Қазақстан құрамасы Украинамен 2:2 есебімен тең түсті
АСТАНА. 1 қыркүйек. Футболдан Қазақстан құрамасы бүгін 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі шеңберінде Укранина командасын қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Матч елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде өтті.
Алаң иелері кездесудің 2-минутында-ақ өз қақпаларының құлпын аштырып қойды. Оны айып алаңының сыртында доп қабылдап алып, тоқтатпастан қақпаға ұрған Роман Яремчук жасады. Украин шабуылшысының әуелетіп қатты ұрған добына Стас Покатилов тосқауыл қоя алмай қалды.
Кездесудің бірінші таймы алма-кезек шабуылмен өтті. Бұдан кейін алаң иелері де бірнеше рет батыл шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ екі жақ та таблодағы есепті қайтып өзгерте алмады.
Матчтағы шиеленісті сәттердің көбі екінші таймда орын алды. Алдымен 68-минутта қазақстандық Абат Айымбетов гол салып еді, бірақ VAR жүйесімен тексерілгеннен кейін ол есепке алынбады. Мұның есесіне, 74-минутта Руслан Валиуллин түсірген доп саналып, ойындағы таразы басы теңесті.
Бұдан кейінгі екі гол алаңдағы литвалық арбитр Донатас Румшас қосқан қосымша 5 минутта соғылды. Әуелі 93-минутта Данила Сикан меймандарды тағы алға шығарып жіберді. Бірақ араға екі минут салып, Руслан Валиуллин тағы да есепті теңгеріп берді.
Осымен Қазақстан құрамасы бұл турнирде Украина командасымен екінші мәрте тең ойнады. Олардың 31 наурызда Киевте өткен бірінші кездесулері 1:1 есебімен аяқталған еді.
Қазір бізде 3 ойыннан 2 ұпай бар.