Басты бағанЖаңалықтар жаңғырығы

Демократия деген даңғазалыққа дәлел емес

Қазақстанға белгілі азамат, танымал қаламгер, қоғам белсендісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіспен жедел сұхбат

Ержан Үбайдуллаұлы, біздің қоғамның айтулы тұлғасы, өзіндік ой-пікірдің иесі ретінде сізге бірер сұрақ қойғымыз келіп отыр.

– Қойыңыз. Мен қандай бір сұраққа болмасын жауап беруге даярмын.

Рахмет. Олай болса, қазіргі күндері Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларға қандай баға берер едіңіз?

– Қазақта «көрші ақысы» деген ұғым бар. Бұл сенің көршінің алдында борышың бар екенін білдіреді. Біз ешқашан құдайы қоңсыларымызда болып жатқан оқиғалардан тыс қалмақ емеспіз. Себебі, көршідегінің көбігі көп жағдайда саған келіп қонып жатады. Ал мына нақты жағдайға келетін болсақ, қырғыз бауырлардың жасап жатқанын, – қанша тырысып бақсам да, – ақтай алмаймын. Мұнда дарақылық пен надандық, көргенсіздік пен бассыздық қатты белең алып кетті.

Сіздіңше, бұл демократия емес пе?

– Қайдағы демократия? Бұл – анархия. Кешегі патша заманында анархистер деген болған. Олар бәрін керісінше жасап, дүниені бүлдіруге жол берген. Анархияның музасы – хаос. Олар тек содан ғана нәр алады. Қан ішкеннен қалуеті артатын вампирлер сияқты. Мен қырғыздардың осы жолғы тірлігін тек анархистерге тән берекесіз әрекет деп бағалаймын.

Неге?

– Себебі, өзінің елін, елінің рухын сыйлаған халық ешуақытта да мемлекеттің басты басқару тетігі болып саналатын құтханаларға барып ойран салмайды. Тіпті 1918 жылы Петроградта Смольный мен Қысқы сарайды басып алған, әліпті таяқ деп деп білмейтін сауатсыз, қаратабан большевиктер де мынадай басбұзарлық пен көрсоқырлыққа барған жоқ. Мұнда жастары көп болса, отыздан жаңа асқан өрімдей жігіттер қырғыздың Ақүйіне басып кіріп, ондағы орындық, үстел дегендердің бәрінің үстінен басып, ұрып сындырып, әрбірден соң президенттерінің портреттерін тепкілеп, тартпаларда жатқан бүкіл қағазды терезеден парашют етіп жаудырғанына «ауандық» дегеннен басқа қандай баға беруге болады? Масқара! Мен тап осындай жүгенсіздікті еш жерден көрмеген екенмін. Бетімен, өзімен кетсін. Дүзіқаралық деген осы!

Бірақ бұл оқиғаны қырғыздар үшін жаңалық деп те қарауға болмайды ғой.

– Дұрыс айтасыз, қырғыздар дәл осыған ұқсас әрекеттерді президент Асқар Ақаевты кетіруге арналған бас көтеру кезінен бастап кеткен. Ол Құрманбек Бакиевтің кезінде тіпті шарықтау шегіне жетті. Мұның бәрі – ұлттың ұлағатына үлкен сын, бұл қырғыздың миллет ретінде әлі толық қалыптасып болмағанын білдіреді. «Тобырлық психология» дейді мұндайды.

Осыған ұқсас жағдай бұдан бұрын біздің Жаңақорған ауданында да орын алған жоқ па? Содан бері «Сен ханның қызысың ба?» деген тіркес хитқа айналып кетті…

– Бұл жағдай біздің тек көргенсіздігімізді ғана білдірді. Басқа ештеңе де емес. Кезінде колхоздың бастығының өзіне еркектері айбат көрсетіп, ақырып шыға алмайтын елдің әйелдері облыс басшысына бұлайша тап-тап беруі оның өзіне ғана емес, оның әке-шешесіне, руластарына берілген үлкен моральдық соққы. Бұл жердегі мәселе облыс әкімінде тұрған жоқ. Тағайындап қоятын әкім деген бүгін келеді, ертең кетеді, мәселе біздің үлкенді үлкендей сыйлаудан қалып бара жатқанымызда. Мәселе біздің ұлттық рухымыздың, ұлттық ұлағатымыздың, ұлттық тағлымымыздың жоғалып бара жатқанында. Мәселе біздің әрбіріміздің өз орнымызды білмейтінімізде. Әйтпесе, қай заманда қазақтың қатындары ел билеген егдары жандарға бұлайша аузына келгенін аталаған еді? Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын адамдар қандай қоғамда да бағалы затқа жатпайды. Сол бізде қылаң берді. Өте өкінішті. Қазақтың қаймағы ұйыған жерден мұндай көріністің көлгірсуі жақсы емес. Бұл – өте қауіпті тенденция.

