Байден Ресейді АҚШ-қа жіберетін $1 млрд-тық уран импортынан айырды
УАШИНГТОН. 14 мамыр. АҚШ президенті Джо Байден Ресейден сәулеленбеген және төмен байытылған уранды импорттауға тыйым салу туралы Заңға қол қойды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін бұл бастама Өкілдер палатасы мен Сенатта қолдау тапқан.
Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан тыйым Құрама Штаттардың «Ресей азаматтық атом энергетикасына тәуелділігін жою» арқылы елдің «энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға» арналғанын түсіндірді.
Салливанның айтуынша, жақында атом энергетикасы үшін бөлінген $2,72 млрд қаржы «АҚШ-та жаңа байыту қуатын құруға серпін береді, сондай-ақ өнеркәсіптің ядролық секторда ұзақ мерзімді өсуге ұмтылыс бар екенін көрсететін болады».
Байден қол қойған заң 90 күннен кейін күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, 2028 жылдың қаңтарына дейін АҚШ Энергетика министрлігі басқа жеткізу көздері болмаған жағдайда Ресейден уран импортына рұқсат бере алады. Шектеу 2040 жылға дейін күшінде болады деп болжануда.