Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Журналист Ізмұрат Құрбанбаев та өтті өмірден

Қазір ғана Шаһизада Әбдікәрімов курстасым, досым хабарласты. Курстасымыз Ізмұрат Құрбанбаев өмірден өтіпті. Оған мына айта беретін коронавирустың ешқандай қатысы жоқ.

Былтыр қыркүйек айында университетті бітіргенімізге 40 жыл толуына байланысты кездесуімізге айрықша ықылас танытқан курстастың бірі осы Ізағаң болды. Сол кезде өзі ауырып жүріпті. Айта беретін ілікті індет меңдеген екен. Бірақ өте сабырлы еді ғой азамат. Онысын ешкімге білдірмеді.

Құрметті болғанынан, соған лайықты болғанынан шығар, Ізмұратты курстастардың көпшілігі оқып жүрген кезден бастап күні бүгінге дейін «Ізаға» деп өтті. Менен де бар болғаны жарты жылдай үлкендігі бар еді, қадір тұтқаным шығар, ол бақилық болғанша ешуақытта оған «Ізмұрат» не «Ізеке» деп көргем жоқ, мен үшін ол тек «Ізаға» болды.

Оқып жүрген кездің өзінде айналасына шуағын шашып жүретін жан еді. Қасынан бір елі қалмай жүретін Шаһизада Әбдікәрімов пен Бейсебай Кірісбаев есімді інілерінің нағыз қамқоры, тірегі, тілекшісі бола білді. Жай тілекшісі ғана емес, ол осы екі досымыздың нағыз әкесі  мен шешесіндей болып жүрді. Бұл үшеуінің достығы мен сыйластығы сол кездің өзінде-ақ талайға жыр болды. Мұндай достық қарым-қатынастар кітап парақтарында болмаса, өмірде сирек кездесетін еді.

Осы кезде бұдан көп жыл бұрын Бейсебайынан айырылып қалған Шәкиге енді Ізағасын бақилыққа бергені үшін әуелі көңіл айтқым келеді.

Ізағаңның кейін Қызылордаға қоныс аударып келуіне Шәкеңнің зор үлесі болды. Бұған  мен де қатыстым. Екеуміз сол кезде облыстық көші-қон басқармасының бастығы Бибіжан Жәукебаеваның алдына барып, Ізағаң үшін квота сұрадық. Былайынша, Биекеңнің ондай құжат беруі қиын еді, ол Шәкең екеумізді сыйлағаннан сондай қадамға барды.

Ізмұрат облысқа келгеннен кейін достыққа адал Шаһизада оны әуелі өзі шығарып отырған газетке жұмысқа тұрғызды, кейін өзінің басқаруындағы «Қоғам ТВ» телекомпаниясына жұмысқа алды.

Біз оқып жүрген кезде ешкімнен ру сұрасып көрген жоқпыз. Оның бізге керегі де жоқ-тын. Ал Ізағаңның бізге келген кезінде асыл тегі «Танысаң – адайыңмын, танымасаң – құдайыңмын» деп тұратын тайпадан екенін білген кезімде, одан «Онда неге Маңғыстауға бармадың?» дегенімде, «Онда мені күтіп отырған ағайыным жоқ, менің ағайыным – Шәки мен сен» деп еді…

Ізағаңның Қызылордаға келуі өзі үшін де, әулеті үшін де жаман болған жоқ. Балалары осы жерде өсіп-жетілді. Алтын асықтай ұлдар өсіріп шығарды. Барлығына жоғары білім алып берді. Құдай қосқан қосағы Роза жеңгеміз оның өмірін көркейте білді.

Енді Алланың ісіне амал жоқ. Осылай боларын көптен бері іштей сезініп жүр едік. Сол күн келген екен.

Өкініштісі, біз де осындай бір себептермен сыртта жүрміз.

Ізағаңмен осыдан екі ай алдын «Дидарғайып» журналы үшін сұхбат жүргізбекші болып едім, өзі кешеуілдетті. «Астанаға бір барып келейін» деді. Бірақ сол Астанасына жете алмай-ақ кетті.

Ізмұрат менің санамда қазақ әдебиетінің Қарақалпақстандағы өкілі секілді болып мәңгілік қалып қойды. Бұл жайында курстастар туралы кітапта біршама айтып өттім. Ол маған Бердақ пен Әжінияздың, Төлеген мен Қажымұраттың тәбәрігі сияқты болып көрінетін. Ол осы бауырлас, тегі бір екі жұрттың, бір ұлыстың, алты алаштың құрамына кіретін екі ағайын нәсілдің арасындағы елші, дәнекер сияқты болып тұрушы еді. Қазақ пен қарақалпақтың негізі бір жұрт екеніне бәрімізді иландырып жүруші еді.

Өмірінде бір адамның сыртынан ғайбат сөз айтып көрмеген, бір адамға жамандық тілемеген он адам болса, соның бірі, бір адам болса, соның нақ өзі Ізағаң еді.

Ізаға осылай өмірден өтті. Осы қалпынан таймады.

Бақұл бол, бауырым!

Сен біздің көңілімізде де, жүрегімізде де мәңгілік «Ізаға» болып қаласың.

Алла алдыңнан жарылқасын, досым.

Серік ПІРНАЗАР

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button