Сіз жақсы білесіз,1946 жылы Екінші дүниежүзілік қанды қырғын аяқталған бойда АҚШ-тың президенті Дуайт Эйзенхауэр деген найсап ел-жұртты бұзудың, адам құндылықтарының бәрін тәрк етудің нақтылы бағдарламасын жасаған. Соның ішінде тап осы – үлкенді сыйламау, билік басындағыға қарсы келу деген сияқты әрекеттердің бәрі қамтылған. Осы арқылы әлемдегі тепе-теңдікті бұзу, елдерді хаос жағдайына әкелу, соның негізінде оларды тізгіндеп ұстау қарастырылған. Біз қазір сол қамытқа өзіміз барып басымызды тығып жатырмыз.

Мұнда біз құлдық психологияны насихаттап отырған жоқпыз. Әкімге бас шұлғып, отыра бер деп те тұрған жоқпыз. Бірақ сөзді де жүйесімен айта алатын болуымыз керек.Ең бастысы, ұлттық ұлылығын, тіннің тұтастығын, халқымыздың жақсы қасиеттерін бұлайша аяқ асты етпеуіміз керек. Ел билеген елші ағайындарға әсер ететін, ой жеткізетін өркениетті, саналы тетіктер жетіп жатыр. Көшеде тұрып, жағадан алу – нағыз көргенсіздіктің көрінісі.

– Ереке, сіз мысалға алып отырған әйел де өзінің демократиялық құқын пайдаланып отырған жоқ па?

– Жоқ. Мұнда демократия дегеннің иісі де жоқ. Бұл – таза бетпақтық, көктік. Әкім келеді деп жолдың жабылып қалуы тек – сылтау ғана. Мұнда әлдеқандай бір арандатушы күштердің бар екені айқын. Рас, әкім де халықтың адамы, ол елмен етене жүруі керек, бірақ мен мына жерде, – қанша ынта танытпақшы болсам да, әрине, ондай ниетім мүлде жоқ, сонда да, – облыс басшысын еш айыптай алмаймын. Оның титтей де кінәсі жоқ. Ол жүдә жолдардың жабылып жатқанынан хабарсыз да болуы мүмкін. Ал тіпті жол соған байланысты жабылып жатса да, тап сол Жаңақорғанда бүлініп кететіндей ештеңе бола қоймағанына менің иманым кәміл. Себебі, бұл кент – бір мезетте, жүздеген не мыңдаған көліктері қаңтарылып тұрып қалатын мегаполис емес. Көліктердің бес-он минутқа көшеде тұрып қалғанынан ауданның аритмиясы титтей де бұзылмайды. Мұндағы желеудің бәрі тек бәле іздеу инициативасында ғана жатыр. Басқа ештеңе емес. Бұл енді ұят.

– Бірақ әкімнің сол мезет осы «пәле соғып тұрған әйелмен бірер ауыз сөйлесіп кетуі керек еді», деген сыңайда әңгімелер айтылып қалды.

– Мен олай деп ойламаймын. Қайта әкім қарайлағанда, басы бұдан да зор пәлеге қалар еді деп ойлаймын. Себебі, ол әйелдің тағы не ойластырып тұрғанын ешкім де білмейді. Күнделікті кенттің әкімінің өзінің алдына бара алмайтын адамның бұлайша ала топан болып тұрғаны бекер болмаса керек. Егер әкім аялдаса, оған неше түрлі тапсырма мен аманат айта салуы мүмкін. Мәселе тіпті сол орындалуы қиын аманатта да емес. Мәселе бәле соғуда. Сондықтан өз басым әкім сол сәтте екі ауыз сөзбен тілдесіп, ары кету арқылы ең оңды шешім қабылдады деп санаймын.

– Мен өткен жылы елге оралған кезімде облыс әкімінің тоғыз кеңесшісі (!) бар екенін білгенде, жағамды ұстадым. Ал мына жағдайда сондай кеңесшілер қайда жүрген?

