Босқын украин қыздың өлімі АҚШ-ты түгел теңселтіп жіберді

УАШИНГТОН. 10 қыркүйек. Украиналық босқын бойжеткеннің қасақана қазасы АҚШ жұртының жағасын ұстатты. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үйдің қожайыны мұны жасаған қылмыскердің барынша қатаң жазаланатынын айтып сендірді.
АҚШ-та украиналық босқынды өлтіру оқиғасы үлкен наразылық тудырды. Осыған орай Дональд Трамп қылмыскерді өлім жазасына кесуді талап етті. АҚШ президенті Солтүстік Каролина штатының Шарлотта қаласында 23 жастағы украин босқыны Ирина Заруцкаяның өлтірілуіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол кісі өлтірушіні тек өлім жазасына кесу керек екенін баяндай келіп, «басқа таңдау жоқ» дегенді баса айтты.
Полицияның мәліметі бойынша, 22 тамызда 34 жастағы үй-күйсіз Декарлос Браун деген азамат украин қызына бірнеше рет пышақ салады. Ол оқиға орнында қаза табады. Бұл жігіт бұдан бұрын да бірнеше рет ұсталған екен, бірақ ылғи көп ұзамай босап кете берген.
Ал көше қылмысы мен көші-қон тақырыбын қоса қамтыған мына жолғы кісі өлімі АҚШ-та үлкен резонанс туғызды. Марқұмның жақындары америкалық мәтбұғатқа бұл қайғыдан қатты есеңгіреп қалғандарын жеткізді. Олардың айтуларына қарағанда, бойжеткен қауіпсіздік пен тыныштық табуы үшін АҚШ-қа арнайы келген, алайда өзі барынша қатыгездік жағдайында қаза тапты.
Отбасы адвокаты Иринаның қаза табардан шамалы ғана бұрын жүріп жүрген жігітіне келіп, бірге тұра бастағандарын, қыздың сосын ағылшын тілі курсына баруды қолға алғанын баяндады. Қайғылы оқиға орын алатын күні кешке Ира жігітіне үйге келе жатқанын жазады, бірақ сол күйі оған жете алмай, қаза табады.
Артынша қанды оқиға ұлттық пікірталастың ошағына айналды. Америка қоғамы қылмыстың өсіп кеткені үшін кімді жауапқа тарту керек екенін айтып, сөз жарыстырып кетті.






