Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Грибаускайте: Путин енді өмірінің соңына дейін талмай соғысады

ВИЛЬНЮС. 6 қазан. Литваның бұрынғы президенті Даля Грибаускайте Ресей президенті Владимир Путиннің ақтық демі шыққанша соғысып өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ол Ресей диктаторы үшін ендігі жерде «кері қарай жүретін жол қалған жоқ» деп санайды.

Елді 2009-2019 жылдар аралығында басқарған Литваның бұрынғы президенті Даля Грибаускайте Кремль режимінің басшысы өмірінің соңына дейін соғысты жалғастырады деп есептейді. Саясаткер өзінің бұл тұжырымын TVP World арнасына берген сұхбатында айтты.

Грибаускайте 2014 жылы Қырым оккупацияланғаннан кейін Ресейде террорлық мемлекеттің белгілері бар ескерткенін, бірақ сол кезде өзінің мәлімдемелеріне тіпті Литвадағылардың да әжуамен қарағандарын еске түсірді.

Экс-президенттің сөзіне қарағанда, Батыс Ресей мен оның басшылығының «ұзақ уақытқа созылған құр елесіне сеніп» келіп, «уақытты өткізіп алған», сөйтіп, Кремльдің жағдайды бұдан әрі ушықтыра түсуіне жол беріп қойған. Бірақ кейін уақыт көрсеткендей, агрессордың «бітімге ұмтылуы» стратегиялық қателік болып шықты.

Оның айтуынша, қазір ахуал әлдеқайда айқындала түсті: Елді соғысқа әкеліп тыққан Путиннің қазір кері оралатын жолы жоқ.

«Мен енді ақырғы нәтиже қандай болуы мүмкін екенін оның өзі түсінетініне сенімді емеспін. Бірақ бір нәрсе айқын: соғыс жолын таңдап алған оның кері қайтатын жолы жоқ», – дегенді қосты сосын саясаткер.

Экс-президент Ресей өзінің империялық идеологиясынан бас тартқанда ғана Украина үшін ұзақ бейбітшілік орнайтынына сенеді. Әзірге кез келген атысты тоқтату агрессияның жаңа раунды алдында, әсіресе қазіргі Кремль әкімшілігі тұсында бар болғаны уақытша тыныс алу болып қана қалады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button