Сыр бойында пробация есебіндегі 197 сотталушы жұмысқа тұрды

ҚЫЗЫЛОРДА. 11 шілде. Қызылорда облысында қылмыстық жазаларын өтеу барысында пробацияға тіркелген 197 адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысында пробация қызметі пробациялық бақылауда тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және қайта қылмыс жасаудың алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінде 1000-ға жуық сотталған есепте тұр. Қазір олардың 197-і тұрақты жұмысқа орналасып, қалыпты өмірге бейімделудің алғашқы қадамдарын жасауда.
Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдерінің қаулысына сәйкес, пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту үшін 74 квота бөлінген. Пробация қызметінің инспекторлары жұмыссыз жүрген сотталғандарды түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға орналастырды.
Пробация қызметттеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлмановтың айтуынша, пробация қызметі тек жұмысқа орналастырумен шектелмейді, профилактикалық және әлеуметтік-құқықтық көмектерді де белсенді түрде көрсетіп келеді.
«Жыл басынан 14 азамат «Бастау бизнес» жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, әрқайсысы 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды», –дейді Ғаламат Құлманов.






