Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Франция: Еуропа Ресейге қарсы ең қатаң санкциялар әзірлеп жатыр

ПАРИЖ. 8 шілде. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Еуропаның Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған санкциялар әзірленіп жатқанын айтты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Франция ведомствосының басшысы Еуропа одағының АҚШ сенаторларымен келісе және француз ұсыныстарына сүйене отырып, Ресейге қарсы соңғы үш жылдағы ең қатаң санкцияларды енгізуге дайындалып жатқанын әңгіме етті. Ол бұл санкциялар Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға қарсы соғысты жалғастыруға мүмкіндік беретін «ресурстарды тікелей тоқтатуға» бағытталғанын баяндады. Барро энергетика саласын, атап айтқанда, мұнай экспортынан түсетін кірістерді, сондай-ақ «Ресей мен басқа елдердің қаржылық ойыншыларын» еске салып өтті.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның айтуынша, Еуропаның Ресейге қарсы жаңа санкциялары Париждің ұсыныстары негізінде дайындалған. Олар Ресейді соғыс жүргізу үшін қажетті қаражаттан айыруы керек.

«Біз Владимир Путиннің ақырында атысты тоқтатуға келіскенін қалаймыз, өйткені президент (АҚШ Дональд. – ред.) Трамп 30 күндік атысты тоқтатуды (…) ұсынғаннан бері Ресейдің Украинаға соққы беруі бес есеге өскенін көріп отырмыз», – деп келтіреді Барроның сөзін француздың TF1 Info телеарнасы өз сайтында. «Мұны жалғастыруға болмайды, тоқтату керек, – деп атап өтті француз дипломатиясының басшысы Ресейдің Украинаға жасаған жойқын шабуылдарына сілтеме жасай отырып, – олар азаматтық нысандарға зақым келтіріп, бейбіт тұрғындардың өліміне әкеледі».

Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғалы бері Еуропа одағы 17 санкция пакетін қабылдады. Ресей мұнайы бағасының барреліне 60 доллардан 45 долларға дейін төмендеуін және «Солтүстік тасқын» және «Солтүстік тасқын 2» газ құбырларымен транзакцияларға тыйым салуды көздейтін 18-ші пакетті маусым айының соңында бекіту жоспарланған болатын, бірақ Словакияның ұстанымына байланысты қабылданбай, кейінге қалдырылды. Шілдеде АҚШ Сенаты Ресейден мұнай, газ, уран және басқа да ресурстарды сатып алатын барлық елдер үшін АҚШ-пен саудаға 500 пайыз баж салығын ұсынатын Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын қарастырады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button