Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Қызылорда облысында ірі есірткі алқабы жойылды (видео)

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 тамыз. Қызылорда облысында ірі есірткі алқабы табылып, ол қолма-қол жойып жіберілді. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Дерек «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында белгілі болды. Қызылорда облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері жүргізіп жатқан рейдтер заңсыз есірткі өсіру фактілерін анықтауға бағытталды.

Операция барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы Сырдария ауданы «Бесарық» ауылының маңынан ірі есірткі алқабының үстінен түсті. Нәтижесінде алқаптан салмағы 58 келіге жуық 1156 түп есірткі тәркіленді. Бұдан бөлек, полицейлер оқиға орнында жалпы салмағы 1 келі 610 гр. кептірілген марихуананаға кезікті.

 

Оқиға орнында 42 және 33 жастағы облыс тұрғындары ұсталып, қамауға алынды. Қазір олардың үстерінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

«Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы барлығы 172 есірткі құқық бұзушылық фактілері айғақталды. Соның нәтижесінде 959 келі есірткі тәркіленді. Бұған қоса, 5 фитозертхана табылды. Сонымен бірге, есірткі өсірумен айналысқан 36 адам ұсталды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button