Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Ұлттық мұраның ұлағатын асырған

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері

Еркетай Иманбай – тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиеваның, әлемнің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусіннің, әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Фарида Әуесбаеваның, Қазақстан конфедерациясы кубогының жеңімпазы Төлеген Құлышевтың және басқа да мықты спортшылардың жаттықтырушысы. Тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап, 4 адам ойнайтын тақта ойлап тауып, «Құмалақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман.

Бұл кісі – қалыпқа сыймайтын бапкер. Көп жаттықтырушылар тәрізді алдына келген баладан чемпион шығарамын деп, таңның атысы, күннің батысы жаттығудың соңында жүрмейді. Бір иығын рухани дүниеге, екінші иығын спортқа тіреп, таразының екі басын теңшеп отырады. Еркетай бапкер үшін шәкірттерінің ең әуелі дұрыс адам болғаны маңызды. «Адамға ең керегі – иман, иман мен ұят бір-біріне ілесе жүреді». Еркетай Иманбайдың өмірдегі басты ұстанымы осы. Ерекеңнің рухани ұстазы – Абай. Абайды көп оқиды. Абай армандағандай, оқушыларының да «толық адам» болғанын қалайды. Сондықтан шәкірттерінің жан дүниесі иманмен, рухани нәрмен сусындаса, олардың ішкі байлығы тым жұтаң болмаса дейді.

Еркетай Иманбай әріптесі Досым Омаровпен бірлесіп, «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітап жазды. Ендігі мақсаты – Абайдың тоғызқұмалақшылығы туралы зерттеу еңбекті жарыққа шығару. Тоғызқұмалақтың шығу тарихынан бастап, оның құрылымын, тереңдігін, логикасын, сандық ерекшеліктерін қамти отырып, бұл ойын Абай Құнанбайұлын несімен баурады, неге қызықтырды, деген сауалға жауап іздеп көрмекші. Еркетай бапкер  Абай атасы тоғызқұмалақтың қатпарына дендеп бойлаған тұста «толық адам» туралы ойларын әбден пісірген тәрізді, деп пайымдайды.

«Абай жеңіл, арзан дүниеге құмартпаса керек еді. Ендеше, ойшыл ақынды иіріміне тартып, ерекше  сүйіп ойнауына себеп болған тоғызқұмалақ дүние жүзіндегі ең тартымды, ең күрделі зияткерлік ойынның бірі, – дейді Ерекең сеніммен. – Абай атамыздың маңына мықты тоғызқұмалақшылар топтасқан. Ол кісі замандастарымен сан мәрте шеберлік таластырғаны анық. Сол тұстағы күшті ойыншы саналған Көрпебай Абайды ұтып кетсе, ақын атамыз: «Тақтай бағып, ойын қуған қу ұтады», деп әзілдейді екен. Мұның бір мағынасы, Көрпебай тоғызқұмалақ тақтасын атының қанжығасына байлап жүреді, дегеннен шықса керек. Ал өзі басым түскенде: «Мұндайда ми ұтады», деп жұртты күлдіреді деседі. Коммунистер көсемі Владимир Ленин: «Шахмат – гимнастика ума» десе, Абай ақсақал тоғызқұмалақта «милы адам озады», дегенді кесіп айтып отыр. Бүкіл жаратылыс Алланың аса шебер, дәл есебімен мүлтіксіз айналса, тоғызқұмалақ та нақты есепке, мықты жүйеге құрылған ойын…»

Иә, жаһандық аренаға шыққаннан бері тоғызқұмалаққа құмартушылар саны жер шарының әр қиырында жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық Iggamecenter.com зияткерлік ойындар сайты арқылы басқа ойындарға қарағанда, тоғызқұмалаққа қызығушылар мен ойнаушылар қатарының уақыт өткен сайын арта түсуі, тіпті шахмат пен дойбыға қарағанда, ойыншылардың басым болуы – ең әуелі тоғызқұмалақтың күрделілігі мен тереңдігінде және тартымдылығында жатқаны анық. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, есте жоқ ескі дәуірде алаш топырағында тұсауы кесілген ақылды ойынның жалпақ дүниеге мәшһүр болып, бес құрылықтың ойлы адамдарын баурап әкетуі  – ұлттық мәдениетіміздің мерейі әрі мәртебесі екені даусыз. Біле білсек, тоғызқұмалақ – қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі, өзіндік қолтаңбасы. Ал осынау ғажап зияткер ойынның әлем бойынша қазіргі таңдағы серкелері кімдер десеңіз, олар Еркетай Иманбайдың қос шәкірті – классикалық тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 5 дүркін чемпионы Әсел Далиева мен дүние жүзінің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусін.

