Макрон мен Стармер Украинадағы бітімгершілік жоспарын жариялады

РҮМ. 11 шілде. Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Ұлыбритания премьері Кир Стармер Украинаға бейбітшілік әкелудің жолдарын қарастырды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Макрон Еуропаның Украинаға орналасатын бітімгершілік контингентінде 50 мың сарбаз болуы керек деп есептейді. «Қалаулылар коалициясына» қатысушы 30 елдің штаб-пәтері Францияда орналасады.
Батыс елдері Ресейдің Украинаға әуеден беретін соққысы қарқын ала түсуіне байланысты 10 шілде, бейсенбі күні бітімгершілікке қол жеткізу мен соғыстан қираған елді қалпына келтіруге дайындықты жалғастырды.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Франция президенті Эмманюэль Макрон «тілек білдірушілер коалициясы» деп аталатын топтың басқа мемлекеттері өкілдерімен бірге өткізген видеоконференция барысында Еуропаның Украина үшін бітімгершілік миссиясын жоспарластыруы аяқталғанын жариялады. Макрон ықтимал контингенттің саны 50 мың солдатқа дейін баратынын атап өтті.
Стармер бітімгершілік миссиясының бұрыннан келісілген жоспарлары Ресей мен Украина арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан кейін «бірнеше сағаттың ішінде» жүзеге асырылуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, бұл бастама «кемеліне келген» және «ұзақ мерзімге арналған». Алайда қазіргі уақытта Ресей мен Украина арасында атысты тоқтату туралы келісімге келу мүмкін емес сияқты.
Кир Стармер сондай-ақ Украинаның одақтастары болып табылатын 30 еуропалық мемлекет кіретін «тілек білдірушілер коалициясының» Парижде өз штаб-пәтерін ашқанын айтты. Сонымен қатар, Киевке үйлестіру орталығын орналастыру жоспарлануда.
Штаб-пәтерді Франция мен Ұлыбритания басқарады, олар барлық тактикалық және жедел тапсырмалардың орындалуын бақылауға жауапты болады. Алғашқы он екі айдан кейін «тілек білдірушілер коалициясының» штаб-пәтері Лондонға көшіріледі.
Франция мен Ұлыбритания атысты тоқтату келісіміне қол жеткізілсе, Украинаға жіберу үшін қолданыстағы бірлескен жедел күштерді кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастамаға басқа серіктес елдер де қатысты. Германия әзірге бұл жобаға қатысудан бас тартты.
Стармердің айтуынша, Батыс одақтастары енді «бейбітшілікке дайындалуға» назар аударуы керек. Оның пікірінше, бұған «Путинді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлеу» арқылы қол жеткізуге болады және бұл үшін «келісілген қысым» қажет. Өз кезегінде Макрон одақтастарды «Ресейге қысымды күшейтуге» шақырып, «Ресей экономикасына әсерін өзгерте алатын» шаралар қажеттігін атап өтті.
Макрон мен Стармер Франция көшбасшысының Ұлыбританияға үш күндік мемлекеттік сапарының соңғы күнінде «тілек білдірушілер коалициясы» конференциясына қатысты.






