Мерц Путиннің «біздің Украина» деген сөзіне жедел жауап қайтарды

БРЮССЕЛЬ. 24 маусым. Германия канцлері Фридрих Мерц РФ диктаторы Владимир Путиннің «Украина – біздікі» деген сөзіне қарсылық білдіріп, басқыншы елдің жазасын беруге шақырды. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Брюссельде өтетін НАТО саммитіне келген Фридрих Мерц Ресейдің ешқандай бір бейбітшілік жөнінде келісім жасағалы отырмағанын, оның агрессияны жалғастыра бермек ниетте екенін, сондықтан оған қатысты кезекті санкциялар легін енгізу керектігін мәлімдеді.
Германия федералды канцлері Ресей диктаторының «бүкіл Украина – біздікі» деген сөзіне бірден жауап қайтарып, Ресей Федерациясы жоғары билігінің Украинамен бейбітшілік жөнінде келісім жасасуға мүлде дайын емес екенін алға тартты.
Алман елі үкіметінің басшысы Кремльдің қожайынының бүкіл Украинаны «өзінікі» сияқты етіп көрсете келіп, тәуелсіз мемлекетпен соғысын тоқтатуға ешқандай ықыласы жоқ екенін баян еткеніне назар аударды. Саясаткердің айтуынша, ресми Мәскеу қазір әлем назарының Таяу Шығысқа қарай ауып тұрғанын пайдалана отырып, Украинаға қарсы агрессиясын жалғастырып жатыр, халықаралық құқықтық нормаларды аяққа таптаған ол соғысты тоқтатуға асығар емес.
«Ресей бейбітшілікке дайын емес. Бұдан бірнеше күн алдын РФ президенті Владимир Путин Санкт-Петербургтегі жыл сайынғы экономикалық форумда сөйлеген сөзінде тағы да «орыстар мен украиндар – бір халық» деген сандырағын тағы айтты. Ол сөзбе-сөз: «Бұл бір халық. Бүкіл Украина біздікі» деді. Мұндай жағдайда агрессияға ерік беріп, өз еліңнен бас тарту – бейбітшілікке апаратын жол емес. Бұл біз қалап отырған бейбітшілік емес. Бұл Украинаның қалап отырған бейбітшілігі де емес», – деп атап өтті Мерц.
Канцлер РФ-ның әрекеттеріне жауап ретінде оған жаңа экономикалық санкциялар салынуы, НАТО мен Германияның өзінің қорғаныс әлеуеті күшейтілуі тиіс екенін баяндады.






