендердің үлкен тобын ала баруы да оның көрегендік пен қисыннан жұрдай екенін көрсетті.
Бұдан бөлек, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қытайда өз елінің журналистеріне берген сұхбатында шығыстың «Қонақ – қожайынның есегі» («Гость – ишак хозяина») деген мәтелін ауызға аламын деп, өз президентін сол жануарға теңеп жібергенін өзі де білмей қалды. Ол осылайша Кремль пропагандистеріне Путиннің Қытайға сапары бағдарламасының мәнін түсіндіріп бермекші болып, әлем жұртшылығы алдында күлкіге ұшырады.