Башқұрт қызы Таңсыққожина чемпиондығын қорғап қалды
ВАРШАВА. 5 мамыр. Ресейлік башқұрт қызы Тамара Таңсыққожина дойбыдан әлем чемпионы деген атағын қорғап қалды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Ол осымен бұл атақты жетінші мәрте жеңіп алып отыр.
«Ресейлік Тамара Таңсыққожина поляк Наталья Садовсканы ұтып, дойбыдан әлем чемпионы деген атағын қорғап қалды. Тоғыз раундтан тұратын финалдық матч Варшавада өтті, онда жеңімпаз тай-брейкте анықталды», – делінген хабарламада.
Финал 23 сәуірде сөреден шықты. Тоғыз раунд ойналып біткеннен кейін есеп тепе-тең болып тұрды – 54:54. Турнирдің соңғы күнінде классикалық дойбы партиясы арқылы жеңімпазды анықтау мүмкін болмай қалды. Бұл кезде Садовска ұпай санымен алда келе жатты, оған енді тең ойнаса да жетіп жатыр еді, бірақ соңғы мезетте жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, ұпай қайта теңесті. Бұдан кейін тез ойнаудың екі партиясы, блицтің үш партиясы тең аяқталды, ал ең соңғысында ресейлік спортшы басым түсті. Осылайша Тамара чемпиондық атағын тағы да қорғап қалды.
Тамара Таңсықожина – Уфада тұратын башқұрт қызы. Ол 1978 жылғы 11 желтоқсанда Татарстандағы Чаллы (Набережные Чельны) қаласында туған. Ол алғаш рет 2001 жылы әлем чемпионы атанды. Бұдан кейін 2002, 2004 жылдары атағын қорғай алды. Алайда, 2006 жылы финалда жеңіліп, екінші орынға ығысты. 2007 жылы атағын қайтып алса, 2008 жылы қайтадан екінші орынға түсті. Сосын 2011 жылы тағы тұғырына қонды. Бірақ 2013 және 2015 жылдары қола және күміс жүлдегер болды. Сосынғы чемпиондықты 2019 жылы Якутскіде қайтарып алды.
Айта кету керек, 2015 жылы ол чемпиондық үшін Астанада шайқасқан еді.
Тамара Таңсыққожина қазір Башкортостан дойбы федерациясы атқару комитетінің төрағасы болып істейді.