Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Сарапшылар жаңа Конституция жобасы жайлы ойларын ортаға салды

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 ақпан. Бүгін Қызылордадағы Достық үйінде «Халықтық Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Республикалық референдум аясында қанат жайған іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, депутаттары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, бизнес қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары, саяси партия жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, ассамблея мүшелері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталп келіп, жалпыхалықтық референдумның ел болашағы үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Конституциялық реформа жөніндегі жалпыхалықтық талқылаулар жарты жылға жуық уақыт әртүрлі алаңдарда өтті. Бұл – қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің іргелі негіздері, басты құндылықтары мен дүниетанымдық ұстанымдары жүйеленіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

«Жалпыхалықтық референдум Тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму кезеңін айқындап, ел тарихында жаңа белестің басталуына негіз болады деп сенеміз.

Президентіміздің бастамасымен елімізде соңғы жылдары қолға алынған саяси реформаларды жүзеге асыруда Сыр өңірі береке-бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Ұлтымыздың тарихына алтын әріппен жазылатын алдағы маңызды саяси кезеңде Сыр жұртшылығы еліміздің шынайы патриоты ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіріп, жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенеміз. Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырамын», – деді ол.

Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, білім саласының ардагері Райкүл Байназарова, Қазақстан Азаматтық альянсы қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Анар Ізден, «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Қазиұлы өз пікірлерін білдірді.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button