Алматы облысында туған күн тойлаушы қарулы топ ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 23 сәуір. Алматы облысында тау баурайында қару-жарақпен туған күнді тойлауға шыққан 19 адам ұсталып қалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Алматы облысы криминалды полициясының қызметкерлері Ақсу ауданында бір топ адамның жиналып жатқаны, олардың қару-жарақтары да болулары мүмкін екені жайлы жедел хабар алды.
Осыдан кейін заңға қайшы келетін әрекеттің алдын алу үшін тергеу-жедел тобы мен полицияның арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері оқиға орын алғалы жатқан жерге жолға шықты.
Тәртіп сақшылары тау бөктеріне жиналғандарды артынша тырп еткізбей тап басты.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде «Қапал» ауылының шетінде орналасқан «Кіші Шымбұлақ» деген жерде 5 көлікпен келген 19 адам ұсталды. Көрсетілген тұлғалар мұнда орталарындағы бір адамның туған күнін тойлау үшін келіпті», – делінген Ішкі істер министрлігі криминалды полиция департаментінің хабарламасында.