1994-2015 жылдары Қызылорда облысында тоғызқұмалақ жаттықтырушысы болып қызмет атқарған Еркетай Иманбай осы кезеңде 24 спорт шеберін, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және Қазақстан Республикасының  2 еңбек сіңірген спорт шеберін баптап шығарды. Еркетай Әлкенұлының командасы Қазақстан чемпионаттары мен халық ойындарында бірнеше рет командалық есепте жеке-дара шықты.

Мұның бәрі тақыр жерден өсіп шыққан жоқ. Еркетай Әлкенұлы Абай атасы айтқандай, табиғатынан милы, зиынды адам. Ерекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірсе, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептегіш техника мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. 1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. Информатика мен компьютер бағытында көп ізденіп, елеулі жетістіктерге жеткені өз алдына бөлек әңгіме, сонымен қатар,   республика бойынша тоғызқұмалақтан алғаш компьютерлік бағдарлама түзген еңбегін де айта кету керек. Яғни, жаратылысынан есеп-қисапқа жүйрік, әу бастан ғылымға оң иығын беріп тұрады.

Қысқасы, Еркетай Иманбай  жаңашыл, ізденімпаз маман. Ол кісі бір мезгілде төрт адам ойнайтын тоғызқұмалақ ойлап тауып, соның алғашқы патентін заңдастырып алды. Бұған қоса «Құмалақ бағалау жүйесі» атты жаңалығына да патент берілді.

Иә, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Алматыға арнайы барып, тоғызқұмалақ ардагері Рақымбай Кәрімбайдан тоғызқұмалақ тақтасын алған Еркетай Иманбай Сыр өңірінде осы ойынның жандануына себепкер болса, қазір бұл кісінің шәкірттері ұлттық мұраның өрісін ұзартып, намысын көтеріп жүр.

Әсел Дәлиева – тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы («классикадан» 5 мәрте – 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 ж.ж;  ұшқыр ойыннан (блиц) 2 рет – 2010, 2012;  рапидтен – 2015;  командалық ұшқыр ойыннан – 2017). Азия чемпионатының 2 мәрте жеңімпазы (2013, 2018). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Еркетай бапкер көзі мөлдіреген Әсел қызын кішкентайынан тоғызқұмалаққа баулыды. Алғыр, ұғымтал бала әкесінің жанында құлдыраңдап жүріп тақта үстіндегі 162 құмалақтың сырына қаныға түсті. Екеуі аптаның алты күнінде таң бозынан үйден шығады да, қас қарая кешкі асқа бір-ақ келеді. Сондағы күн тәртібі мынадай: жаттығу, сабақ, стол теннисі. Еркетайдың зайыбы Нәзира қызының бір мезгіл үй шаруасына араласқанын қалайды. Бірақ тоғызқұмалақ пен тенниске әбден көңілі ауған  Әсел демалыс күні болмаса, қалған уақытта әкесінен қалмайды. Әсел әкесі тәрізді математика мен алгебрадан қамшы салдырмай оқыды. Осы қасиетінің арқасында тоғызқұмалақтың сан қырлы қатпарларын, қым-қиғаш теңдеулерін терең меңгере бастады.

Оның үстіне, Еркетайдай ғалым бапкер күні-түні қасында. Әсел қыз бәз біреулер тәрізді шолжаңдамай, Алланың қалауымен қолдағы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланды. Тынымсыз еңбек пен жүйелі ізденіс далаға кетпейді ғой: Еркетайдың еңбекқор, тәрбиелі қызы тек қазақ жұртының ғана емес, әлем тоғызқұмалақшыларының көзқуанышына, алтын алқалы жеңімпазына айналды. Әсел Еркетайқызы 2010 жылдан бастап қатарынан бес әлем чемпионатында классикалық тоғызқұмалақтан чемпиондық мәртебені ешкімге бермей келеді. Мұндай асқаралы биік тоғызқұмалақ спортында Еркетай бапкер мен Әселден басқаға әзір бұйыра қойған жоқ. Бұл айтуға ғана оңай. Осы  жеңістердің түбін қазсаңыз, табиғи дарынға қоса ұзақ жылғы көз майын тауысқан алапат ізденіс, табандылық мен сабыр таразыға түскен жанкешті тірлік алдыңнан шығады.

