«Еркектік намысын таптағаны» үшін әйелін шауып өлтірді
САМАРҚАНД. 30 мамыр. Самарқанд облысының Пайарық ауданында 30 жастағы еркек «намысын таптағаны» үшін әйелін кетпенмен шауып өлтірді. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
«Самарқанд облысының Пайарық ауданында 30 жастағы еркек «намысын таптағаны үшін» әйелін өлгенше кетпенмен соққылады», – делінген хабарламада.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұбайлар арасындағы жанжал үйдің жөндеу жұмыстарының созылып кетуінен туындаған. Ұрыс-керіс кезінде әйел күйеуін кетпеннің сабымен салып қалады. Мұны өзін қорлау, еркектік намысын таптау деп түсінген еркек сосын оның қолынан кетпенді жұлып алып, өзін қақ маңдайдан соғады.
Қанына қарайған жігіт кетпеннің жүзінен маңдайынан қан бұрқ етіп, жерге құлап түскен әйелін одан әрі соққылай береді.
Осыдан кейін қайын атасының үйінде тұрып жатқан күйеу жігіт қашып кетеді. Болған оқиғадан хабар алған әйел туыстары оны жедел кеселханаға жеткізеді. Бірақ алған жарақаты қатты болған келіншек емдеу мекемесінде жантәсілім етеді.
Ал қашып кеткен еркек бұдан кейін аудандық ішкі істер бөліміне өзі келіп, тәртіп сақшыларына беріледі.
Әйелінің өліміне себепші болған еркек 18 жылға бас бостандығынан айырылды.