Аустралия Трамптың Путин жөнінде көзін ашуға құмбыл болып отыр

КАНБЕРРА. 20 ақпан. Аустралия қорғаныс министрі Ричард Марлес АҚШ президенті Дональд Трамптың көзін ашуға құштарлық танытты. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Аустралия министрі Ресей президенті Владимир Путинді «кісі өлтіруші қанқұйлы диктатор» деп атады.
«Тіпті АҚШ-тың одақтасы Аустралияда да Трампқа шын мәнінде кімнің кімге шабуыл жасағанын және кімнің агрессор екенін түсіндіруге тырысып бағуда», – деп жазады украин ресурсы.
АҚШ-тың қауіпсіздік жөніндегі одақтасы Аустралия бұл соғыста Ресейдің агрессор болып табылатынын айта келіп, «жанжалды Украина ұсынып отырған шарттардың негізінде тоқтату керек» деген тұжырым айтты.
Reuters агенттігінің жазуынша, Аустралияның қорғаныс министрі Ричард Марлес соғыстың орасан зор адам шығынына алып келгенін, сондықтан оның ешқандай да бейбіт келісіммен аяқталмауға тиіс екенін, оны ұйымдастырғандарды қатаң жазаға тартпай болмайтынын мәлімдеген. «Соғыстың түйіні Украинаның шарттарымен шешілуі керек, өйткені мұнда Ресей агрессор болып табылады, ал картаға әлем тәртібінің кең ауқымды ережелеріне негізделген тұтастық мәселесі қойылып тұр», – деді Марлес.
«Біз бұл қырғынды тоқтату үшін жасалатын әрекеттерді құптаймыз, бірақ оның әлдеқандай бір түсініксіз шарттарға сай жасалуы мүмкін емес, ол тек Украина ұсынатын шарттардың негізінде құрылуы тиіс, біз бұл істе Украинаны қолдауды жалғастырамыз», – деді ол.
Басылым Аустралия АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды одақтасы екенін, олар Қытайдың өсіп келе жатқан әскери қуатына алаңдайтынын атап өтті.
Аустралияның консервативті оппозициясы да Трамптың Украинаға қатысты ұстанымын сынға алды. Ресей Украинаға басып кірген кезде қорғаныс министрі болған оппозициялық Либералдық партияның жетекшісі Питер Даттон «Президент Трамп қателесіп отыр» деді.