Әселдің тарихи жеңістері көпшілік назарынан тыс қалмай, ол «100  жаңа есім» жеңімпаздары қатарынан орын тепті. Әсел Еркетайқызы әлемдік деңгейдегі айтулы тоғызқұмалақшы болумен қатар, осы саланың зерттеуші-сарапшысы болуға да талаптанып жүр. Бұған дәлел ретінде оның құрастыруымен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген  «Шеберлер талдауы» және «Тоғызқұмалақтың 2018 жылғы таңдаулы партиялары» атты екі еңбегін атауға болады.

Хәкімжан Елеусін – классикалық тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 3 дүркін чемпионы (2012, 2015, 2017), әлем чемпионатының ұшқыр ойыннан күміс (2012), рапидтен  қола (2017) жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Хәкімжанның Еркетай ағасынан тәлім алғанына жиырма жылдан асыпты. Сабырлы, табанды спортшы. Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының белді қызметкері, республика жастар құрамасының бас жаттықтырушысы Мақсат Шотай чемпион бауыры туралы былай дейді: «Хәкімжан қарсыласпен ойынды бастан-аяқ есептеп шығуға ерінбейді. Әрі есебі де көбіне дәл шығады. Сосын партияға берілген уақытты минутына дейін ұтымды пайдаланады. Бұл нағыз шебер ойыншыға тән сипат». Ал Еркетай ағасының шәкіртіне берген бағасы мынадай: «Мінезі орнықты, ұяты бар, еңбекқор жігіт. Көп сөзге жоқ. Табиғатынан зерек…» Енді Хәкімжанның ұстазы Еркетай Әлкенұлы туралы пікірін тыңдайық: «Ұстазым адамның ішін біліп тұрады. Сосын ішкі дүниеңді оята біледі. Жан сарайыңды қозғайтын нүктені дәл табатын қасиеті бар. Ағамыз бізді рухани жағынан өсіруге көп күш жұмсады. Ол кісі шәкірттерінің кісілік қасиетіне, адами тәрбиесіне қатты мән берді».

Фарида Әуесбаева – тоғызқұмалақтан дүние жүзі чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері  (рапид, ұшқыр ойын, 2012). Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. ФаридаЕркетай Иманбайдың дарынды шәкірттерінің бірі. Біраз жыл Қазақстан құрамасы сапында табысты ойнады.

Төлеген Құлышев – Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясы кубогының жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (1993). Төлеген Қызылорда облысы бойынша тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының ерлер арасындағы тұңғыш спорт шебері. «Құлышевтің алғырлығы ерекше, дейді Еркетай ұстаз.Ол әр құмалақты өзінің жауынгері тәрізді сезінеді. Құмалақты сақтай білумен қатар, оның тиімділігін, қуатын дәл есептеп отырады».

Гүлнұр Ахметова – тоғызқұмалақтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы (1993, 1995). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Гүлнұр мінезге бай, салмақты, байыпты жан. Оның осы қасиеті ойынның небір шиеленіскен тұстарында дұрыс жол табуына себеп болғаны анық.

Жоғарыдағы саңлақтармен бірге Қазақ елінің командалық чемпионатында үздік шыққан Жақсылық Сұлтанбеков, Гүлжазира Сәдуақасова, Нұрлан Қайыңбаев, Ақторғын Қошқарова, Біржан Елеусінов, Таңатар Үбісұлтанов, Артур Ли, Тимур Ли, басқа да белді тоғызқұмалақшылар Еркетай ұстаздың көзқуанышы, қолғанаты десек, артық айтқандық емес.

Жетпістің бел ортасына таяған Еркетай ағамыз өзінің бала кездегі ұстазы Жұмағазы Жұбатовты сондай бір ілтипатпен еске алады: «Жұмағазы ағай адамгершілігі мол, жан дүниесі бай кісі еді. Біздің дұрыс жолға түсуімізге ұстазымыздың  ықпалы күшті болды».

Еркетай Әлкенұлының көптен бері қолға алған бір маңызды шаруасы тоғызқұмалақты республиканың мектеп бағдарламасына енгізу. Иә, Сырдың құнарлы топырағын қанып иіскеген, қазақтың небір игі жақсыларының тәрбиесі қанына сіңген Еркетай бапкердің басты мұраты ұлттық мүдде жолында нық тұру.

…Шіркін, қазақ спортында Еркетай ұстаздай бапкерлер көп болса, көк байрақтың салтанат құрар сәттері де еселене түсер еді-ау.

Қыдырбек РЫСБЕК

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button