Ильхам Әлиев: Тағы 21 елді мекенді жаудан босаттық
БАКЫ. 22 қазан. Әзербайжан армиясы кешелі бері Таулы Қарабақта тағы 21 ауылды басқыншы жау қолынан азат етті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өзінің Twitter-дегі парақшасында өз армиясының Жәбірәйіл, Физули және Зангилан аудандарындағы көптеген ауылдардан армян қарақшыларын қуып шыққанын жазды. Оның айтуынша, Жәбірәйіл ауданындағы Беленд, Папы, Тулус, Гаджилы, Тинли ауылдары, Физули ауданындағы Геджегёзлю, Ашагы Сеидахмедли, Зергер ауылдары, Зангилан ауданындағы Миндживан кенті, Хурама, Хумарлы, Сарыл, Бабайлы, Третий Агалы, Хаджаллы, Гырах Мушлан, Удгун, Турабад, Ичери Мушлан, Меликли, Джахангирбейли, Бахарлы ауылдары оккупанттардан тазартылған.
«Yaşasın Azərbaycan ordusu! Qarabağ Azərbaycandır», – деп жазды мемлекет басшысы. Мұны біз «Жасасын Әзербайжан армиясы! Қарабақ – бұл Әзербайжан!» деп оқимыз. Оқимыз да, бұған толық келісеміз.
Еске сала кетейік, Таулы Қарабақ үшін Әзербайжан мен Армения арасындағы ұрыс қимылдары 27 қыркүйек күні таңертең басталған болатын. Сол күні армян әскерлері Әзербайжан иелігіндегі жерлерге бірнеше ракеталық соққы берді. Осыдан кейін әзербайжан жағы жаппай шабуылға шықты.
Қазір майдан даласының барлық шептерінде әзербайжандар басымдық ала бастады. Осы кезге дейін Әзербайжан армиясы 78 елді мекенді жау қолынан босатты. Ал армян жағы бейбіт елді мекендерді атқылап, қарапайым халықты шығынға ұшыратып жатыр. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы да батыл айыптады.