Сүйінші! Қазақстанның 8 қызы бокстан Азия чемпионы атанды
ДУБАЙ. 30 мамыр. Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында бүгін кешке мәреге жеткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстанның 8 қызы алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Құрлық біріншілігінің финалы Қазақстанның сапа белгісімен өтті. Алтын медаль үшін болған ақтық айқасқа еліміздің 9 спортшы қызы қатысты. Олардың сегізі қарсыластарын бет қаратпай жеңіп шығып, континент үздігі атанды.
Жерлестеріміздің жеңісті жолын 49 кг салмақтағы Алуа Балқыбекова бастап берді. Ол өзбек құрбысы Гуласал Султанаеваны өте жақсы жеңді. Бұл спортшылар бұдан алдын бір рет кездесіп, өзбекстандық былғары қолғап шебері жеңіп кеткен екен. Бұл жолы Алуа соның есесін керемет етіп қайтарды. Бұдан кейін 51 кг салмақтағы Назым Қызайбай үндістандық Мери Комнан басым түсті. Назым әлемнің екі мәрте чемпионы болса, Мери сондай атаққа алты рет қол жеткізген. Бұдан алдын үнділік спортшы бір рет біздің қызды жарыс жолынан тайдырған. Дубайда ол соның есесін қайтарып, құрлық чемпионы атанды. Бір қызығы, жаһанда атой салып келген Мери бұл атаққа әлі жете алмай жүр екен.
Келесі кезекте 54 кг салмақтағы Дина Жоламан өзбекстандық Ситора Шогдарованы емін-еркін ұтты. Бірақ 60 кг салмақтағы Владислава Кухта өзбекстандық Ситора Турдыбековамен тепе-тең шайқаста қарсыласынан аса алмады. Дегенмен, бізге салса, қазақстандық саңлақ мұнда да жеңіле қоймаған сияқты. Ал 64 кг салмақтағы Римма Волосенко үндістандық Хусватун Хасанахты нокаутпен жеңді (суретте). 69 кг салмақта Валентина Хальзова финалға айқассыз шығып еді. Оның бекер болмағанын ол ақтық сында өзбек Навбахор Хамидованы талассыз ұтып, дәлелдеп берді.
Бізден 75 кг салмақта ғана финалға шыққан боксшы болған жоқ. Бұл салмақ дәрежесіндегі Марина Вольнова көп жылғы үзілістен кейін рингке енді ғана оралған. Ол жартылай финалда өзбек қызы Мавлуда Мовлановаға жол беріп қойды. Бірақ жекпе-жектері тең жағдайда өтті. Онда екі төреші жеңісті Мавлудаға берсе, тағы екі рефери Маринананы жеңді деп есептепті. Тек үндістандық арбитр ғана шайқасты тең (28:28) деп бағалап, басымдықты білдіретін плюс (+) белгісін өзбек спортшысының тұсына қойып жіберіпті. Демек, Маринаның да финалға шыға алатындай мүмкіндігі болған. Бұл финалда үндістандық Пуйа Рани өзбек қызын ұтып кетті.
Бұдан кейінгі екі салмақта да біздің қыздардың айбындары асты. Айталық, 81 кг салмақта Фарида Шолтай өзбек Сохиба Рузметованы бір рет нокдаунға жіберіп барып, айқын ұтып шықса, 81 килодан ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева үндістандық Анупаманы едәуір басымдықпен ауыздықтай білді. Сөйтіп, бұған дейін төрт рет Азияның қола медаліне қол жеткізген Ләззат алғаш рет алтын медальды мойнына ілді.
Қыздардың арқасында бұл күні Дубайда Қазақстанның гимні сегіз мәрте шырқалды. Ол ойналып жатқанда, қыздарымыз қосылып айтып тұрды.
Азия конфедерациясы чемпион болғандарға – 10 мың, күміс медаль алғандарға – 5 мың, ал қола жүлдеге жеткендерге 2,5 мың доллардан сыйақы тапсырды. Біздің жүлдегер қыздарды елге оралғасын Қазақстан Бокс федерациясының да тап осындай ақшалай сыйлықтары күтіп тұр.
Қазақстанның қыздар командасы чемпионатта командалық есепте бірінші орын алып қана қоймай, жалпы командалық есепте боксшыларымыздың топ бастауына өте керемет негіз қалап берді.
Чемпионаттың ерлер арасындағы финалы ертең ойналады. Қорытынды есепті соның нәтижесі шығарады.