Қырғызстан «Ферғана республикасы» болып аталуы тиіс
Өзбек сарапшысы осындай тосын ұсыныс білдіріп отыр
ТАШКЕНТ. 6 мамыр. Өзбек сарапшысы Өзбекстан мен Тәжікстанның анклавтарын Қырғызстанға қосып, елді «Ферғана республикасы» деп атауды ұсынды. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Өзбек сарапшысы, азаматтық белсенді Қанат Одил (Qanat Odil) Тәжікстан мен Өзбекстанның Баткен облысының жеріне кіріп жатқан анклавтарын олардан алып, Қырғызстан құрамына қосуды, осы арқылы Ферғана республикасын құруды ұсынып отыр. Ол өзінің бұл ойын әлеуметтік желіде атап көрсеткен екен. Барынша өзгеше мазмұнда жазылған сол жазбаны енді аударып назарларыңызға ұсынамыз:
«Әзірге Ферғана жазығы секілді осыншалықты оқшауланған және барынша тығыз кеңістікте анклавтар мен эксклавтар бола береді, олар әрдайым үлкен соғыстың қатерін төндіріп тұрады. Бірақ көрші отырған халықтар арасында үлкен соғыссыз да мейлінше жиі болып тұратын қақтығыстар адамдарды діңкелетіп, онсыз да қиын тіршіліктің деңгейін айтарлықтай түсіріп жіберді. Бұған қоса, осында анклавта және іс жүзінде соғыссыз-ақ блокада жағдайында отырған Өзбекстан мен Тәжікстан тұрғындарының өмірлері – тура тозақ дерлік. Осы айтылғандардың бәріне сосын контрабандалық тауарлар мен есірткі соқпақтары проблемаларын қосу қажет.
Бұл «гордийдің түйінін» қалай бірден үзілді-кесілді шешуге болады? Тек оны шауып тастау арқылы ғана…
Таулы Ферғананың түстік бөлігіндегі ирригациялық жүйенің үйлесімділігін қалыптастыру, Тәжікстанның Ворух, Өзбекстанның Сох және Шахимардан эксклавтарындағы аумақтық шекара-кеден бекеттерінің кедергілерін құрту мақсатында бұл жерлерді қазіргі Қырғыз Республикасының территориясына қосып, біртұтас геосаяси кеңістік немесе, басқаша тілмен айтқанда, біртұтас мемлекет құру қажет.
Байқап отырсыздар ма, мен «Қырғызстанға қосу керек» деген сөзді жазып отырған жоқпын. Бұл эксклавтардың тұрғындары блокада жағдайында өмір сүруден әбден зәразап болған, бірақ олар біздің мемлекеттеріміз өздерін «беріп» жіберген күнде де, этноэксклюзивті Қырғыз Республикасының қол астына өте қоймайды. Сонда не істемек ләзім?
№1 қадам. Қырғызстанға өзбек және тәжік тілдеріне қырғыз тілінің деңгейінде ресми мәртебе берген абзал. Мұнда «мемлекеттік тіл» деген ұғымнан да саналы түрде ада-күде бас тартылуы тиіс.
№2 қадам. Қырғызстан өз мемлекетінің «Қырғыз Республикасы» деген атауынан бас тартып, бірде-бірінің халықтың этнонимін қолданбағаны абзал. Оның орнына, мысалы, «Ферғана республикасы» деп алсын…
Гәп мемлекеттің ресми атауы туралы ғана емес, сонымен бірге елдің де аты жайында болып отыр. Осы тұста формалды емес сөз қолданыстарының өзінде әлдеқандай бір әкімшілік ресурстардың көмегімен «Қырғызстан» деген атау аталып кетпеуге тиіс. Біз күнделікті сөз қолданыста кейде «Англия» деп жүргенімізбен, ағылшынның бұл мемлекетінің ресми түрде бірнеше ғасырдан бері «Ұлыбритания» болып аталып келе жатқаны сияқты».