«Кітап оқыған баланың көкірегінде от жанады»
Жазушы Бейсенбай Сүлейменовпен сұхбат
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстанда биылғы жыл балалар әдебиетін қолдау жылы болып жарияланды. Біз осыған орай Алматы қаласында тұратын белгілі балалар жазушысы, балалар әдебиетінің жанашыры Бейсенбай Сүлейменовке хабарласып, осы тақырып төңірегінде аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Бейсенбай Жолдасбекұлы, биылғы жылдың «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланғанын естіп, қуанып жатырмыз. Осы оқиғаға орай сізді балалар жазушысы ретінде құттықтағымыз келеді.
– Рахмет. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, соңғы жылдары шығармашылық қауым бүгінгі кітап мәселесіне, кітап оқудан қол үзіп бара жатқан оқырман тағдырына алаңдаушылық танытумен келді. Биылғы жылдың балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуына бетбұрыс жасауға талпынысы қуантады. Бұл – ортақ қуаныш. Шашылудың алдында қалған балалардың арман-тілегіне, жанайқайын түсінуге, талпынған қамқорлық деп білемін. Мен өзімді балалар аманатын арқалап жүрген мыңдаған ата-ананың, жүздеген шығармашылық өкілдерінің бірімін деп есептеймін. Құтты болсын!
– Балалар әдебиетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайы көптен бері мәселе көтеріп жүрсіз. Мынадай шешім қабылдануына сіздің де зор үлесіңіз бар деп есептейміз.
– Жаңа айтып кеттім ғой. Бұл – халық тілегі. Өмірді сүю – балаларға қамқорлық жасаудан басталуы керек! Еш уақытта, қандай қиын заман болса да бала тәрбиесін ұмытпайық. Босаңсу – болашақ ұрпақтан айырылу.
– Сіз сонау кеңес заманында балалар мен жасөспірімдер газетін басқардыңыз. Сол кезеңнен бастап балалар жазушылығымен айналыстыңыз. Балалар әдебиетіне қазіргі көңіл бөлуі мен сол кездегіден айырмашылығы қандай?
– Біз қазіргі таңда жамандаудан шаршамайтын кеңес өкіметі тұсында жеткіншек тәрбиесіне көп көңіл бөлетін. Сол заманда өкіметтің «Бар жақсыны – балаларға!» деген ұраны бар-тын. Негізінен оны талаптары орындалып жататын. Балалар тәрбиесіне, оқуына, дем алуына, еліміздің нағыз азаматы болып өсуіне толық жағдай жасалатын. Ең негізгісі, жеткіншек тәрбиесімен айналысатын, оның орындалуына жауап беретін нақты жүйелер, нақтылы адамдар болатын. Қазір бізде ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Бәрі өзімен өзі. Қазір қоғамдық орындарда тентектік жасаған балаға тоқтау айтсаң, ең алдымен сол жасөспірімнен, оның ата-анасынан бәлеге қаласың. Жаныңның ауыратыны осы. Кітап оқыған бала мұндай әдепсіздікке бармайды. Шынымды айтсам, көшеде «Ата!» деп айқайлаған баланың даусын естісем, қуанып қалам.
– Қазіргі таңдағы балалар әдебиеті қай деңгейде, оның басты проблемасы неде?
– Бүгінгі таңдағы қазақ балалар әдебиеті ауылдың деңгейден шыға алмадық. Жеткіншектерге жазатын жазушылар саусақпен санарлық. Кітаптары шықпайды. Ынталандыру мардымсыз. Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыспен шығаратын төрт-бес кітаптан аса алмай отыр. Оның өзін шығару, жоспарға енгізу – киямет-қайым. Басқа қаламгерлерді айтпағанда, менің кітабымның шықпағанына он бір жыл болды. Іздеп жатқан, тапсырыс беріп сұрап жатқан ешкім жоқ. Балалар кітабы ешкімге керек болмай қалғандай. Осы кезде көркем туынды жазып, өз қаржыларына кітап шығарып жүрген жазушылардың еңбегін ерлікке теңер едім.