– Бұл жайында мен де біраз ойланып қалдым. Рас, бізде облыс әкімдеріне кеңесші болатын жағдайлар бар. Солардың көпшілігінің не істеп жүргенін мен білмеймін. Бірақ кезінде өзім облысқа тап солай облыс әкімінің кеңесшісі ретінде келгенмін. Одан кейін де бір әкімге кеңесші болдым. Менің сол кездердегі міндетім аймақ басшысының бара алмай, жете алмай жатқан тұстарын толықтырып отыру болушы еді. Былайша айтқанда, ең сөз көп еретін, шамшыл жерлерді бақылауға алу болатын. Құдайға шүкір, сол тұстары бұл тарапта әкімге кіпі болатын бірде-бір жағдайға жол берген емес едік. Шын мәнінде әкім мен халық арасындағы кепілді көпірі сезініп, екі ортаның дәнекері болып жүрдік. Менің ел арасында қазір еркін жүруіме сол кезде жиған беделдерім мен тәжірибем көмектесіп келеді. Ал мына жағдай шынында облыс әкімі кеңесшілерінің өздерін танытатын, көрсететін сәттері еді. Осындай инцидент орын алған бойда облыс әкімінің кеңесшісі ауданға сапар шегіп, сондағы «яблоко раздора» болып отырған кісімен де, оны айтақтатып отырған күштермен де кездесіп, мәселені дипломатиялық тұрғыда шешіп қайтуына болатын еді.

– Мен де солай ойлаймын. Ереке, бірақ осы оқиға біздің елдігімізге келген үлкен нұқсан болды. Басқа-басқа, облыстың әкімі осы өңірдің төл тумасы, оның үстіне, елімізде әкім болып отырған тұңғыш әйел заты еді…

– Тура айтып отырсыз. Мен де осыған қапа боламын. Әйтпесе, халқы момын, жұрты тыныш, елі кемеңгер Қызылорда облысын басқару қандай бір азамат үшін де мәртебе еді. Мұнда кімдер келіп, кімдер кетпеді. Біздің экологиялық жағдайымыз қиын болғанымен, халқының экологиялық ахуалы өте түзік жерде тұрып жатқанымызға шәк жоқ. Менің өзімнің мұнда келіп жатқаныма он жылдан астам уақыт өтіп барады екен. Мен де Қазақстанның талай жерінде болғанмын, бұған қоса, Түркияда көп ғұмырымды өткіздім, бірақ адамның ақыл-есі толысып, мәңгілік тұрақ ететін жері мен үшін Қызылорда болып қала бермек.

Ал мынау біздің бәріміз үшін күтпеген жағдай болды. Бұл біздің қазақтығымызға, қазақы тәрбиемізге орны толмас сын болды. Тап сол әрекетінен аталған келіншектің керемет бедел алып кеткеніне өз басым күмәндімін. Ол тек өзінің әке тәрбиесін, ана тағылымын көрмегенін көрсетті де қойды. Осы тұрғыда мен оны дүниеге әкелген ата-анасын аяймын. Шынтуайтына келгенде, облыс басшысы бұдан ештеңе де жоғалтқан жоқ, ол қызмет үстінде жүрген адамның көрсетететінін көрсете білді.

Жалпы, адам өзінің адамдық қалпын жоғалтпауы керек. Мен мұны әлгі әйелдің әкімге бас салып, шабуыл жасағанына байланысты ғана айтып тұрған жоқпын. Әкімді сына, әкімге пікір айт, әкімге ұсыныс жаса, бірақ оны осыншалықты көргенсіздікпен жасама. Сен мұндай әрекетің арқылы ең алдымен өзіңді өмірге әкелген ата-анаңды ұятқа қалдырасың. «Көргенсіз» деген сөз дәсәуілден сенің әке-шешеңе тиеді. Сондықтан мен бәрінен бұрын жаңағы әйелдің ата-анасын аяймын.

Турасына келсек, бізде баяғы дархандық, даналық, дарабоздық қалып барады. Тым ұсақтанып кеттік. Сол себепті де кім көрінгеннің айтағына ере беретін болдық. Мені осы қатты ойландырады.

Демократия керек. Бірақ оны даңғазалық, даңқойлық деп түсінуді қойған жөн.

Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button