Тоғызқұмалақ төңірегіндегі тартыс-таласқа Федерация президенті жауап берді
АСТАНА. 30 мамыр. Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Алихан Байменов осы ұлттық ойын атауына қатысты ұсыныс айтушыларға қатысты мәлімдеме жариялады. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова білдірген. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында вице-премьер Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, онда қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың атауын өзгертуді ұсынған.
Айта кетейік, Тамара Дүйсеноваға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып табылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз жолдауларында, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ағымдағы жылы елімізде өтетін ауқымды шараның бірі Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы өткізуді тапсырған болатын», – деп бастайды депутат өзінің сауалын.
Бұл жерде және бұдан кейін хатты тұпнұсқа қалпындағы грамматикалық қателіктерімен беріп отырмыз.
Автор бұдан әрі: «Осыған орай, аталмыш ойынды өткізу қарсаңында аса бір маңызды мәселенің басын ашуды жөн санаймыз. Ол – тоғызқұмалақ спортының атауы. Әрине, тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ жәдігері, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші болып табылады» дей келіп, бұл ойынның қазір ЮНЕСКО-ның қорғау қорына қосылғанына тоқталды. Содан кейін ойынның
Қазақтарда – тоғызқұмалақ, қырғыздарда тоғызкөргөл болып аталатынына назар аударып, оған ортақ ат беруді ұсынады.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде ұсынысты қолдаушылардан гөрі оған қарсы шыққандар саны әлдеқайда көп болды.
Артынша Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Алихан Байменов осы ұлттық ойын атауына қатысты ұсыныс айтушыларға қатысты мәлімдеме жариялады.
Біз енді сол мәлімдемені оқырман назарына ұсынамыз:
«Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының мәлімдемесі
Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты.
Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз.
Көзіқарақты кез келген адам «бұлар басқаны қойғанда, Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық.
Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны.
ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады.
Сырттан келген бір-ер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмалас, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз.
Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады.
Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес.
Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды.
Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы.
Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып , қанатын кеңге жаю.
Қазір әлемнің 50 астам елінде тоғызқұмалақ көзбе -көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысуда.
6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті.
Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында.
Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда.
Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар , ойыншылардың еңбегінің , оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді.
Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз.
Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды.
Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек.
Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз.
Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз.
Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Алихан Байменов»