Менің ойымша, әрбір ата-ана, жазушылар қауымы балаларға қарай бет бұрыс жасауымыз керек. «Қазақстанның әр баласы – менің балам» деген ойға жетуіміз керек.
Менің Көпен Әмірбек деген курстас досым бар. Сол бірде: «Мен Бейсенбайдай «ақымақ» адамды көрген жоқпын. Көз майын тамызып кітап жазады. Оны өз қаржысына шығарады. Кітабын арқалап, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, балалармен кездесу өткізеді. Тегін таратады. Қазір онымен қоймай балаларға тегін сабақ беріп жүр екен» демесі бар ма? Досымның сөзін әзілі ғой деп қабылдадым. Ал, шындығына келсек, Көпен рас айтады. Маған не азап! Сонау жылдары Алматыдағы С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында, пандемияға дейін Ш.Уәлиханов атындағы №12 орта мектепте әдебиет сүйер жеткіншектерге «Журналистік шеберлік пен жазушылық өнер» деген тақырыпта әңгіме-сабақтар өткізіп жүрдім. Балалардың шығармашылыққа деген талпынысына, жазушылардың көркем туындыларын талқылау шеберлігіне, тың пікірлеріне риза болам. Шығармашылық шабыт аламын. Менің «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық кітабымның анимациялық фильмге арналған нұсқасын бірлесіп жазуға келіскен едік. Жоспарымыз карантиннің кесірінен шегеріліп қалды. Бұл ойымызды жалғастыру алдағы күндердің еншісінде.
– Балалар әдебиеті жылын көңілдегідей етіп өткізу үшін ең алдымен нендей нәрселерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?
– Үлкендерді ортаңқолды дүниелермен алдай салуға болады. Ал балаларды алдап көр. Көнбейді. Бүгінгі жеткіншектің талабы биік, талғамы жоғары. Осы орайда балаларға ұсынылған әрбір туынды – жазылған кітап, шығарылған анимациялық фильм, көркем фильм, қойылымдар аса жоғары деңгейде дайындалуы керек. Біз жүз жыл бойы қуыршақ театрында бүлдіршіндерге «Үш торай» қойылымын қойғанымызға мәзбіз. Оған жылау керек! Жасөспірімдерге арналған әрбір туындыға ең мықты, талантты деген мамандар тартылса. Қаржыны аямайық. Қазіргі көркем әдебиетке жұмсалып жатқан қаржы екі-үш шақырым асфальт жолды салуға бөлінетін ақша. Әрине, күлкілі. Ең алдымен балалар мен жасөпірімдерге деген талап ең алдымен оларға деген сүйіспеншілікпен басталса. Біздің бала-журналист кезімізде ұстазымыз Фариза Оңғарсынова: «Балаларға арнап жазылған әр мақала, әңгіменің негізінде жеткіншекке пайдалы, бойына сіңіретін бір түйір ой – дәні болсын» деп айтып отыратын. Оның орындалуын талап етіп, қадағалайтын. Міне, бүгінгі балалар жазушысына қойылатын басты талап осы. Жазылған әр әңгіме-ертегіде, өлең жолдарында ұлттық құндылықтарымыз өрнектеліп, отаншылдық рух асқақтап тұруы керек. Біз сонда ғана ұлы халықтың өнегесін жалғастыра білетін, қастерлейтін ұрпақ тәрбиелейміз.
– Бейсеке, уақыт бөліп, бізбен әңгімелескеніңізге рахмет! Сізге үлкен шығармашылық табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Біздің анықтама
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ. Жазушы, журналист, баспагер. 1951 жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туған. 1973 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. 1976-1990 жылдары «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан») газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор болып қызмет атқарды. 1990-1995 жылдары Алматы облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінде» газет баспа жүйесінің директоры болды. 1995-1999 жылдары «Әл-Фараби» баспасын басқарды, ал 1999 жылдан «Құс жолы» баспасына басшылық жасады. Ол – республикадағы алғашқы жекеменшік баспагерлердің бірі. Жазушының қаламынан балаларға арналған «Кечуа тайпасының үндістері» (1985), «Қуанышты күн» (1989), «Бес ғасыр атылмаған садақ» (1992) сынды бірқатар кітаптар жарық көрген.