Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

«Сыр елі – достық мекені» жастар форумының отырысы өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 сәуір. Қызылордадағы «Достық үйінде» бүгін «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық ассамблея жастары форумының пленарлық отырысы өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Форумға жастар жанашырлары: Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, Ғылым және білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінен келген ассамблея жастарының көшбасшылары қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев форум қатысушыларын Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, басқосу жұмысына сәттілік тіледі.

«Баршаңызды бірліктің ұйытқысы болып, еліміздегі этносаралық достық пен толеранттылықтың үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін өздеріңізбен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр елі – достық мекені» атты форумда жүздескеніме қуаныштымын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет», деген болатын», – деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, Сыр өңірінде әр салада, атап айтқанда, білім, ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндірісте табысты еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге жеткен жастарға жыл сайын «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығы тапсырылып келеді. Баспана мәселесін шешу үшін 2023 жылдан бері «Сыр жастары» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы жүзеге асуда. Оған жыл сайын жергілікті бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді.

«Ассамблеяның мерейлі жылы аясындағы қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынуда. Бұл бірлік пен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктерге арналған, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи ғимарат болады. Тағы бір ерекше жаңалығымыз, алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» ашылады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиынға қатысушылар Нұрия Ниязованың, Ақерке Абылайханқызының және Тимур Жұмырбаевтың атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге арналған баяндамаларын тыңдады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button