Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды

АСТАНА. 4 қыркүйек. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол 2024 жылдың 24 шілдесінде Үкімет қаулысымен вице-президент болып тағайындалған еді.
Ержан Шәкірұлы Нұрлыбаев 1975 жылы Теміртау қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «емдеу ісі» мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды №1 қалалық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған.
2004-2006 жылдары аталған медициналық мекеме директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Әр жылдары Қарағанды облысының бас хирургі болып қызмет істеді, Х.Ж. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығын басқарды.
2014-2021 жылдары Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды.
2021 жылдан бастап «ҚМУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Әзірге Ержан Нұрлыбаевтың қызметінен неге босатылып жатқаны жайлы ақпар жоқ.
Еске сала кетейік, осык күні сондай-ақ Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны хабарланды. Алайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева артынша Facebook парақшасы бетінде бұл қауесетті толығымен жоққа шығарды.



