Мұхаммед пайғамбарды келеке еткен суретші өмірем қапты
КОПЕНГАГЕН. 20 шілде. Мұхаммед пайғамбардың бейнесін карикатура етіп салған дат суретшісі Курт Вестегор 87 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Данияның «Berlingske» газеті хабарлады..
Суретшінің отбасы кеше газет редакциясына оның ұзаққа созылған науқастан кейін өмірем қапқаны жайында хабар беріпті.
Соңғы жылдары мұсылман әлемінің ең қастерлі тұлғасын келеке ету арқылы аты танымал болған суретші пайғамбарды 12 рет карикатураға айналдырған екен. Ол бірінші рет бұл тақырыпқа 2005 жылдың күзінде даттың «Jyllands-Posten» газетінде пайғамбар туралы карикатура жариялау арқылы барыпты. Мұның соңы үлкен халықаралық саяси және қоғамдық жанжал мен дағдарысқа апарып соқтырды.
ТАСС атап өткендей, «Jyllands-Posten» газетінде, кейін батыстың тағы бірқатар басылымдарында жарық көрген мұндай суреттер ислам әлемінде зор қарсылық қозғалысын туғызған. Ашуға берілген мұсылмандар Данияның Таяу Шығыс, Азия және Африка елдеріндегі өкілдіктері үйлерін қирата бастады. Сол уақыттан бастап Вестергор мен басқа да суретшілер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері үнемі қауіп-қатер үстінде жүрді, олар күндіз-түні полицияның күзеті мен бақылауында болды.