Желідегілер түрінен «шошыған» шенеунік парамен қолға түсті
АСТАНА. 28 қыркүйек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығының директорын пара алды деген күдікпен қамауға алды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығы» РМК бас директоры Ерік Байжүнісовке бірнеше мәрте пара алу күдігіне ілінуіне байланысты «үйқамаққа алу» түріндегі шара таңдап алынды. Бұған қоса, оған электронды бақылау құралын салып беру технологиясы қолданылды.
Қазіргі таңда істің мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмей тұр. Істің соңғы шешімін сот шығарады.
Ерік Байжүнісов Дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығына жақында, биылғы жылдың 4 тамызында басшы болып тағайындалған. Ол осы қызметке барған кезде-ақ әлеуметтік желідегі көп адам оның түріне қарап, қызметті адал атқаратынына күмән келтіріп еді.
Сол сабаз екі айға да жетпей пара алумен қолға түсіп, желідегілердің «сенімін толық ақтады»…
21 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық күдігіне ілінген Е.Байжүнісовке жаңа электронды қадағалау құралы – «тұсау білезік» тағу тәжірибесі енгізілгені белгілі болды. Ол бұлтартпау шаралары таңдалған тұлғаға тағылады. Биылғы жылдың 17 қыркүйегінде бұл тәжірибе алғаш рет Қарағандыда іске қосылған болатын.