Ұлықбек Есдәулет «Парасат жолы» орталығы жұмысын қолдады
АСТАНА. 12 ақпан. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өткізді. Бұл туралы Астана қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Парасат жолы» жобасы аясында ұйымдастырылған шара Ұлттық академиялық кітапханада керуен керді. Саланың облыстағы филиалдары төрағалары Жазушылар одағы басқармасы төрағасымен кездесуге онлайн жүйесі арқылы қатысты.
Жиында республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Атырау облысы әмбебап кітапханасының басшысы Сара Салахатдинқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы болды.
Белгілі ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Шынын айтқанда, «Адалдық алаңы» жобасы болсын немесе, мынау жаңадан құрылған «Парасат жолы» орталығы болсын, екеуінің бір арнадан түйісуі – қоғамның жемқорлық деген дерттен айығуына, тазаруына апаратын үлкен жол. Бір қуанарлығы, қазір осындай орталықтар жоғарғы оқу орындарында, колледждерде ашылып, жастарымызды ізгілікке тәрбиелеуде. Тіпті мектептер де парасаттылық туралы тәрбие жұмыстарын жүргізуде. Бұл халқымыздың «Баланы – жастан» деген ұғымына саяды. Бұл – өте құптарлық дүние. Себебі, бала жастайынан жемқорлықты көріп өссе, ертең сондай болмасына кім кепіл? Қоғамды түбегейлі жемқорлықтан тазарту өте қиын нәрсе. Бірақ соған міне бетбұрыс басталды. Жемқорлықпен күресу қозғалысы да қоғамды меңдеткен ауыр дертпен күресу болып есептеледі. Сондықтан бүкіл халық болып қолдау керек. Осы жаңадан ашылған орталықтар арқылы «еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін» рухани тазару жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін. Мемлекеттің өзі жемқорлықпен күреске шындап кіріскенде, біздің зиялы қауым өкілдері бұдан шеттеп қалмауы керек деп ойлаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұмыстарын біздің жазушылар қолдайды. Қаламгерлеріміз мемлекет қаржысын жымқырғандарды қоғамға әшкерлеу бағытында қаламын қару етіп, осыған байланысты шығармалар жазады деп үміттенеміз», – деді.
Келелі басқосуда адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде кең көлемде әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, биылғы жылы «Парасат жолы» орталығының негізгі бағыт-бағдары айқындалып, нақты қадамдары баяндалды.
«Парасат жолы» орталығының мақсаты ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету болып табылады.